09 Тамыз, 2013

17 млн теңгенің мұнайын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нефтяные трубы-1

Қазақстанда 17 млн. теңгенің мұнайын ұрлаған қылмыстық топ ұсталды. Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихаты барысында Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбаев мәлімдеді.

«Мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы да қылмыстық топтардың баю көздерінің бірі болып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысында мұнайды құбыр арқылы ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың 10 мүшесі қамауда сот үкімін күтіп отыр. Олардың ішінде құбырларды күзетуге міндетті «SEMSER Securiti» күзет агенттігі» ЖШС директоры Н.Молтаев та бар», - деді М.Жұманбаев.

Қылмыстық істің материалдары бойынша аталмыш топ мүшелері 2012 жылдың шілде-желтоқсан аралығында 17 млн. теңгеден астам сомаға 4000 тонна көлемінде шикі мұнайды сату мақсатында жасырын түрде ұрлаған. Олар мұнайды «Құмкөл – Павлодар –Шымкент» құбыры арқылы ұрлап, тасымалдап сақтаған.

Сонымен қатар, Қаржы полициясы агенттігі мен Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары департаменттерінің қызметкерлері көлемді операция нәтижесінде 2012-2013 жылдары мұнайдың заңсыз айналымы саласында қызмет еткен қылмыстық топты әшкерелеген.

«Қазақстанның 6 азаматы мен Молдова Республикасының 2 азаматынан тұратын топ Ақтөбе облысында кен орындарынан жалпы көлемі 739 тонна мұнай ұрлаған», - деп тоқталды Жұманбаев.

Оның айтуынша, ұрланған мұнайдың 365 тонна бөлігі пеш жанар-жағар май түрінде алыс шет елдерге экспортқа шығарылған. Қалған 2-ші бөлігі, яғни 373 тонна мұнайды жіберу кезінде қылмыстық топтың барлық мүшелері ұсталды. Олар сот санкциясымен қамауға алынған.

«Қылмыстық топтың басшысы Камалутдинов және оның сыбайласы «Bimol Oil» ЖШС директоры Изимов қамауға дейін қаржы полициясы қызметкерлеріне пара беру арқылы осы қылмыстық топтың қызметін тексеруді тоқтатуға әрекет жасаған. Бұл фактілер бекітіліп, олар бойынша қылмыстық істер қозғалды. Тексерісті тоқтату және осы топқа әрі қарай қамқорлық жасау үшін 755 мың теңге сомасында Атырау облысының қаржы полициясы қызметкерлеріне, оған қоса 630 мың теңге сомасында Ақтөбе облысының қаржы полициясы қызметкерлеріне пара беру фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», - деп түсіндіріп өтті ресми өкіл.

Құрыш Нұрымбет.