Аймақтар • 11 Ақпан, 2020

Жамбылда жағдай бақылауда, мәселелер реттелуде

243 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Қордай ауданында орын алған қақты­ғыс­қа байланысты Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter-дегі парақ­шасында «Мемлекеттік орган­дар қызмет­кер­лерінің салғырттығы салдарынан арандатушылар қантөгіс жасады. Олар жазала­нады. Мемлекет зардап шеккендерге қолдау көрсетеді. Бейбіт­шілік пен келісім біздің басты бай­лы­ғымыз, оны бұзуға ешкімнің құ­қығы жоқ», деп жазған болатын.

Жамбылда жағдай бақылауда, мәселелер реттелуде

 Бірқатар шенеунік жазаланды

Осы орайда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке (А.Мыр­зах­метов кеше кешкілік өз өтінішіне орай Президент Жарлығымен қызметінен босады) Жамбыл облысы, Қордай ауданында кісі өліміне, тұрғын үйлердің қирап, азаматтардың дүние-мүліктерінің бүлінуіне әкеліп соқ­тырған оқиғаға байланысты Жамбыл облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Сұлушаш Құрманбекованы және Қордай ауданының әкімі Болатбек Байтөлені жұмыстарына салғырт қарағаны үшін қызметінен босатуды тапсырды. Со­нымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Арман Оразалиевті және Қордай аудандық полиция бөлімінің бастығы Азамат Айқымбековті қызме­тінен босатуды тапсырды.

Қайтыс болғандардың отбасыларына барды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың тапсырмасымен құрылған Үкімет комиссиясының төрағасы Бердібек Сапарбаев Қордай ауданындағы қақтығыс кезінде қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барды. Бердібек Мәшбекұлы өз сөзінде отбасы мүшелеріне қауіпсіздіктің қамтамасыз етілгенін, мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетілетінін баса айтты. Ал қаза тапқандардың туған-туыстары мен жергілікті тұрғындар кінәлілердің жазаға тартылуын сұрады.

Үкіметтік комиссия Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына да барды. Премьер-Министрдің орынбасары, Комиссия төрағасы Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов ел басшылығының атынан мар­құм­ның туған-туыстары мен жақын­дарына көңіл айтып, қолдау білдірді. «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан біз шын қайғырып көңіл айтамыз. Берік болыңыздар. Отбасы үшін осы қиын күндерде берік болу керек. Біз кінәлілерді анықтаймыз, олар заң бойынша жазаланады», деді Бердібек Сапарбаев. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы қаза тап­қан азаматтың отбасына мемлекет­тік қолдау көрсетілетінін, барлық қажетті көмектің берілетінін жет­кізді. Бұл ретте облыс әкімі Асқар Мыр­захметов те марқұмның туыстарына қайғыларына ортақ екендігін жеткізіп, көңіл айтты. Сондай-ақ отбасы үшін қиын күндерде берік болу керектігін, кінәлілер анықталып, заң бойынша жазаланатындығын мә­лімдеді. Асқар Исабекұлы қаза тапқан азаматтың отбасына мемлекеттік қол­дау көрсетілетінін, барлық қажетті көмектің берілетінін де атап өтті. Бер­дібек Сапарбаев пен Асқар Мырзах­метов қайтыс болғандардың жерлеу рә­сіміне де қатысып, ауыл тұрғын­дарымен кездесті.

 Сортөбе ауылында брифинг өтті

Кеше Қордай ауданы, Сортөбе ауылында апта соңында орын алған қақ­тығысқа байланысты брифинг өтті. Жиынға Қазақстан Республи­касы Премьер-Министрінің орынба­сары, Үкіметтік комиссияның төр­ағасы Бердібек Сапарбаев пен Жам­­был облысының әкімі Асқар Мыр­зах­­метов қатысып, бұқаралық ақпа­рат құ­ралдарының өкілдеріне қақ­ты­ғыс зардаптарын жою бойынша атқары­лып жатқан жұмыстар туралы мә­лімет берді. Сонымен қатар бүгінгі күнге дейінгі белгілі болған барлық мәліметті баяндап, олардың сауалдарына жауап берді.

Бердібек Сапарбаев қазіргі таңда Қордай ауданының Қаракемер, Ма­санчи, Сортөбе, Қарасу және Ауқат­ты ауылдарының барлық кіріс-шығыс­ы­на блок-посттар қойылып, ауыл кө­шелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарының жүргізіліп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар Бердібек Мәшбекұлы соңғы тәулік ішінде Қордай, Қарасу, Ауқатты және Сортөбе шекара бақылап-өткізу бекеттерінен 4454 адамның еліміздің аумағына қайта оралғандығын мәлімдеді.

Ал Жамбыл облысының әкімі Асқар Мыр­захметов қақтығыс салдары­нан 36 тұрғын үй мен 11 коммер­­циялық нысан және 44 автокөлік­­тің өртенгендігін айтты. Өз сөзінде әкім алдын ала есептеулер бойынша кел­­тіріл­ген залал көлемі анықталып жат­қан­дығына да назар аударды. Асқар Мыр­захметовтің айтуынша, аталған барлық ауылда зардап шеккен азаматтармен жұмыс жасау мақсатында арнайы топтар құрылған. Сонымен қатар облыста мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы ұйымдастырылған. Аталған қызметтер арқылы өткен тәуліктің ішінде 22 азаматқа жеке куәлік, 17 азаматқа туу туралы куәлік берілген. Тағы бір айта ке­терлігі, бүгінгі таңда көше бойын­дағы өртенген автокөліктер мен түр­лі қоқыстарды тазалау жұмыстары толығымен аяқталып, оған 30 техника мен 125 адам жұмылдырылған. Қақтығыс орын алған күні Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментімен бірге 80 адам күші мен 19 техника ұйымдастырылған. Ал өңірдегі жағдайды тұрақтандыру және бақылауға алу үшін құқық қорғау органдарының 1968 қызметкері, 130-ға жуық әскери техника тартылған. Бүгінгі таңда ауылдардағы барлық әлеуметтік нысан, сауда орны мен дәрі­хана қалыпты жұмыс атқаруда. Жал­пы алғанда, бүгінде Жамбыл облысында жағдай тұрақты.

Айта кетейік, өткен аптаның жұма күні Қордай ауданында жаппай төбелес орын алған болатын. Аудандағы Қаракемер, Масанчи. Бұлар батыр ауылдарында болған қақтығыс салдарынан 176 адам ауруханаға жүгініп, 41 адам ауруханаға жатқызылған. Өкінішке қарай, 10 адам қайтыс болған. Зардап шеккен азаматтарға барлығы 39 дәрігер көмек көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қайтыс болғандардың отбасыларына көңіл айту, оларға көмек беру мәселелері ұйымдастырылды. 

 Ақсақалдар кеңесін құруды ұсынды

Қордай ауданында орын алған қақтығыстың көпке сабақ болғаны белгілі. Жұмысына салғырт қараған шенеуніктер жазаланып, қызметінен кетті. Ал оқиға салдарынан қайтыс болған азаматтардың отбасыларына мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар көрсетілуде. Бүгінде жағдай тұрақты бақылауда. Енді мұндай қантөгісті болдырмау үшін, тәртіпсіздікке жол бермеу үшін не істеу керек? Бұл ретте Асқар Мыр­захметов Қордай ауданындағы орын алған оқиғаға байланысты бес ауыл­дың ақсақалдары мен жергілікті зия­лы қауым өкілдерінің басын бірік­ті­ретін кеңес құруды ұсынды. Жергі­лікті тұрғындар бұл ұсынысты қол­дап, аталған кеңес көптеген түйінді мәсе­ле­нің шешілуіне, алдағы уақыттарда да мұндай жағдайдың қайталанбауына септігін тигізетінін айтып, сенім біл­діруде.

Жалпы оқиға болғалы бері 2000-нан астам тұрғынмен кездесу ұйым­дастырылған. Азаматтардың дені бұл ұсынысты қолдап отыр.

Бет қатталып жатқанда: Кеше кешкісін Президент Қ.Тоқаевтың Жар­лы­ғымен Жамбыл облысының әкімі лауазымына Бердібек Сапарбаев тағайындалды. Асқар Мырзахметов өз өтінішіне орай Мемлекет басшысының Жарлығымен қызметінен босатылды.

 

Жамбыл облысы