Күріш қауызынан белсендірілген көмір алу идеясы Нұрбол Орынбасарұлына 2017 жылы Португалияға барған сапарынан кейін келіпті. Бұған дейін белсендірілген көмір әдетте тек ағаштан ғана алынатын. Ал португалдықтар әртүрлі органикалық, оның ішінде өсімдік қалдықтарынан белсендірілген көмір алумен айналысады. Отандық ғалым осы тәжірибені өзі туып-өскен және еңбек ететін Сыр өңіріндегі күріш қауызы мен сабанынан жасап көруді қолға алды. Елге келгеннен соң көп ізденді. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері де дәл осы әдіспен күріш қауызынан белсендірілген көмір алады екен. Қазақстанда да іске асырғандар бар. Бірақ күріш қалдықтарынан алынған белсендірілген көмір қасиеті жағынан ағаштан алынғаннан нашар келетін көрінеді. Өйткені күріш қалдықтарының ағашқа қарағанда тығыздығы төмен. Осы мәселені шешу үшін зерттеуші тағы да терең іздене түсіп, күріш қалдықтарынан алынатын көмірдің тығыздығын арттыру жолын тапты. Бұл ретте оған өз өңірінде еш пайдаға аспай жатқан мұнай қалдығын қосу туралы ой көмектесті. Мұнай қалдығын күріш қалдықтарымен араластырып, сығып, ағаш сияқты тығыз күйге келтіріп барып белсендірілген көмірге айналдырғанда шетелдік мамандардың немесе Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары әзірлеген өнімінен кейіпкеріміздің белсендірілген көмірі қасиеті, яғни зиянды заттарды бойына сіңіріп алу жағынан жоғары сапалы болып шықты. Осы жұмыс барысында 3 бірдей патентке қол жеткізді. Алғашқысы күріш қауызы мен мұнай шламын бірге өңдеу (со-термолиз) әдісімен белсендірілген көмір алу; екіншісі күріш сабанынан белсендірілген көмір алу; содан соң күріш сабаны мен мұнай шламын бірге өңдеу әдісі бойынша ғылыми ізденістерін патенттеді.
Қаладағы Биотазалау стансасы кәріз құбырларынан жиналған нәжісті сүзіп алып, суын көлшікке апарып құяды. Ғалым өзінің жұмыс тобымен бірге сол көлшіктегі су құрамын зерттеді. Тұрғындар әжетхананы түрлі химиялық заттармен жуады, тазартады. Ғалым химиялық заттар құрамына қосылған, бойына тараған суды өзі жасаған белсендірілген көмірмен (сабан мен мұнай шламы араласқан түрі) тазартты. Сонда өнертабысының 1 килосы 1000 литр суды тазарта алатын күшке ие екеніне көз жеткізді. Лас суды ауыз су деңгейіне дейін тазартуға болады екен, бірақ кейіпкеріміз химик болғандықтан судың тек химиялық құрамын зерттеумен шектелді.
Қалай болғанда да ғалымның бір бағыттағы зерттеуі бірден екі өзекті мәселені шешіп отыр. Ғалымның айтуына қарағанда, Қызылорда облысы жылына 500 мың тонна күріш өндіреді және дәл осыншама мөлшерде қалдық қалады. Ал оны өртегенде ауаға қаншама зиянды заттар тарайды. Мұнай қалдығын өртеуге, көмуге болмайтындықтан жай ғана резервуарларда сақтап отыр. Міне, құр жатқан қалдықтарды, ауаны ластайтын мұнай шламын да, күріш сабаны мен қауызын да кәдеге жаратуға болады. Яғни, кәріз суларын тазартуға, медицинада, күнделікті тұрмыста және бағалы металдар өндірісінде кеңінен қолданылатын белсендірілген көмір алынатынын дәлелдеді. Қажетсіз қалдықтан пайдалы өнім шығарып қоғамға, адамзатқа, экономикаға, экологияға қаншама есе пайда келтіріп, игі іс істеуге болатынын көрсетті.
Бұл жобалары Ғылым комитетінің 27 млн теңгеден аса қаржылай қолдауымен зерттеліп, патенттелгені болмаса, өкінішке қарай, әлі өндіріске енгізілмеді. Алдағы уақытта кейіпкеріміз кәріз суларын және басқа да өндіріс орындарының қалдық суларын тазалау бойынша ұсыныстар бермек.
Дегенмен, кейіпкеріміздің Ғылым қорынан 430 млн теңгеге қаржыландырылып, өндіріске енгізілген жобасы да бар. Бұл – мұнай шламынан қайтадан мұнай алу технологиясы. Мұнай алу, дайындау, өңдеу кезінде 1-1,5 пайыз мөлшерінде мұнай шламы түзіледі. Мұнай шламы дегеніміз – мұнай мен су, тұздың бір-бірімен бөлінбей қалған қойыртпақ, қара түсті болып келетін қоспасы. Ешкім оны қазір өңдеумен айналыспайды. Өйткені оның шығыны мұнайды өңдеуге кететін қаржыдан асып түседі. Ғалым өзінің жұмыс тобы және бизнес-әріптесімен бірігіп осы жұмыстың шығынсыз әдісін іске қосты. Бұл үшін кейіпкеріміз бастаған топтың жалғыз талабы бар: мұнай шламындағы мұнайдың мөлшері 20 пайыздан төмен болмауы керек. Әр өндіріс орнынан шығатын мұнай шламының мөлшері, құрамы әртүрлі. Мәселен, «Құмкөл» кен орнында жинақталған мұнай шламындағы мұнайдың мөлшері – 30 пайыздан жоғары, өңдеу тиімді. Ғалым өзінің зерттеу тобы, бизнес-әріптесі мен мұнай компаниясымен серіктестікте жүргізілген жұмыстың нәтижесінде күніне 5 текше метр мұнай шламын өңдейтін қондырғы ойлап тапты. Осы жаңа технологиямен Германияда жасалған қондырғыны ғалымның студент, магистрант, жас ғалым деңгейіндегі шәкірттері өндіріске енгізу бағытында белсене жұмыс істеп жатыр.
Нұрбол Орынбасарұлы бүгінде өзі білім алған Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанындағы Химиялық зерттеулер және технологиялар институтының директоры қызметімен ЖОО-ның Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры міндетін қоса атқарып жүр. Еңбегі де еленіп, 2010 жылы талантты жас ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендияны, «Қазақстан Республикасының үздік оқытушысы – 2016» грантын иеленді және Қазақстан ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін берілетін төсбелгімен марапатталды. Кейіпкеріміздің монография, оқу құралдары, шетелдік және отандық беделді ғылыми басылымдардағы мақалалар, халықаралық ғылыми конференция материалдары түріндегі 230-ға жуық ғылыми еңбектері жарық көрген, оның ішінде өнертабыс, инновациялық, пайдалы модель түріндегі 40 патенті бар. Сондай-ақ ол – химия ғылымдарының кандидаты, профессор, Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі.