Экономика • 12 Ақпан, 2020

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі өсті

657 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2020 жылдың қаңтар айында еліміздің жеңіл өнеркәсібі саласындағы өндіріс көлемі 8,7% өсті. Оның ішінде тоқыма бұйымдары өндірісінде 8,7%, киім-кешек өндірісінде 5,2%, сондай-ақ былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде 5,9%  өсім көрсетті. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлгінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі өсті

Бұл өсімге мақта талшығы, дайын тоқыма бұйымдары, сыртқы киім, аяқ киім өндірісін ұлғайту, сондай-ақ «Бал текстиль» ЖШС кілем және кілем бұйымдары өндірісі бойынша үшінші цехын, «QazProdGroup» ЖШС аяқ киім өндірісін, «ЕKOHIM» ЖШС жіптер, синтетикалық жіптер, баулар, желілерді өру, арқан-жіп бұйымдарын өндіру жобаларын 2019 жылы іске қосу есебінен барлық кіші салаларында байқалды.

Бүгінгі таңда жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту басым бағыттардың бірі болып отыр. Өйткені, халықты жұмыспен қамтуда әлеуметтік маңызы зор. 2015-2019 жылдары Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 19 млрд. теңгені құрайтын 22 жоба іске қосылды. 1732 жұмыс орны ашылды. Жеңіл өнеркәсіп өндірісі көлемі 2015 жылы 71,6 млрд. теңге болса, 2019 жылы ол 112,7 млрд. теңгеге жетті.

Сонымен қатар «Қарапайым заттар экономикасын» несиелеу тетігі аясында екінші деңгейлі банктер 6,6 млрд.теңге сомасына 30 жеңіл өнеркәсіп жобасын мақұлдады.

Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау өнім экспортын дамыту, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, тауарларды ішкі нарыққа ілгерілету, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы сияқты өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жүйелі шаралар шеңберінде көрсетіледі. Бұдан басқа, Министірлік Жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, оны Үкімет мақұлдады. Жол картасы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ету, өнімнің заңсыз айналымымен күрес, жергілікті қамтудың үлесін ұлғайту, сондай-ақ жүйелі қолдау шаралары бойынша 52 іс-шараны іске асыруды көздейді.

Жол картасы шеңберінде жергілікті атқарушы органдар үшін жеңіл өнеркәсібі, жиһаз өнеркәсібі мен құрылыс материалдарын мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторлар белгіленді.

Жеңіл өнеркәсібінің тауарлары 2019 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік сатып алулар алдын ала біліктілік сұрыптаумен конкурс тәсілімен өткізілетін тауарлар, жұмыстар мен қызметтер тізбесіне енгізілді. Мемлекеттік сатып алуда алдын ала біліктілік іріктеуден өткен кезде Индустриялық сертификат беру қарастырылған. 

Бұдан бөлек, киім мен аяқ киімді міндетті таңбалау және бақылау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Қазіргі уақытта осы бағытта жол картасы мен әдістемелік ұсыныстар әзірленді.

2019 жылы жеңіл өнеркәсіп саласының қызмет түрлері «Астана жаңа қала» арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлерінің тізбесіне енгізілді. Қазіргі уақытта саланы дамыту мақсатында «Альянс» СӨК және «Azala Textile» ЖШС тоқыма кәсіпорындарын «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының субаймағына қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Оңтүстік» АЭА тоқыма және тігін өнеркәсібін дамыту және қосылған құны жоғары бәсекеге қабілетті тауарлар өндірісіне көшу үшін алғышарттар жасау үшін құрылды. Инвесторлар корпоративтік табыс салығын, мүлік пен жер салығын, 2030 жылға дейінгі мерзімге кедендік бажды төлеуден босатылады.

Биыл аталмыш бағдарлама бойынша жұмыстар жалғасады. Қазір мақта-тоқыма кластерін құру бойынша Жол картасы әзірленді. Ол мақта талшығын қайта өңдеуді 2 есе ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары пайдаланатын шикізатқа (маталар, жіптер, фурнитура және т.б.) кедендік әкелу баждарын төмендету мәселесін шешу міндеті тұр.

Бұдан басқа, 2020 жылы екі жобаны: «Назар Текстиль» ЖШС-нің синтетикалық иірімжіп өндірісін және «Семирамида» тігін фирмасы" ЖШС-нің өндірісті жаңғырту және жейде өндірісін іске қосу жоспарланып отыр. Олардың жалпы инвестиция сомасы 2,8 млрд.теңге болып, 600 жаңа жұмыс орны ашылады.