Бюджетке қымқырылған 10,4 млрд теңге қайтарылды
Алқалы жиында сөз бастаған Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева Палата мақұлдайтын заң жобаларының ішіндегі ең маңызды әрі күрделісі республикалық бюджет туралы заң екенін атап өтті.
– Мемлекеттік аудитті енгізу – мемлекет қаражатын бақылауды жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі. Бес институттық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 93-қадамында аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу көзделген. Қазір осы міндеттерді орындау бойынша бірқатар нақты шара қабылданып жатыр. Соның ішінде тиісті заңнама жетілдіріліп, әдіснамалық база әзірленді, мемлекеттік аудиторларға сертификаттау жүргізілді. Нәтижесінде 2019 жылы мемлекеттік аудиторлар анықтаған қаржылық бұзушылық көлемі 4 есе азайды. Нақтырақ айтсақ, 2015 жылы мұндай бұзушылық көлемі 1,9 трлн теңгені құраса, 2019 жылы ол 478 млрд теңгеге дейін төмендеген. Қаржылық бұзушылықтарды жойып, қымқырылған қаражатты бюджетке қайтару бойынша да оң динамика байқалуда. Өткен жылы бюджетке 10,4 млрд теңге қайтарылды, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 10 есеге дейін өсті, – деді вице-спикер.
Оның айтуынша, бұл оң көрсеткіштермен қоса салада әлі де болса шешімін таппаған проблемалар бар екен. Мысалы, мемлекеттік органдар бөлінген қаражатты есепті жылдың соңына дейін формалды түрде игеріп қалуға ұмтылуын тоқтатар емес. Бұл бюджетті атқаруда сапалы нәтиже көрсетуге айтарлықтай кедергі келтіреді. Оның үстіне мемлекеттік органдарда салынған қаражаттың жоспарланған нәтижелерге қол жеткізудегі тиімділігін бағалау әдістемесі жоқ. Бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің өлшемшарттары да нақтылауды талап етеді.
– Бүгінгі Үкімет сағатында қабылданған шаралардың қаржылық бұзушылық фактілерін болғызбау және азайту, бюджет қаражатын пайдалану қаншалықты тиімді болғанын, аудит пен қаржылық бақылау сапасын арттыру үшін одан әрі қандай шаралар қабылдау қажет екенін талқылаймыз. Біз бұл мәселені 2016 жылы Nur Otan партиясының Парламент Мәжілісіндегі Фракциясының жиналысында, сондай-ақ 2017 жылы өткен Үкімет сағатында арнайы талқылап, тиісті ұсыныстар берген едік. Бүгінгі тақырып аясында осы ұсыныстардың орындалу нәтижесі де қаралады, – деді Гүлмира Исимбаева.
Электронды аудит жемқорлықтың алдын алады
Одан әрі күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың барысы жөнінде Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов депутаттар алдында кеңінен айтып берді.
– 2015 жылы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» негізгі Заңның қабылдануы Қазақстанда мемлекеттік аудит жүйесін құруға бастама болды. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының сертификатталған қызметкерлері 2017 жылдан бастап мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қабылдаған жаңа стандарттар бойынша мемлекеттік аудитті толыққанды іске асыруға кірісті. Депутаттық корпуспен бірлескен күш-жігердің арқасында 2018 жылы заңнамалық база жетілдірілді және мемлекеттік аудиттің одан әрі дамуына түрткі болды. Түзетулер пакеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы механизмдерді күшейтуге, мемлекеттік аудиторлардың кадрлық әлеуетін арттыруға және электронды аудитке көшуге мүмкіндік берді, – деді министр.
Жауапты орган басшысының айтуынша, мемлекеттік аудитті енгізу және оның нәтижелері бойынша 4 жыл ішінде Ұлттық комиссия 1,5 мыңнан астам мемлекеттік аудиторды сертификаттаудан өткізген. Сонымен қатар барлық мемлекеттік және атқарушы органдарда 54 ішкі аудит қызметтері құрылып, мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңестердің 79 отырысы өткен. Ал қашықтан тексеру әдістерін енгізу және дамыту аудит объектілерінің құқықтық сауаттылығын арттырып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтқан. Сатып алуда анықталған бұзушылықтардың көрсеткіші 19%-дан 2%-ға дейін кеміген.
– Былтыр Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 245 млрд теңге сомасында қаржылық бұзушылық жағдайын анықтап, бұл көрсеткіш қаржылық бұзушылықтар жалпы сомасының 39%-ын құрады. Жүргізілген талдау нәтижесі бойынша қаржылық бұзушылықтардың негізгі көлемі бухгалтерлік есептілікті жүргізу тәртібіне (77%), жоспарлау мен басқа да шығыстарды пайдалану кезінде бюджеттік қаржыны асыра көрсетуге (12%), квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерін басқаруға (4%) байланысты болып тұр. Аталған мәселелерді мемлекеттік сатып алуларда жүргізілген жұмысқа ұқсас барлық негізгі процесті автоматтандыру арқылы жүйелі шешуге болатынына көз жеткіздік. Уәкілетті органның қызметін мемлекеттік аудитке көшіру арқылы Тәуекелдерді басқару жүйесін қолдана отырып, алдын алу аудитін дамыту көзделді. Бұл тұрғыда жоспарлы тексерулер 6,5 есеге азайды және аудиторлардың аудит объектілерін аралау мерзімі қысқартылды, – деді Әлихан Смайылов.
Қаржы министрі биыл алғаш рет республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілігіне аудит жүргізетінін хабарлады. Сонымен қатар ол саладағы проблемалар туралы сөз қозғап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тоқталды. Оның айтуынша, 2017-2019 жылдар аралығында 16 аудитор мен көмекші бөлімшенің бір қызметкері ұсталып, сотталған. Аудиторлардың жемқорлыққа шатылуына тексеретін нысандармен тікелей байланысуы ықпал етеді. Бүгінде аудиттің 44%-ы онлайн түрде жүргізіліп жатыр.
Аудиторлық қызметті аутсорсингке беруге асықпау керек
Парламент Мәжілісі Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Гүлжан Қарағұсова бүгінде мемлекеттік органдардың, әсіресе жергілікті атқарушы билік органдарының басшыларының өзі Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңес сияқты құралдарды пайдалануға қызығушылық танытпайтынын атап өтті. Сондай-ақ ол 2017 жылы Үкімет сағатында айтылған депутаттардың ұсынымдарына сәйкес Қаржы министрлігі ішкі аудит қызметінің тиімділігін бағалау әдістемесін нақты критерийлермен әзірлегенін, мемлекеттік органдарды бағалау әдістемесін пысықтағанын, осы бағыттағы жұмысты жалғастырудың маңыздылығына назар аударғанын мәлімдеді.
– Қаржы министрлігінің құқық қорғау органдарының бастамасымен тексерістерді аудиторлық ұйымдарға аутсорсингке беру туралы ұсынысын қарастыруға әлі ерте. Халықтың шағымдары мен өтініштеріне жауап беру және сол бойынша тексеруге шығу – бұл мемлекеттің тікелей міндеті. Бұл қызметті аутсорсингке берудің 2007 жылдан бергі халықаралық тәжірибесі бойынша аутсорсингте белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар екенін көрсетеді, – дейді Гүлжан Қарағұсова.
Бұған қоса депутат республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы мен жоспарлануында ашықтықты арттырудың маңыздылығына мән берді.
Талқылау барысында Мәжіліс депутаттары Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайыловқа және Есеп комитетінің өкілі Константин Плотниковқа сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.
Солардың қатарында депутат Жексенбай Дүйсебаев квазимемлекеттік сектордағы бірқатар ірі компанияның қызметіне көңілі толмайтынын жеткізіп, мемлекеттік холдингтер, ұлттық компаниялардың тиімділігіне жүргізілген талдаудың қорытындысын сұрады. Оның айтуынша, бюджет қаражатының миллиардтаған теңгесі тиімсіз пайдаланылады, уақытылы жұмсалмайды, кейде арнайы шоттарда мүлдем пайдаланылмай жатады. Мысалы, «ҚазАгро» холдингіне соңғы төрт жыл ішінде республикалық бюджеттен шамамен 473 млрд теңге бөлінген. 2016 жылы холдинг шығындары 92,3 млрд теңгені, 2018 жылы 126 млрд теңгені құрады. Осы жылдары олар мемлекетке бір теңге де дивиденд төлемеген екен.
Бұл сұраққа жауап берген Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті жұмыс тобы құрылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ұлттық холдингтер бойынша «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» және «ҚазАгро» жұмыстарына талдау жүргізілді. Аталған холдингтердің кейбір инвестициялық жобалары тиімсіз, сондай-ақ борыштық міндеттемелерінің өсуі байқалады. Біріншіден, мемлекеттік холдингтердің стратегиялық жоспарлау жұмыстарын жетілдіру керек және олардың көрсеткіштерін мемлекеттік жоспарлау жүйесінің көрсеткіштеріне сәйкестендіруіміз қажет. Екіншіден, олардың сатып алуларын бірыңғай заңмен қамтамасыз етуіміз керек.
– Қазір бірыңғай сатып алу заңнамасы бойынша жоба әзірлеп жатырмыз. Осы бағытта бірқатар ұсыныс былтыр желтоқсан айында Президент Әкімшілігіне енгізілді. «ҚазАгро» холдингіне арнайы тоқталсақ, былтыр бұл холдингке оңтайландыру бойынша маңызды тапсырмалар берілді. Нәтижесінде, қазір штат саны қысқарғанын көріп отырмыз. Биыл тағы да «ҚазАгроның» шығындары 2 млрд теңгеге азаяды. Жалпы, шығындар 15 есе азайып, биыл олар таза табысқа шығады. Саланы қаржыландыру 77 млрд теңгеге, яғни 400 млрд теңгеден 477 млрд теңгеге ұлғайды. Енді бұл – алғашқы нәтижелер, – дейді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.
Үкімет сағатында талқыланған мәселелер бойынша депутаттар тиісті ұсынымдар қабылдады.