Качар кентінде жаңа мешіт ашылды. Бұл осындағы мұсылман жұртының қуанышына айналды. 100 орынға арналған ғимараттың ішімен қатар, сырты да сұлулығымен көз тартады.
Качар кентінде жаңа мешіт ашылды. Бұл осындағы мұсылман жұртының қуанышына айналды. 100 орынға арналған ғимараттың ішімен қатар, сырты да сұлулығымен көз тартады. «Архидизайн 2008» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылысшылары мен сәулетшілері шағын мешіттің сыртқы көркімен қатар, оған қолданған материалдардың суыққа беріктігіне де мән беріпті. Мысалы, мешіттің күмбезі фарформен жабылған. Құрылысшы мамандардың айтуынша, еліміздегі фарфор күмбезді бірінші мешіт те осы көрінеді. Ол Арқа жерінің қары мен желіне, жаңбырына төзімді келеді. Сонымен бірге, мешіттің іші де фарформен безендірілген.
– Ғимараттың ішін қолөнершілер шығармашылықпен жасады. Құран сүрелері қабырғаларға ойып жазылды, қазақтың оюлары да ұмыт қалған жоқ. Олар қайта үндесіп тұрғандай. Мешітті салу барысында ислам қағидаттарының барлық ережелері ескеріліп отырды, – дейді дизайнер Тайыр Балтабаев. Мешіттің бірінші қабатында ерлерге, әйелдерге арналған намаз орындары және имамның бөлмесі орналасқан. Ғимарат залына салмағы 300 килограмдық аспа шам ілінген.
Мешіт ENRC корпорациясы мен Қостанай облысы әкімдігінің арасындағы әлеуметтік әріптестік меморандумы шеңберінде салынды. Имандылық үйі Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігіне 40 миллион теңгеге түсті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.