09 Тамыз, 2013

Білім гранты тізімі «Егемен Қазақстанда» жарияланады (Бесінші қосымша қосылды)

9442 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тестирование-4

 

Биыл тест сынағын тапсырғандарға берілетін мемлекеттік білім гранттарын бөлу мәселесін қараған республикалық комиссия өз жұмысын жақында қорытындылап, грант иелерін анықтады.

Еліміздің барлық өңіріндегі жұртшылық асыға күтіп отырған білім беру гранттары иелерінің тізімі газетіміздің 13 тамыз, сейсенбі күнгі нөмірінде жарияланады.

 

Қосымша дерек. Оқырмандардың көптен-көп сұрауына орай тағы да қайталап айтамыз: тізім газеттің сейсенбі күнгі нөмірінің қосымша беттерінде жарияланады. Сонымен бір мезгілде, сол күні таңертең ертемен ол газеттің сайтынан да орын алады. Сондықтан қағаз-газет қолдарыңызға тигенше, тізімді сайттағы электронды варианты бойынша көрулеріңізге болады.

Бұған тағы бір қосарымыз, елді мекендерге пошта арқылы тек қағаз жүзіндегі басылым ғана жеткізіледі. Басқа ештеңе жіберілмейді.

Ал тізімнің қазақ тіліндегі нұсқасы «Егемен Қазақстанда» ғана жарияланады.

 

Тағы да оқырман сұрауына орай. Білім грантының тізімін «Егемен Қазақстан» газетінің қазір өздеріңіз қарап отырған сайты (www.egemen.kz) арқылы ғана көре аласыздар. Ал жоғарыдағы мәтіндегі «комиссия өз жұмысын жақында қорытындылап, грант иелерін анықтады» деген жолдарға келсек, ол - комиссия жұмысын аяқтаған бойда тізімді газетке жариялауға беруге болады деген сөз емес. Ұзын-ырғасыгазеттің 30 шақты бетін алатын бірнеше тізімнің басын біріктіріп, бір ізге салып, оны газеттік нұсқа бойынша беттеп шығу үшін де бірнеше күн уақыт керек.

 

Тағы. Сонымен, сабыр сақтап, сейсенбі күннің таңын күтейік.

Кешелі бері қатты тағатсызданып, сайтты қайта-қайта қарап жүрген еңбектеріңіз жанып, жолдарыңыз болсын.

Сондықтан енді «Тізім қашан жарияланады, қайдан көреміз?» деген сұрақтарды қоя бермеуді өтінеміз. Бұлардың бәрінің жауаптары тайға таңба басқандай анық жауабы жоғарыда жазылды. Соны зер салып, ықылас қойып, мұқият оқысаңыздар, жетіп жатыр. Сол себепті мұндай мазмұндағы «комменттеріңіздің» бірде-бірі газетте жарияланбайды және оларға жауап берілмейді.

 

Оқырмандарға айтарымыз

10 тамыз. 19 сағат 45 минут. Сіздердің тараптарыңыздан келіп түсіп жатқан сұрақтарда есеп жоқ. Олардың бәрін сайтқа орналастыру мүмкін емес. Ал комменттердің басым бөлігі әлі де тізімнің қай күні шығатынын және олардың қандай сайттарда жарияланатынын білуге арналып жатыр. Біз бұл сауалдардың бәріне жоғарыда жауап беріп қойғанбыз. Соны мұқият оқып шығыңыздар. Сондықтан оны енді қайталамаймыз. Осы мазмұндас сұрақтарды да енді оқып әуре болып жатпаймыз, бірден жойып жібереміз.

Хат жолдаушылар арасында редакцияның дайын тізімді неге жариялай салмайтынын сұрайтындар да көп. Бұған да әлгінде жауап бергенбіз. Тағы қайталап айтамыз: қағаз жүзінде бірнеше бөлек болып келген тізімді бір арнаға түсіріп, оны газет версткасы (беттелуі) түрінде дайындау демде орындала салатын оңай шаруа емес. Және ол бір ғана редакция қызметкерлерінің қолында тұрған жоқ. Жоғарыда бір оқырманымыз қауіп еткендей, тізімде қателік кетіп қалмас үшін оны тиісті орындардың жауапты мамандары бірнеше күн бойы қайтадан жіті оқып тексеріп, қабылданған құжаттың түпнұсқасымен түгел салыстырып шығады. Содан кейін ғана дайын болған бөліктерін верстка жасауға рұқсат етеді. Мұның бәрі инемен құдық қазғандай біртіндеп жасалатын тірнекті тірлік. Бұдан бұрынғы жылдары да ол кемінде 3-4 күн уақытты алатын. Қазір де сондай ыждағатты да тиянақты жұмыстар жүруде.

Сосынғы бір ескертпе. Осы кезде өздерінің тізімнен хабары бар екенін айтып, сайтқа хат жолдап жатқандар да кездесіп қалуда. Олардың бәрі де белгілі бір сомаға мәлімет бере алатындарын мәлімдейді. Біз ондай хаттарды бірден жойып тастап отырмыз. Алда -жалда сіздерге тікелей жол тауып алып, хабарласып жатқан біреулер болса, сенбеңіздер. Мұның атын шарлатандық, яғни алаяқтық дейді. Сондайлардан сақ болыңыздар. Қазір бұл тізім комиссия мүшелерінен басқа ешкімге де белгілі емес. Ал осындай қызмет ұсынған жолдаулар әлі де келе беретін болса, біз олардың авторларын тиісті органдар қарауына беруге мәжбүр болатынымызды да ескертеміз.

Тағы бір топ оқырмандар әлсін-әлсін: «Баламыз құжат тапсырған университетке хабарлассақ, солар түскен-түспегенін айтып бере алмай ма?» деген мазмұндас та сұрақ қояды. Бұған беретін жауабымыз біреу ғана: айтып бере алмайды! Себебі, нәтиже қазір оларға да белгілі емес. Ал егер мұғалімдер тарапынан әлдекім пысықсынып, өз топшысын айта қалса, ол заң алдында жауап береді. Өйткені, білім жөніндегі гранттар тізімі сейсенбі, 13 тамыз күні «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде жарық көріп шыққаннан кейін ғана өзінің заңды күшіне енеді.

Осыны ұмытпаңыздар. Сондықтан жөнсіз, орынсыз сұрақтарды қайталап қоя берудің қажеті жоқ. Біз сіздерді толғандырып отырған негізгі сауалдардың бәріне жауап беріп болған сияқтымыз.

Мұның бәрін біз сіздерге жанымыз ашығандықтан, сіздерге болысқаннан, сіздердің иықтарыңыздағы ауыр жүкті түсіруге ниет еткендіктен, айтып отырмыз. Әйтпесе, жоғарыдағы сұрақтардың бірде-біріне жауап бермей, үнсіз отыра беруімізге де болар еді. Негізінде сіздермен бұлайша диалог құру біздің міндетімізге жатпайды.

Сонымен, үлкендеріңіз бар, кішілеріңіз бар, барлығыңыз да сабыр сақтаңыздар. Сейсенбінің таңын күтіңіздер. Іздегендеріңіз алдарыңыздан шықсын.

 

Тағы қосымша хабарлама. 12 тамыз. 21-00 сағат.

Ардақты ағайын!

Құрметті достар!

Оқырман қауым!

Сіздер көптен күткен ең бір толғанысты да толқулы сәт біртіндеп жақындап келеді.

Осы кезге дейін барлығыңыз да сабыр сақтадыңыздар Әлі де сол қалыптарыңыздан танбаңыздар.

Енді күте беретін көп уақыт қалған жоқ. Сәл шыдасаңыздар, күткен сәттеріңізге де жетесіздер.

Білім гранттарының тізімін баспаға дайындауға байланысты бірнеше күннен бері жүріп жатқан тірнекті жұмыс өзінің ақырғы шегіне жақындап келеді.

Амандық болса, ешбір техникалық кедергілер кездеспесе, сіздер күткен білім гранттары бүгін, тамыздың 13-іне қараған түні, сағат 00-05-те «Егемен Қазақстан» газетінің сайтынан орын алады.

Ендеше, баршаңыздың жолдарыңыз болсын, іздегендеріңіз алдарыңыздан шықсын!

Ал «Егемен Қазақстан» газетінің баспа жүзінен шыққан нұсқасы байланыс бөлімшелері арқылы таңертең таратылады. Газетті жаздырып алмағандарыңыз болса, оны баспасөз киоскілерінен сатып ала аласыздар.

Тағы да бәріңізге сәттілік тілейміз.

Жолдарыңыз болсын.

Сәлеммен, «Егемен Қазақстан» газеті интернет-редакциясының редакторы

Серік Пірназар.


 

PS. Білім грантының тізімі сағат тура 00-05-те газеттің сайтынан орын алды. Дәлірегі, дәл сол кезде жұрт назарына ұсынылды. Оны сайттың бас бетінен таба аласыздар. Беттің ең жоғары жағында, сол жақ бұрышта тұр. Ол "Білім гранттарының тізімі. Тізімді мына сілтемелерден көре аласыздар" деген бастақырыппен жарияланды.

Қош, сау болыңыздар!

 

PSS. 13 тамыз, 09-00 сағат. Сонымен, газет те жарыққа шықты. Ал тізімді біздің газеттік нұсқадан көргілеріңіз келсе, сайттың бас бетінде, оң жақта орналасқан ПДФ-қа кіріңіздер. Соның 7-бетінен бастап соңына дейін білім гранттарының тізімі жарияланған. Ол "Газеттің толық нұсқасы" деген атпен көрсетілген.

 

 

Соңғы жаңалықтар