09 Тамыз, 2013

«Ақтөбе» финалдық раундқа шықты

274 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Футбол-Актобе-1

Ақтөбенің «Ақтөбе» клубы Исландияның «Брейдаблик» командасын ойыннан кейінгі пенальтиде ұтып, Еуропа лигасының финалдық раундына шықты.

Матч исланд елінің астанасы – Рейкьявиктегі «Лейгардальсведлюр» стадионында өтті. Кездесудің 27-минутында алаң иелері есеп ашты. Оны команда капитаны Финнур Маргейрссон салды. Сөйтіп, исландтар Ақтөбеде өткен бірінші ойынның қарымтасын қайтарды. Бұдан кейін есепті өзгертуге екі жақтың да біраз мүмкіндіктері болды. Сонда да болса алаң иелерінің шабуылдары барынша қауіпті болып жатты. Солардың бәрін қайтарып, қақпаға доп дарытпаған ақтөбелік қақпашы Андрей Сидельников ерекше көзге түсті. Соның арқасында 1:0 деген есеп матчтың соңына дейін сақталды.

Бұдан кейін қарсыластар 15 минуттық екі кезеңнен тұратын қосымша тайм ойнап, онда жеңімпазды анықтай алмады. Ал ойыннан кейінгі пенальтиде ақтөбеліктер мергендік танытты. Есеп – 2:1. Мұнда Тимур Кападзенің соққан соңғы добы қазақстандықтарды келесі кезеңге шығарды.

Еске сала кетейік, мұның алдында Ақтөбеде өткен бірінші кездесуде алаң иелері 1:0 есебімен жеңіскен жеткен еді. Онда кездесудің ең соңғы минутында пенальтиден гол соққан Марат Хайруллин өз командасына жеңіс әперген болатын.

Осымен біздің екінші команда Еуропаның клубтық футбол турнирінің финалдық кезеңіне жолдама алып отыр.

Дамир Қожамқұл.