

Ауғанстан соғысы жауынгерлерінің одағы құрылғанына биыл 30 жыл және Астанаға 15 жыл толуына орай Семейге атты жасақ марафоны келіп жетті. Шеру Талдықорған қаласынан бастау алған екен. Олар қыркүйектің 6-сына дейін қазақтың жеті түрлі асыл тұқымды тұлпарына мініп, 3065 шақырымды жүріп өтпек. Шабандоздар Алматы облысының 9,10 сынып оқушылары. Осы акцияның ұйымдастырушысы Шормақ Ілиясовтың айтуынша, келер жылы Ауғанстан жерінен кеңес әскерлерінің шығарылғанына 25 жыл толады. Ал екі жылдан соң Ұлы Жеңістің 70 жылдығы тойланбақ. Біз әр қалада интернационалист жауынгерлермен және «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен «Жас Отан» жастар қанатының мүшелерімен осындай керемет сәттерде кездесудеміз, алған әсеріміз де өте жақсы, дейді ол.
Семейде өткен митингке қатысқан олар жауынгер-интернационалистерге арналған монументке гүл шоқтарын қойып, бір сәт қаза тапқандарды еске алды. Сосын атты шеру Жеңіс саябағына барып, тағзым етіп, Түйемойнақ аралында «Өлімнен де күшті» монументіне десте гүлдер апарды. Бұлар Семейден кейін Павлодар, Астана, Қарағандыға және Жамбыл облысына жол тартпақ.
Раушан Нұғманбекова.
СЕМЕЙ.