Қоғам • 12 Ақпан, 2020

Сөз түзелді, жас буын, сен де түзел

577 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары жас буын­ның жағдайына әлемдік қоғамдастық пен халық­ара­лық ұйымдар да жіті назар ауд­ара бастады. Бұл ретте, 2016 жылдың 15 шілдесі күні БҰҰ жариялаған «Дүниежүзі жас­тары туралы репортаж» деп атала­тын сараптамалық құжаттың мәні ерекше. Онда бүкіл әлемдегі жастардың экономикалық-қар­жылық жағдайының көңіл көн­шіт­пейтіні ғана емес, саяси істерге қатысуға деген белсен­ді­лі­гінің төмен екендігімен қатар, оның себеп-салдары да бірнеше мазмұн бойынша ашық баяндалған.

Сөз түзелді, жас буын, сен де түзел

БҰҰ-ның жоғарыда аталған ресми құжаты дүние жүзі жастарының кө­кейкесті проблемаларымен қатар, олар­дың шешілу жолдары мен тәсіл­де­рін де назардан тыс қалдырмаған. Ендеше, Қазақстанның да бүкіләлемдік қоғам­дастықтың белсенді мүшесі еке­нін ес­кер­сек, беделді халықаралық ұйым­ның аталған құжатына арқау бол­ған жас­тар мәселелерінің біздің елге қа­ты­сы бар.

Елімізде тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері жастардың тағдыры мен болашағына жеткілікті мән беріліп келе жатыр деуге толық не­гіз бар. Соның ең бір жарқын кө­рі­нісі Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасы­мен қолға алынған «Болашақ» бағдар­ла­ма­сы. Сол бағдарламаға сәйкес, тәуел­сіз­діктің алғашқы жылынан бастап, елдегі экономикалық қиыншылықтарға қара­мастан, мемлекетіміз еліміздің ертеңі үшін талантты жастарымызды әлемнің озық елдерінің ғылым-білі­мі­нен сусындауға, технологияларын иге­руге тұрақты түрде жіберіп отырды. Соңғы жылдары Қазақ елі осы «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алып келген жастардың игілігін кө­ріп, жемісін де жей бастады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше көңіл бөлуде. Осы ар­қы­­лы елімізде жастарды жалпы­қо­ғам­­дық үдерістерге қосу мақсатында ын­та­­ландыру шаралары іске асырылып, олардың өзін өзі көрсету мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясаттар жасала бас­тады.

Қ.Тоқаев президенттік қызметке кіріскеннен кейін, елімізде қазіргі таңда әр бір жас азаматтың толыққанды дамуына арналған жан-жақты тетік­тер жасақт­аудың жолдары нақты қа­рас­ты­ры­ла бастады. Мәселен, әлеу­мет­тік-экономикалық тұрғыдан, мемлекет жастар мен жас отбасылардың эконо­ми­калық ахуалын жақсарту, табыс дең­гейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқы­лы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскер­лік белсенділігін арттыру, баспана мә­се­лесін толыққанды шешу үшін құ­қық­тық, ұйымдастырушылық жағдай жа­саудың барлық шаралары қолға алы­на бастады. Сондай-ақ Қ.Тоқаев пре­зи­дент­тік қызметке кіріскен алғашқы күн­дерде-ақ еліміздегі жастар саясаты жө­нінде игі бетбұрыстар болатынын ашық мәлімдеді.

Мемлекет басшысы ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың тағдыры мен болашағына, елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде емес, оларға елдің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі егесі ретінде қарап, саналы және стратегиялық тұрғыдан ерекше мән беріп отыр. Оған көз жеткізу үшін Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 2 сәуірі күні республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттеріне берген сұхбатындағы: «Жастар саясатында, жастар тәрбиесінде науқан­шыл­дыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісін де басты назарда ұстау керек», деген жолдарды оқысақ та жеткілікті.

Президент Қ.Тоқаев өзінің жастар саясаты жөніндегі кешенді ойларын біртіндеп жүзеге асырып келеді. Атап айтқанда, 2019 жылдың 12 маусымы күні Қазақстанның жаңа басшысы Президенттік жастар кадрлық резерві жасақталатыны туралы: «Жас ұрпаққа арнайы айтатын сөзім бар. Сіздер Қазақ­­с­танның даму жолында шешуші рөл атқара­сыздар. Прогрестің қозғаушы күші боласыздар. Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Оған қолдау көрсету – менің басты міндетім. Жас әрі дарынды бас­шыларды мемлекеттік қызметтің бар­лық деңгейінде жоғарылату мақса­тын­­да Президенттік кадрлық резерв жа­сақ­та­ла­ды», деп ел халқына мәлім­де­ген болса, аталған ой-жоспарын жыл өтпестен жүзеге асырған Мемлекет басшысы 2020 жылдың 15 қаңтары күні Ақордада Президенттік кадр резервіне енген 300 жаспен кездесу өткізді.

Осылайша сөзден нақты іске көшкен Мемлекет басшысы жастарға арна­ған сөзінде олардың алдында тұрған нақты міндеттерге тоқталды. Яғни, Пре­зи­де­нттік кадр резервіне кірген жас­тар­мен «Кадрлық резервке өту дегеніміз жоғары лауазымды қызметке орналасу ғана емес. Бұл – ұлт үшін, ел үшін, халық үшін аянбай тер төгу деген сөз. Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүд­де­ге топтасатын кезеңі болады. Осы­­лайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңа­ша дамуға бастайтын шоғыр қа­лып­­та­са­ды» деген секілді өзекті де соқ­талы ой­ларымен бөлісті.

Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы дұрыс айтады: «Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті аза­мат­тарының ортақ мүддеге топтаса­тын кезеңі болады». Әсіресе елдегі жас буын өздерінің өткір идеяларымен, тың ойларымен, жігерлі және шапшаң қимыл-әрекетімен, креативті рухымен ылғи да өз дәуіріндегі «ортақ мүдде» жолында тез топтаса алады. Сөйтіп өз заманының көшбасшылары әрі мұзжарғыштары болады. Арғы дәуірлерге бармай-ақ, ХХ ғасырдың басындағы қазақ жастарын айтайықшы. Олардың белгілі бір бөлігінің ірі сая­си орталықтарда оқуы, сол тарихи ке­зең­де­гі саяси оқиғаларды тікелей кө­зі­мен көріп куә болуы, қоғамдық жаң­ғы­ру жолына қадам басқан орыс қоға­мын­дағы демократиялық күштер мен ағым­дар­дың ықпалын басынан кешіруі – олардың қоғамдық көзқарастарының кемелденуіне, саяси белсенділігінің артуына әсер етпей қоймады. Олар осы тарихи кезеңдегі әртүрлі саяси оқиғаларға қатынасып, қазақ халқының арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді және алғаш рет қоғамдық ұйымдарға топтаса бастады. Сөйтіп XX ғасырдың басында қазақ халқын өрге сүйрер, ұлт қамы үшін өмірлерін сарп етер зиялы қауымның шоғыры қалыптасты. Олар өздері құрған «Алаш» партиясы және қозғалысы арқылы ұлтты ояту мен өрке­ниетке жеткізудегі жастардың шешу­ші рөлін толық көрсетіп берді. Сол алашшыл жастардың саяси және аза­маттық белсенділігінің арқасында КСРО құрылғаннан кейін болса да, қазақ елінің шекарасы айқындалып, Қазақ автономиясы құрылды. Бүгінгі қазақ мемлекеттілігінің түп тамыры, негізі сонда жатыр. Міне, жас буынның құдіреті!

Ал 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі қазақ жастарының тоталитарлық жүйе мен отаршылдық езгіге төзбейтін, бос­тан рухтың егесі екендігін жалпақ жа­һан­ға көрсетті.

Жастардың бойындағы асыл қасиет пен оларға деген сенімнің өте-мөте маңызды екендігін ескерген Қ.Тоқаев Пре­зиденттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде сөйлеген сөзін­де: «Соңғы жылдары бүкіл әлемде болып жатқан наразылық толқыны – өзгеруге деген жаһандық сұранысты айқын көрсетіп берді. Адамзат төртін­ші өнеркәсіптік революцияны бас­тан кешіруде. Алайда мемлекеттік бас­қа­ру­дың қағидаттары неше ондаған жылдар бойы өзгерген жоқ. Қазақстанға қо­ғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мем­лекетті тиімді, әділетті басқарудың жаңа үлгісі қажет. Сонымен қатар ол ең заманауи технологияларды қолдануға негізделуі керек», деп атап көрсетті.

Демек, «өзгеруге деген қоғамдық сұранысты» кім қанағаттандыра алады? Әрине, жастар! «Мемлекеттік басқарудың қағидаттарын» жаңартуға қабілетті әлеуметтік топ кімдер? Әрине, жастар! «Қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, әділетті басқарудың жаңа үлгісін» табатын, қалыптастыратын кімдер? Әрине, жас­тар! Мемлекет басқаруда «ең заманауи технологияларды қолдануға» қабілетті адамдар кімдер? Әрине, жастар!

ХХ ғасыр басындағы Алаш қоз­ға­лысына ұйытқы болған жастар қазақ ұлтының патриоттық рухын ең биік шыңға шығарып кетті. Халық оларды сол үшін қадірлейді. Сол үшін ұмытпайды.

Мемлекеттің гүлденуі мен ұлттың дамуы үшін әр дәуірдің өз азаматтарына жүктейтін тарихи міндеттері болады. Сол тарихи міндеттерді дер кезінде орындаған ұлт қана уақытты босқа өткізбеген, заманнан артта қалмаған, орайды қолдан бермеген, тіпті уақыттан озып жұмыс істеген халық болып есептеледі.

Бұл ретте, мына мәселенің басын ашып айтуға тиіспіз. Яғни, белгілі бір дәуір тұрғындарының ішіндегі жас буын, бұл – сол қоғамдағы ең белсенді және ең қуатты күш. Сондықтан қай кезде де, қай елде де мемлекеттің үміті де, ұлттың болашағы да сол елдегі жастардың рухани бет-бейнесімен тікелей байланысты. Ол үшін ең әуелі мемлекет жастарды белсенді түрде қолдауы, олардың аяғынан тік тұрып, армандарын жүзеге асыруына, ел ісіне араласуына толықтай жағдай жасауы керек. «Не ексең, соны орасың» дейді дана халқымыз. Демек, біз бүгін жастарымызды қалай, қай бағытта баулысақ, ертеңгі болашағымыз солай болмақ. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлы ылғи да: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» екенін баса дәріптеп келеді. Демек, «алға қой­ған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға» мем­лекеттің шынайы қолдауы қажет. Елі­міздегі жас буын өз елінде өз бо­ла­шақ­­тарына қашан да сеніммен қа­рай­тын болуы тиіс. Мемлекет басшы­сы­ның президенттік қызметке кіріскен бір жылға таяу уақытта осы бағытта атқарған игі қадамдары көңілге зор қуаныш пен үлкен сенім ұялатады. Демек, дәл қазіргі кездегі қазақ жас­та­ры өз арман-мұратын жүзеге асыру мен ел ісіне толық араласа алатын жаңа дәуірде, орайлы кезеңде тұр деуге бола­ды.

Қысқасы, Президент Қ.Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынып, жүзеге аса бастаған мемлекеттік жастар саясатындағы оң өзгерісті тұтас қазақ қоғамы қуанышпен және зор үмітпен қабылдап отыр.

Дегенмен, сөзіміздің осы тұсында, жастарымыздың рухани бет-бейнесі қандай деген мәселеге де соға кету керек секілді. Құдайға шүкір қазақ жері, Алаш жұрты ежелден-ақ талант пен дарынға кенде болған емес. Тіпті тіл-көзіміз тасқа, бүгінгі күні де дарынды, талантты жастарымыз аз емес. Мәселе, сол талантты да дарынды жастарымыздың отаншылдық рухы, ұлтжандылық сезімі қай деңгейде?! Егер бұл қасиеттер әлдекімнің бойында кем соғып жатса, ондай жастың таланты мен дарынынан ұлтқа келер пайда шамалы. Бұл туралы сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын. «Мінездің» тұғыры «ахлақ» (мораль) болатын болса, адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық деген қасиеттер сол «ахлақтың» күретамыры екенін ұмытпауымыз керек. Бұл мәселені айқын сезінген Мемлекет басшысы өзінің жастар саясатына қатысты пайымдауларында дарынды, талапты жастарға жағдай жасап, оларға қолдау көрсетуді дәріптеумен бір уақытта, жастарымыздан отансүйгіштік пен ұлтжандылықты, еңбексүйгіштікті барынша талап етіп келеді.

Атап айтқанда, Мемлекет басшысы жиналысқа қатысып отырған жас буын өкілдеріне: «Бұл (Президенттік кадрлық резерв) – елді өркендетуге бел буған, сол үшін бар күш-жігерін жұмсайтын азаматтарға арналған жоба. Басты міндет – талантты жас­тар­дың Қазақстанды жаңа белестерге көтеруіне мүмкіндік беру. Ең бас­тысы – туған еліңді шексіз қадірлеу және оған адал қызмет ету. Табанды еңбек етіп, нақты нәтижеге қол жет­кі­зу керек. Бұл ұлтты жаңғырту үшін өте маңызды. Мен өздеріңіз ар­қы­лы елімізде патриоттардың жаңа буы­ны қалыптасады деп сенемін. Сіз­дер егемен еліміздің жастарына ұлт­жан­ды­лық­тың, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетулеріңіз керек», деп нақты талаптарын айтса, тағы бір сөзінде Мемлекет басшысы жастарға ұлтты, туған хал­қын қалай сүюдің жолын, өнегесін нұсқайды, сондай-ақ жастардың мойнына уақыт жүктеп отырған миссияны атап көрсетеді: «Абайдың өсиеті – өскелең ұрпақтың айнымас темірқазығы. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Абайдың «Толық адам» тұжы­ры­мы өміріміздің кез келген саласын­да, мемлекетті басқару мен білім жүйе­сін­де, бизнес пен отбасы институттарында негізгі тұғырға айналуы керек. Халқымыз, әсіресе жас буын Абайдың сара жолын жалғауға баса мән беруі тиіс. Біз Елдік пен Егемендіктің қадірін бағалай білуіміз керек. Жастарымыз әрдайым ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, дәріптей білуі қажет. Бұл өздеріңізге жүктелген мәртебелі миссия деп біліңіздер».

Демек, ендігі әңгіме жас­та­ры­мыз­дың белсенділігі мен құл­шы­ны­сына, қаре­ке­тіне тікелей қатысты болмақ. Яғни, елімізде дәл қазір Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бас­та­ма­сы­мен жүзеге асып жатқан жастар сая­са­тын­дағы осынау бетбұрысты дәл бейнелеу үшін «сөз түзелді, оқушы сен де түзел» деген ұлы Абайдың әйгілі сөзін «сөз түзелді, жас буын сен де түзел» деп өзгертіп қолдану қажет секілді.

Мемлекет басшысы Президенттік кадрлық резервіне енген жастармен кездесуде өз сөзін «ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге сіздер сияқты білімі озық, ойы ұшқыр жас­тар бастауы керек» деген үлкен үмітпен және алғаусыз сеніммен аяқта­ған екен, біз де бүгінгі сөзімізді «Арыс­тандай айбатты, Жолбарыстай қай­ратты, Қырандай күштi қанатты, Мен жастарға сенемiн!» деген ұлы Мағжанның мақамымен аяқтағымыз келіп тұр.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Қытайтану институтының директоры, профессор