Қоғам • 11 Ақпан, 2020

Алматыда оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсы басталды

1990 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы дәстүрлі республикалық ғылыми жобалар конкурсын бастады. Жалпы білім беретін пәндердің жыл сайынғы конкурсы биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің базасында 11-14 ақпан аралығында өтеді.

Алматыда оқушылардың республикалық ғылыми жобалар конкурсы басталды

Еліміздің болашақ ғылыми әлеуетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылып жүрген конкурста «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Боранбай Ақжол сөз алып, республикалық жарысқа жолдама алған оқушыларды құттықтады.

Конкурс оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттырып, жоғары сынып оқушыларын ғылым мен техниканың әр түрлі салаларындағы шығармашылық қызметке тарту мақсатында Ұлттық ғылым академиясының қамқорлығымен өткізіледі.

Қазылар алқасының құрамына жетекші отандық жоғары оқу орындарының: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,  Қазақстан-Британ Техникалық университеті, Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті сынды басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері кіреді.

Республикалық ғылыми жобалар конкурсы – «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы Қазақстан дамуының экономикалық және әлеуметтік модельдері» тақырыбы аясындағы оқушылардың ғылыми зерттеулер конкурсы. Конкурс төрт бағыт бойынша өткізіледі: «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан - 2050 стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашағы бар саяхат бағдарлары».

9

Байқаудың қорытынды кезеңінде 751 жас зерттеуші 590 ғылыми жобаны қорғайды. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздардан тұратын еліміздің құрама командасы 10-15 мамыр аралығында Анахайм қаласында (Калифорния штаты) өткізілетін жыл сайынғы ISEF-2020 оқушылардың халықаралық ғылыми жобалар конкурсында өз жұмыстарын  ұсынады.

Конкурсты өткізу Ережесіне сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлер Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Биыл оқушылардың жобаларын қорғауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Конкурс онлайн ұйымдастырылады. Бейнетрансляцияға сілтемелер ҚР БҒМ және «Дарын» РҒПО-ның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында ұсынылатын болады.

9