Теннис • 13 Ақпан, 2020

Еленаның екпіні күшті

148 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мельбурнде аяқталған Аустралияның ашық бірін­шілігінен кейін әлемдік рейтинг қайта жаңартылды. Қазақстандық теннисшілер арасында ең үздік көрсеткіш Елена Рыбакинаға тиесілі. Бұл күндері еліміздің бірінші ракеткасы атанып отырған ару WTA рейтингінде 25-орында тұр. Егер өткен тарихқа зер салсақ, осы спорт түрін серік еткен жерлестеріміздің арасынан 2012 жылы дәл осы меже Ярослава Шведоваға бағынған еді. Араға сегіз жылға жуық уақыт салып, осы нәтижені 20 жастағы Рыбакина қайталап отыр. Ал сол спортшы жайында біз не білеміз?

Еленаның екпіні күшті

Елена 1999 жылдың 17 мау­сымында Мәскеуде дүниеге кел­ді. Бес жасынан тенниспен айна­лысып, көп ұзамай майталман ма­мандардың қырағы назарына ілікті. Өз құрбылары арасында Ресейдің ішкі біріншіліктері мен халықаралық турнирлерде бір­неше мәрте топ жарды. Жасөс­пірімдер арасындағы Еуропа біріншілігінің команда­лық сайы­сында жеңімпаз атанды. Осы орайда жас дарын кезінде КСРО-ның бірінші ракеткасы атанып, тоқсаныншы жылдардың басында әлемдік рейтингте «ТОП-10» ойыншының қатарына қосылған атақты Андрей Чесноковтың қол астында жаттыққанын айта кеткен абзал.

2017 жылы Аустралияның ашық біріншілігінің жасөспі­рім­дер арасындағы жарысының жартылай финалына жеткенде, айтулы теннисші жайында саң­лақ спортшылар тарапынан көп­теген жылы лебіздер айтыла бас­тады. Мәселен, кезінде әлем­нің бірінші ракеткасы атанған Ев­гений Кафельников БАҚ өкіл­деріне берген сұхбаттарының бірін­де: «Елена Рыбакинаның есі­мін жадыңызда жақсылап сақта­ңыздар. Бірер жылдан кейін бұл қыздың Ресей теннисінің жар­қын жұлдызына айналатынына менің қылаудай да күмәнім жоқ», деп тіл қатқаны да есімізде. 

Иә, кезінде «Калашников» де­ген лақап атқа ие болған әйгілі спорт­­шы дарынды жастың бола­ша­ғын дұрыс болжаған екен. Ра­сын­да да, бұл күндері ол әлем­дегі үз­дік ойыншылардың санаты­на қосы­лып отыр. Бірақ Кафель­ников те бір жерде қателес­ті. Олай деуге негіз, Елена Рыба­ки­на бү­гінгі таңда Ресейдің емес, Қазақ­­стан теннисінің жарқын жұлдызы!

Жалындап өсіп келе жатқан шағында Ресей тарапынан Рыба­кинаға тиісті қолдау көр­сетілмеді. Соған наразы бол­ған ол Қазақстан азамат­тығын алып, біздің елдің туы астында өнер көрсетуді құп көрді. Сол тұста Рыбакина WTA рейтин­гінде 191 орында тұрған. Алаш топырғанына табаны тиген бетте Еленаның екінші тынысы ашылды. Айналдырған бір жа­рым жыл аралығында ол бақан­дай 165 сатыға жоғарлады. Әсіресе өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басы айтулы ойыншы үшін сәтті болды. Рыбакина Шэньчжэндегі турнирдің финалына дейін жетіп, Хобартта алдына жан салмады. Ал Аустралияның ашық бірін­шілі­гінде үшінші кезеңге дейін жетіп, сол межеде әлемнің бірін­ші ракеткасы Эшли Бартиге жол берді. Осы табыстарының арқа­сында Елена дәп қазір WTA рей­тингінде 25-орынды иеленуде. 

Тарихқа жүгінсек, әр жылдары Қазақстанның туы астында өнер көрсеткен теннисшілер арасында әлемдік рейтингте ең жоғары нәтижеге бұған дейін Ярослава Шведова қол жеткізген. 2012 жылдың күзінде ол 25 орынды еншіледі. Осыдан екі жыл бұрын Юлия Путинцева 27 сатыға жайғасып, өз жанкүйерлерін бір қуантқан еді. 2015 жылдың қаңтар айында Зарина Диастың 31 орынға көтерілгені есімізде. Бұл күндері Путинцева – 34, Диас – 63 сатыға табан тіреді.

Сөз орайы келгенде, Елена Лиховцева жайында да айта кетсек еш айыбы жоқ деген ойдамыз. 1975 жылы Алматыда туып-өскен ол 20 жасқа толғанға дейін түрлі жарыстарда Қазақстанның намысын қорғады. Бірақ кейіннен Ресейге қоныс аударды. Сол жақта жүріп, көптеген дүбірлі додаларда дараланды. Лиховцева WTA санатындағы турнирлерді барлығы 27 мәрте ұтты. Ролан Гарростың жар­тылай финалына және Уимбл­дон мен Аустралияның ашық бірін­­шілігінің ширек финалына дейін жетті. Жұптық сайыстар­дағы көрсет­кіштері тіптен керемет. Алматы­ның тумасы 1999 жылы әлем­дік рейтингтегі өзінің ең биік нәти­жесіне қол жеткізіп, 15 орын­ды иеленді. Алайда сол тұста оның Ресейдің туы астын­да ойнағаны мәлім. Сондық­тан да Лиховцеваның осы табыс­тары­ның барлығы өзге мемлекет­тің еншісіне жазылды. Оған Қазақстанның еш қатысы жоқ.

Хорватиялық бапкер Стэфано Вуковтың қол астында жаттығып жүрген Елена Рыбакина осы күнге дейін WTA турнирлерінде екі мәрте және ITF додаларында төрт рет топ жарды. Әлемдік рейтингте «ТОП-25» ойыншының қатарына қосылып отыр. Расымен де, 20 жастағы теннисшінің қазіргі қарқыны қуантарлық. Ал кейіпкеріміздің өзі: «Бұл әлі басы ғана. Келешекте қомақты табыстарға қол жеткізу үшін барымды саламын» дейді.

Еліміздің бірінші ракетка­сының басты мақсаты – төрт­күл дүниенің теңдессіз теннис­ші­лерінің санатына қосылу. Алдағы дүбірлі жарыстарда жасындай жарқырап, барынша табысты өнер көрсетіп, мол олжаға кенелу. «Үлкен дулыға» турнирлерінде топ жару. Сондай-ақ сәті келіп жатса, әлемдік рейтингте үздіктер көшін бастау...