- «Жаңа астана – ежелгі қазақ жерінің төрі», - деп атап өткен қаламыздың бас архитекторы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елорданы Сарыарқаға көшіру туралы тарихи шешімінің уақыт өткен сайын құны артып келеді.
Ел ретіндегі тұтастығымызды нығайтып, шығыс пен батыстағы, солтүстік пен оңтүстіктегі ағайынның басын қосқан құт-мекенімізге айналды. Кішкентай ғана Ақмоладан миллионнан аса тұрғыны бар Нұр-Сұлтанға дейін ұлғайған шаһарымыздың өзіндік жетістіктері де, өзіне тән мәселелері де бар, - деді қала әкімі.
2000 жылы 400 мың халқы бар ел астанасы бүгінде жұртшылығы 1 млн 200 мыңға жеткен мегаполиске айналып отыр. Сол кезде жылына 4 жарым мың бала өмірге келсе, қазір 25 мың бала дүние есігін ашады екен. Ішкі көші-қонның да бас қалаға деген бағыты толастамақ емес. Яғни, жыл сайын 50 мыңнан астам адам елордаға бет түзейтін көрінеді. Соған сай қаланың көлемі 2000 жылғы 300 мың шақырымнан бүгінгі 800 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайған. Әрине мұндайда көшелердің саны да көбейіп, білім беру, денсаулық, баспана, жол-көлік инфрақұрылымы сияқты көптеген салада өсу болатыны анық. Осыларды айтқан әкім ең алдымен бас қаланың білім беру саласына тоқталды.
2023 жылға дейін 50 мектеп салынады
«Қазіргі уақытта бізде 8 мектеп – 3 ауысымды. 14 мектептегі балалардың саны шамадан тыс көп. Бұл біріншіден, білімнің сапасын төмендетсе, екіншіден, мұғалімге деген салмақты арттырып отыр. Былтыр біз 5 мың орындық 6 мектеп аштық. Ол үш ауысымды 3 мектептің мәселесін шешті. Бірақ әлі де үш ауысымды 8 мектеп бар. 14-і толып тұр. Сондықтан биыл екі есе көп жаңа мектеп ашамыз. Өткен жылы салынып басталған мектептердің құрылысы биыл аяқталады. Бірақ әлі де жеткіліксіз. Сондықтан 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарымыз бойынша тағы 50 мектеп салу жоспарланған», деді А.Көлгінов.
Нақтырақ айтқанда, биыл 10 мың орындық 12 мектеп салу және 23,7 мың орындық 16 мектептің құрылысын бастау жоспарланған. Бұл жоспарға жету үшін тек мемлекетке қарап отыра бермей, инвесторларды да тарту көзделгенін жеткізген қала басшысы 77 млрд теңге қаржы жұмсалатын 24 мектепті инвесторлар салатынын атап өтті.
Бас қаладағы білім саласының басты мәселелерінің бірі – маман тапшылығы. Алтай Көлгіновтің айтуынша, елордада 17 мыңнан астам мұғалім қызмет етеді, жаңадан ашылатын мектептерді қоса есептегенде тағы мыңға жуық педагог керек. «Қазіргі уақытта мұғалімдердің саны көбейді. Бірақ жетіспеушілік әлі де бар. Бізге 250 маман жетіспейді. Сол үшін мұғалімдерге жағдай жасауымыз керек. Президенттің тапсырмасына орай биылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға артты. Біліктілігін арттырса оған да қосымша жалақы алады. Яғни, ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистр дәрежесі үшін қосымша 10 АЕК мөлшерінде қаржы төленеді. Сонымен бірге білім гранттары, жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін алғашқы жарнаға сертификаттар беруіміз керек. Осындай жүйелі түрде қолдау көрсетіледі», деген А.Көлгінов өткен жылы педагог мамандарға 250 білім гранты бөлініп, 350 жас педагог мамандарға арналған жатақхана ашылғанын айтты. Сондай-ақ мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Кембридж университетімен жоба жүзеге асырылуда.
Астанадағы балабақша мәселесі де қала басшысының назарынан тыс қалмады. Нұр-Сұлтанда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мектепке дейінгі білім берумен 98,4 пайыз қамтамасыз етілген. Балабақшалардың 94-і мемлекеттік болса, 237-і – жекеменшік. «Бұрын жеке балабақшалар болған жоқ. Қазір бизнеске деген мүмкіндік көбейді. Кәсіпкерлер жақсы жұмыс атқаруда. Әр балаға 28 мың теңгеден мемлекеттен субсидия беріп отырмыз. Мұның мемлекетке де, кәсіпкерге де, ата-анаға да пайдасы бар. Егер біз 80 нысан салуымыз керек болса, бюджеттен 96 млрд теңге қажет етер едік. Ал жеке балабақшалардың салынуының нәтижесінде мемлекет 10 еседен артық қаржыны үнемдеді. Яғни жеке бизнес өзінің бизнес моделін құрып, өзінің қаражатына салады. Біз оларға 6,5 млрд теңге субсидия береміз. Міне, осылайша бизнеске де қолайлы жағдай жасалып отыр. Осыны біз әрі қарай жалғастыратын боламыз», деді ол.
Ақ халаттылар әлі де аз
Денсаулық сақтау саласы нарықтық экономиканың жағдайына көп бейімделгені рас. Еліміздің экономикалық дамуындағы жетістіктерімен қала халқын әлеуметтік дамыту жүйесі де тығыз байланысты екенін атап өткен Алтай Көлгінов соңғы 20 жылда ел астанасындағы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 10 жылға ұзарғанын жеткізді.
«2000 жылдың басында орташа өмір сүру ұзақтығы 65 жас болса, қазіргі уақытта 76 жасқа ұзарған. Бұл өмір сапасының жақсарғанының белгісі. Ал қаладағы жағдайға келетін болсақ, денсаулық сақтау нысандарына айтарлықтай салмақ түсуде. Былтыр 12 нысан аштық және оның саны көбейе береді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған үйлердің бірінші қабатында осындай нысан ашатын боламыз. Уәлиханов көшесіндегі үйдің бірінші қабатында ашылғаны сияқты Ұлы дала және Бейсеков көшесіндегі үйлердің бірінші қабатында емхана, оңалту орталығы, балаларға арналған шағын орталық және учаскелік полиция пункті ашылады», деді ол.
Әкімнің айтуынша, қалалық жедел жәрдем стансасындағы 84 автокөлік 63 пайызға тозған. 11 көлік жаңадан сатып алынып, 16 машина жаңартылған. Нәтижесінде, жедел жәрдем қызметі 15 минуттан 3 минутқа дейін қысқарып, «алтын сағатқа» қол жеткізіп отыр. Бірақ әкімге медицина қызметкерлерінен келіп түсетін шағымдардың көбі жедел медициналық көмек көрсету кезінде шлагбаум, арнайы карточканы қажет ететін ақылы лифттердің кедергі болатынына байланысты болып отырған көрінеді. Алтай Көлгінов бұған да тиісті шешімдер қабылданатынын айта келіп, қаладағы сапасы сын көтермей тұрған кейбір апатты жағдайдағы ауруханалардың жайына тоқталды.
«Орталық теміржол ауруханасы апатты жағдайда екенін білесіздер. Былтыр аталған мәселе бойынша Нұр-Сұлтан қаласын дамыту бойынша Мемлекет басшысының берген тапсырмасы бар. Оның қасындағы әскери емханаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жыл басында осы аурухананы сонда көшірдік. Бұл мәселені түбегейлі шешу үшін инвесторларды тарта отырып, мемлекет-жекеменшік серіктестік бойынша Сарыарқа ауданында көпсалалы жаңа аурухана салмақпыз», деді ол.
Медицина саласында да маман тапшылығы бар. Бұл елордада да өзекті екені рас. Сондықтан бұл салаға маман тартудың бірден-бір жолы әлеуметтік көмектің көлемін арттыру екені анық. «Нұр-Сұлтанда 14 мыңға жуық медицина қызметкерлері бар. Бізде 500-ге жуық дәрігердің жетіспеушілігі болған. Былтыр бұл мәселенің жартысын шештік. Сондықтан дәрігерлер үшін де әлеуметтік пакет дайындалады. Қолжетімді баспана – жатақханалар беруді жалғастырамыз», деді А.Көлгінов.
Бас қала халқы баспанамен қамтыла бермек
Бас қаладағы басты мәселенің өзектісі де осы баспана мәселесі болса керек. Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қолжетімді баспанаға кезекте тұрғандардың саны – 48 мың адам. Бұдан бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен 214 мың салымшы өзінің есепшотын ашқан. Былтыр бір жылдың ішінде 59 мың адам өзінің есепшотын ашыпты. «Өткен жылы 2900 пәтер бердік. Президенттің тапсырмасына сәйкес 1050 жұмыс істеуші жастарға үй бердік. Енді биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұны 3 есе көбейтеміз. Біз 10 мың пәтердің құрылысын бастаймыз. Соның 8 мыңын жылдың соңына дейін аяқтауды көздеп отырмыз. Оның барлығы қолжетімді баспана, осы мұқтаж азаматтарға арналған», деді Алтай Көлгінов.
Атап айтқанда, былтыр бюджеттік мекеме қызметкерлеріне, әлеуметтік әлсіз санаттарға 465 тұрғын үй сертификаты берілген. 727 адам «Бақытты отбасы» бағдарламасымен 9,6 млрд теңге сомасында жеңілдікпен несие алған. 2019 жылы 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй салынса, биыл 2 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынбақ.
Газ тарту ауа райының ластануын 25 пайызға азайтады
Газдандыруға көшкеннен кейін елорда ауасының ластану индексі 25 пайызға төмендейді.
«Елорда ауасының жағдайы мәз емес екені белгілі. Оған бірнеше фактор себеп болып отыр. Атап айтсақ, ЖЭС-1, ЖЭС-2 жылына 3,8 млн тонна көмірді жағады. Одан бөлек, қаладағы жеке секторлар жыл сайын 500 мың тонна көмір тұтынады. Бұдан атмосфераға қаншалықты зиян келіп жатқанын есептей беріңіз. Сонымен қатар геометриялық прогрессия бойынша саны артып келе жатқан автомобильдерден шығатын улы газдарды қосыңыз. Көліктер жылына 92 мың тонна ластандырушы газ шығарады екен», деді Алтай Көлгінов.
Әкімнің айтуынша, бірінші кезекте газбен қамтамасыз ету автоматтандырылған газ таратушы стансалар есебінен ЖЭС-1, ЖЭС-2, ЖЭС-3-ке жүргізіледі. Одан соң «Көктал-1», «Көктал-2» тұрғын алаптарына газ таратушы желілер қондырылады. Бұдан кейінгі кезекте желілер «Оңтүстік-Шығыс» және «Теміржолшылар» тұрғын алаптарына дейін орнатылады.