Экология • 11 Ақпан, 2020

Теміртаудың тынысы тарылып тұр

1032 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Теміртаудың бағын ашқан Қазақстан магниткасы еді. Енді «АрселорМиттал Теміртау» болып атауын өзгерткен бұл кәсіп­орын металлургтер мекендеген қаланың сорына айналғандай. Әл­бетте алпауыт кәсіпорынның ша­һарды асырап отырғанын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ мәселе әбден ушыққан эколо­гиялық ахуалға келіп тірелгенде, тіл күрмеледі...

Теміртаудың тынысы тарылып тұр

Экология – екінші орында

Қалада жобамен алғанда жылына 283 831 тонна зиянды қалдықтар ауаға таралса, соның 80 пайызға жуығы шетелдіктер басқарып отырған осы металлургиялық комбинаттың еншісіне тиесілі екен. Сонда, эколог мамандар келтірген деректерге сенер болсақ, бір жыл ішінде Теміртаудың әрбір тұрғынының төбесіне 1,7 тонна  зиянды шығарындылар «төгілетін» көрінеді.

Қазір жұрт алпауыт кәсіпорын басшыларының сөзіне сенбейтін болды. Неге десеңіз, «АрселорМиттал Теміртау» тарапынан экологиялық жағдайды жақсарту бағытында жүргізіп жатқан жұмыстардың жемісін қала тұрғындары көре алмай отыр. Бұған айғақ ретінде Теміртауда, басқасын есепке алмағанның өзінде, бүгін жауған қардың ертеңінде қап-қара болып жататынын айтса да жеткілікті.

Негізі, бұл бүгін ғана беті ашылып отырған проблема емес. Кеңес заманында да маңдайының соры бес елі Теміртау  түтінге тұншығып жататын. Ол кезде де улы қалдықтардың тозаңы аппақ қарды заматында қара күйеге бояу­шы еді. Ал металлургтер қаласындағы тұрғындардың облыс бойынша салыстырып қарағанда, онкологиялық ауруханаға жиі жүгінетіндердің алдын бермей келе жатқаны да баяғыдан белгілі жайт.

Қарағандылық тәуелсіз эколог Дмитрий Калмыков жағдайды түзеу үшін қоғамдық бақылау қажеттігін айтады. Яғни, ағымдағы зиянды шығарындыларға онлайн-мониторинг жүргізіп, санитарлық-қорғау аймағы мен комбинат мұржаларына хабаршы құрылғыларын қою керек дейді.

 – Мәселен, – дейді ол, – жел жоқта кәсіпорын жұмыс қуатын бәсеңдетуі тиіс. Өкінішке қарай, елімізде осындай арнайы режімге ешкім көңіл бөліп жатқан жоқ.

Эколог Калмыков келтірген дерекке сенер болсақ, әлемде ArcelorMittal компаниясына қарасты зауыттар бір жылда 55 мың тонна зиянды қалдықтарды  ауаға шығарады екен. Ал осының 26 мың тоннаға дейінгі мөлшері Теміртауға тиесілі көрінеді. Қаланың басына төнген қатердің қандайлығын осыдан-ақ сезе беруге болады.

Тәуелсіз экологтар, қоғам белсенділе­рі мен қала тұрғындары ауа былғаушы ком­паниялар төлеген экологиялық төлем­дер мен айыппұлдар облыстың бюд­жетіне емес, тікелей Теміртаудың эко­логиялық проблемаларын шешуге жұм­салуы тиіс деп санайды.

Теміртауды тек қана металлургиялық комбинат түтінге тұншықтырып жатыр десек, мұнымыз қате болар еді. Экологиялық ахуалдың нашарлауына отын ретінде Екібастұздың күлі көп көмірін жағатын жергілікті ГРЭС стансасы да сүбелі үлес қосады.  Қала­дағы өндірістік кәсіпорындар мен тұр­ғындардың біраз бөлігін жылумен қам­тамасыз ететін бұл кәсіпорыннан Темір­тау электр-металлургиялық комбинаты да қалыспайды. Осы өндіріс ошақтарының барлығы да қалаға тым жақын орналасқан. Ал ең сорақысы сол, бұл кәсіпорындар алдымен пайданы ғана ойлап, экология мәселесін екінші орынға ысырып қойған.

 Әкімнің ашуын келтірді

Жуырда ғана өткен қала әкімінің есеп беру жиынында Теміртаудың тұр­ғын­дары шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің  алдын­да экологиялық ахуалдың асқынып кет­кенін ашына айтып, дабыл қақты.  Өңір басшысы қалыптасқан жағдаймен таныс екенін айта келіп, бұл мәселені шешу жо­лында табандылық танытатынын мә­лімдеген.

– Меніңше, Теміртау экологиясына байланысты мәселелердің басым бөлігін біз «АрселорМиттал Теміртау» жоспарында көзделгендей 2024 жылға дейін созбай, ертерек шеше аламыз деп ойлаймын. Бүгін есеп беру кездесуінің алдында, мен қаланы арнайы аралап шықтым, ластанған қарды өз көзіммен көрдім. Мен де сіздер сияқты бұған ашулымын, – деген ол.

Иә, рас, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының 2024-2025 жылдарға дейінгі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жоспары бар. Бұл бағытта кәсіпорын қол қусырып қарап отыр деп айтуға тағы болмас. Қаражат бөліп, қондырғыларын жаңартып жатқандай тірлігі бар, жыл сайын теңгеге шаққанда миллиондап айыппұл да төлеп жүр. Бірақ алып комбинаттың мұржалары жеті басты айдаһар сияқты, бір басын қағып тастаса да, қалғанынан келер қауіп-қатер  тіпті де бәсеңдемейді.

Былтыр Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қала экологиясын сауықтыру бағытында меморандумға қол қойған еді. Келісім бойынша, алпауыт кәсіпорын 2024 жылға дейін металлургтер шаһарында 500 мың тал егіп, ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың көлемін 30%-ға азайтуы тиіс болатын. Әлбетте, жасыл желектің ауаны тазартатыны рас. Бірақ алып мұржалардан күні-түні будақтап жатқан улы түтінді ауыздықтаудың қа­зір­гі заманға сай технологиялық тәсі­лі мен тетігін таппайынша және оны өн­дірісте жаппай қолданбайынша, эко­­ло­гиялық тажалдың уыты ағашты мил­лион­дап ексе де қайтпайтыны бесенеден бел­гілі жайт.

Мысалы, «Қазақмыс» корпорациясы» компаниясы Жезқазған мен Теміртау қаласында күкірт-қышқыл цехын салып, ол қазір жұмыс істеп жатқанында, 2020-2021 жылдары ауаға жайылатын зиянды қалдықтар көлемін 60 мың тоннаға дейін төмендетуге болушы еді. Міне, мәселені шешкенде бірден мүйізінен алып, осылайша шешкен әлдеқайда дұрыс-ау.

Қалай дегенмен де, бір шындықтың беті ашық: өңір басшысы қаншалықты табандылық танытқанымен, күр­делі мәселенің шиеленіскен түйіні респу­б­ликалық деңгейде шешімін таппаса, «Баяғы жартас – бір жартас» күйінде қала беретін түрі бар.

Украиндықтар уысынан шығармайды

Осы жерде мына бір ақпаратты айналып өте алмадық. Украинаның Кривой Рог қаласындағы ArcelorMittal компаниясының дәл Теміртаудағыдай кәсіп­орнында кең ауқымда жаңғырту жұмыстары қолға алына бастапты. Ал­пауыт компания алдағы бес жылдың ішін­де бұл бағыттағы жобаларға 1,8 млрд доллар жұмсамақ. Мамандардың есе­бінше, мұның өзі ауаға жайылған зиянды шығарындылардың мөлшерін 50-55%-ға кемітеді екен.

Осының бәрі Украина бас­шы­лығының «АрселорМиттал Кривой Рог» компаниясына арнайы барып, кә­сіпорын басшыларынан жағдайды оңалтуды қатаң түрде талап еткенінің арқасында мүмкін болғанын айтпасқа тағы болмайды.

Жалпы, Теміртаудағы жағдай облыс­тағы Жезқазған, Балқаш және Сәтбаев сияқты өндірісті қалалардың да басында бар. Экологтардың мәліметіне сенсек, бұл қалалардағы ауаға жайылған зиян­ды қалдықтардың 80 пайыздан астамы «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» корпорациясы» компанияларына тиесілі екен.

Әйтеуір, көңілге демеу, дәтке қуат беретін бір жағымды жаңалық – қазір­гі таңда Энергетика министрлігі, Қара­ғанды облысының атқарушы билігі және  «АрселорМиттал Теміртау» ком­­­паниясының  әкімшілігі комбинатты табиғи газға көшіру мүмкіндігін қа­растырып жатқан көрінеді. Бұл әрине, түтінге тұншыққан Теміртаудың эко­логиялық проблемасын түбегейлі шешуге мүмкіндік берер еді.

Әйтсе де, Теміртаудың улы газ жұ­­тып, күйелеш қар кешіп жүрген тұр­ғындарының шыдамы өзінің шарық­тау ше­гіне жеткен сыңайлы. Бұл масштабты мәсе­лені кешенді түрде шешуге жоғары жақ мүдделілік танытпаса, ты­нысы әбден тарылған Теміртаудың халі күннен-күнге мүшкіл тарта берері айдан анық.

P.S. Елбасы Қарағандыға келген кейінгі сапарларының бірінде «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының сол кездегі басшылығын экологиялық және әлеуметтік мәселелерге жете көңіл бөлмегені үшін қатты сынға алған болатын. Сонымен қатар Тұңғыш Президент кемшіліктерді жою бағытында бірқатар нақты тапсырма беріп, жағдайды тікелей өзінің бақылауына алатынын да мәлімдеген еді. Осының өзі-ақ біздің қазіргі биліктің қолына карт-бланш беріп отырған жоқ па?! Яғни, Теміртау тұрғындарының ғана емес, тұтастай өңір халқының басына төнген экологиялық апатпен күресте облыс басшысы Жеңіс Қасымбекті жалғыз қалдырмай, Үкімет те бұл майданға білек сыбана кіріссе дейсің.

Қарағанды облысы