10 Тамыз, 2013

Шетелдің де көптеген банкілерін үптеп кетіпті

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Уақыт ұзаған сайын қашқын олигарх Мұхтар Әбіләзовтің ақша ұрлау одиссеясындағы алуан қырлы қимылдары бір­тіндеп айғақ болып жатыр. Оның бұл жолдағы «ерлік істері» Қазақстанның БТА банкісінен ұрлап кеткен 6 млрд. АҚШ долларымен ғана шектеліп қалмапты, осы аралықта сонымен қатар, бірқатар шет мемлекеттердің банкілерін үдере үптеп, тақырға отырғызып кеткен екен.

Бұлардың алдыңғы қата­рында Британияның HSBC, Standard Chartered, RBS және Barclays деп аталатын қаржы мекемелері тұрған көрінеді. Біздің экс-банкирдің мұндағы әріптестерінен алып кеткен ақшасының жалпы сомасы 500 млн. долларды құрайды. Бұдан басқа, ақ қағазды айғыздай салып, ақшаға айналдыра беретін жерден шыққан жіті қу Мұхтар Әбіләзовтің желісі бойынша түсірілген «Маңғыт, аузыңа саңғыт» сериясының кейіпкерлері болғандар сапында Италияның 8 банкісі де сабылысып жүр. Олардың ішінде былайғы адамның түсіне кірсе де, тісіне тура келе қоймайтын Unicredit, Banca Monte dei Paschi di Siena және Mediobanca дейтін алпауыттары бар. Бұлар Мұхтардың қармағы ұшына 250 млн. АҚШ долларын өздері барып іліндіріп жібергенге ұқсайды.

Қазіргі күндері Әбіләзовке беріп жібергендері бұларға қарағанда едәуір аз болып көрінетін бірқатар француз банктерінің қожайындары маң­дайларының терін бес сүртіп, шүкіршілік айтып отырған секілді. Қанша дегенмен, енді 50 млн. доллар ақша деген бәрібір 500 млн. доллардың дорбасына шақ келе қоймайды ғой. Ал сол 50 миллионды біздің «батыр бала» Францияның BNP Paribas, Societe Generale, Credit Agricole және BPCE деген банкілерінен алып кетіпті. Бұлардың сыртында Швейцарияның Credit Suisse, немістің Commerzbank және Американың Wells Fargo дейтін банкілері тағы тұр.

Осыларға қарай отырып, бұл жарықтық осыншама елдің осыншама банкілерінен осыншама ақшаны қай уақытта алып үлгере берген деп қайран қаласың. Соларды електен өткізе келіп, бұл Мұхтар Әбіләзов дегенің шынында да нағыз дауасыз алаяқ екен ғой, деген ойға еріксіз келесің.

Сәкен МАЙЛЫБАЙ.