Аймақтар • 13 Ақпан, 2020

Шағын ауыл деп шектеуге болмайды

1148 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл мәселесін шешу көзі қарақты жанның бәрін толғандырады. Қазіргі Қазақстан қоғамының шыңында жүргендердің басым бөлі­гі өзі немесе әке-шешесі ауылдан шыққандар деп айтсақ қате­леспейміз.

Шағын ауыл деп шектеуге болмайды

 

Қазақ даласы табиғи жолмен дамып келе жатқан жылдарда ауыл­дардың көлемі, әсіресе сол­түс­тік өңірде үлкен болмайтын. Олар мал бағуға шақталып, қа­лың орманның қойнауында ең көп дегенде 20-30 үйден ғана оты­­­ратын еді. Бұл қоныстар мал өсі­руге және бағуға өте ыңғайлы бо­­­латын. Ықшам ауылдың бар­лық тұрғындары да жұмыс істеп, нә­­па­қасын айыратын.

Ал тың көтеру жылдарында қазақ да­ласының өз ерекшелігі бар еке­нін, ондағы қоныстар мал өсі­­ру­­ге ыңғайланғанын білмеген Н.Хру­­щев Ресей мен Украинадан ха­­лық­ты қаптатып төгіп, ауыл­дық мекендерге адамдар са­­нын ақыл­сыз шешімдерімен шек­­тен тыс толтырып жіберді.

Онымен шектелмей Қазақстан мен Сібірде 43 млн гек­тардан артық жерді жырт­қы­зып тастады. Әрине оның Қазақ­с­танға пайдалы жағы да болды. Тың көтеру жылдарын­да КСРО бюд­же­тінен ауыл шаруа­шы­лы­ғына бө­лінген қаражаттың 20 пайызы Қа­зақстанға құйылды. Қаншама тех­ника, құрылыс материалдары, жолдар мен құрылыстар салынды. Бірақ зияны да зор болды. Қа­зақтың ана тілі келімсектердің ке­сі­рінен тығырыққа тіреліп, құрып ке­тудің аз-ақ алдында қалғанын бі­леміз. Шағын деген сылтаулар­мен барлық қазақ мектептері жа­бы­­­лып, балаларын оқыту үшін ха­­­­­­лық келімсектер салдырған ұжымшарлар мен кеңшарларға көшуге мәжбүр болды. Ал ондағы мектептің бәрі тек орысша еді.

Батыстан қаптатып әкелген ха­лық қазақтың мал жайылымдарын құ­ртып, жыртып тастағанымен қой­май мыңдаған кеңшарлар мен ұжымшарларды көбейтіп, ау­ма­қтарын ұлғайта берді. Ауыл мен қаланың айырмасын жоямыз деп, онда қалалықтарға ғана тән қора-қопсысыз үйлер салын­ды. Тіпті көп қабатты үйлер тұр­ғыз­ған жағдайлар да болды. Әри­не әлеу­меттік-экономикалық тұр­­­ғыдан алғанда жақсы мектеп, ба­ла­­б­ақша, аурухана т.б. бір жа­ғы­нан жақсы. Бірақ ауылдың ерек­­шелігі, негізінен мал шаруа­шы­­лы­ғына бағытталуы, ал оған жайы­лым мен жем-шөп керек екені ескерілмеді. Тиімді экономика құру емес, жалпы саясатқа не­гіз­делген дәстүрлі емес шаруа – ас­тық өсіруді алға шығарып, мал өнімдерін арттыруды екін­ші кезекке ысырды. Барлық шаруашылық құрылымдары осы бағытта дамыды.

Тәуелсіздік жылдарында өкі­мет­­тің дотациясымен қалт-қалт етіп тұрған осы кеңшарлар тү­гелге жуық құлап, арасында қа­зір­гі заманға икемделген талант­ты менеджерлер ғана кейбір шаруашылықтарды алып қалды. Соның өзінде олар ауыл тұр­ғын­дарының санын арттыру арқы­лы емес, жұмысқа икемді адамдарды ғана тартудың есебінен жақсы нәтижелер көрсетуде. Мәселен, облыстағы «Дайындық АГРО», «Ноғайбай» ЖШС рес­пуб­ликаға белгілі, осы за­ман­ғы озық шаруашылықтар. Алай­да, олардағы түтін саны көп емес, алғашқысында алпыстан, екін­ші­сін­де отыздан артық қана үй бар.

Сондықтан баяғы кеңестік «ауыл тұрғындарының санын арттыру, үй санын көбейту» деген сияқты зиянды тәжірибеден бас тарту керек. Керісінше өзін-өзі асы­рауға шамасы келіп отырған ауыл­дарға жол тартқан жөн. Үкі­мет­тің ауылға жасайтын бар пай­да­сы осыған негізделсе игі болар еді.

Өкінішке қарай еліміздің осы саланы қадағалайтын басшылары адам саны азайған ауылдарды «бо­ла­шағы жоқ» деп жойғысы ке­леді. Осының өзі олардың ауыл­­­дың негізгі функциясы неде еке­­­нін білмей, Кеңестен қалған ке­міс тәжірибені тұтынудан алған «ақыл» сияқты.

Бес-алты жыл бұрын Ауыл шар­уа­шылығы министрлігінің жер­гі­лікті жерлерді дамыту бас­қар­масында істейтін жер­ле­сіміз, бұрынғы депутат М.Тро­ши­хин­ге барып, туған ауылымыз Тауағашқа жол салу мәселесін айттық. Сонда ол: «Адам саны аз ондай ауылдарға жол салынбайды» деді. Міне, осындай пікір барлық шенеу­ніктеріміздің басына кіріп алған. Ал жер көлемі үлкен, халқының саны аз, алайда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған Аустралия, Малайзия секілді ел­дер шағын елді мекен­дер­дің түк­пір-түкпірде отырғанын қалап, оларға жол салып берген. Соның нәти­жесінде олар өздері де ұда­­йы дамып, ауылшаруашылық өнім­­де­рін де жақсы өндіріп отыр.

Табиғи жолмен дамуды ескерсек, ауыл ешқашан үлкен болмай­ды, бұл адамға да, шаруаға да пай­далы. Ал баласын аудан орта­лы­­ғынан немесе қаладан оқыту, ауру­ханаға жету, үлкен сауда орта­лықтарына бару, өз өнімдерін өт­кізу т.т. үшін ауылдықтарға тек жол керек. Әсіресе қазіргі, әр аулада бір-бір жеңіл көлік дүріл­деп тұрған заманда жолдан бас­қа ештеңе керек емес.

 

Солтүстік Қазақстан облысы