10 Тамыз, 2013

Алтын жүлде алды

347 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Осы күндері АҚШ-тың Майами қаласында дзюдодан кадеттер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында 55 килоға дейінгі салмақта Бауыржан Жауынтаев (суретте солдан санағанда екінші) алтын медальді жеңіп алды.

Бауыржан әлемдік доданың құр­мет тұғырына көтерілген алғашқы қазақ­стандық кадет болды. Бірінші жекпе-жекте ол төрешіден бір ескерту алып, перулік Патино Вилаграны жеңсе, келесісінде бірінші минутта-ақ украиналық Каро Марандянді таза әдіспен түсіріп, тізе бүктірді. Бауыржан ширек финалда америкалық Адонис Диас пен грузин Эрекле Архозашвилиді иппонмен ұтты.

Біздің балуан үшін ең қиын күрес 2011 жылғы кадеттер арасындағы әлем чемпио­натында күміс жүлде ұтып алған итальян Элиос Манзимен болды. Бұл кездесуде берілген төрт минутта айтарлықтай басымдық таныта алмаған, екі спортшы төрешіден ескерту алып, белдесуді golden score қосымша уақытта жалғастырды. Осы кезде 44 секундта Манзи екінші «шидо» алған соң, жекпе-жектің тағдыры Бауыржанның пайдасына шешілді.

Чемпионаттың бірінші күнгі қорытындысы бойынша қазақстандықтар тағы екі салмақ дәрежесінде көзге түсті. Қанат Сейілхан 50 килоға дейінгі салмақта жетінші орынды, Әдия Сайын 40 килоға дейінгі салмақта бесінші орынды иеленді.

Әлем чемпионаты 11 тамызға дейін созылады. Оған 79 елден 532 спортшы қатысуда.

Кеше 48 және 52 кило салмақтағы қыздар мен 60 және 66 кило салмақтағы жасөспірімдер белдесті.

Дастан КЕНЖАЛИН,

«Егемен Қазақстан».