Қоғам • 14 Ақпан, 2020

Урбандалу үрдісі адами капиталды тиімді пайдалануды қажет етеді

5216 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2050 жылға қарай Жер шарындағы халықтың үштен екісі қалаларда өмір сүреді. Қазір күн сайын шаһарларға 180 мыңдай адам көшіп жатыр. Дамыған мемлекеттерде қалалықтардың саны жылма-жыл 60 млн адамға көбеюде. Мұндай деректі БҰҰ Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес келтірді. Осы ретте адами капиталды дамыту индексі бойынша Қазақстан 200-ге жуық елдің арасында 50-орынға тұрақтаған-ды. БҰҰ ДБ бұл көрсеткішті денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салалардағы негізгі жетістіктермен байланыстырып отыр. Соған қарамастан отандық талантты мамандардың шетелге миграциясы тоқтамай тұр.

Урбандалу үрдісі адами капиталды тиімді пайдалануды қажет етеді

 

Адами капиталды дамытуда өсім байқалды

Кез келген мемлекеттің әлеу­меттік-экономикалық дамуы қал­а­лардың өркендеуімен тікелей байланысты. Бұл ежелден қа­лыптасқан аксиома. Ал осы­ған әсер ететін бірден-бір фактор – урбандалу процесі. Қа­зір әлем халқының 3 млрд-тан аст­амы қалаларда өмір сүруде. Алайда мына нәрсені ескеру қажет. Бұл үрдіс тек тиімді басқару мен дұрыс жобалаудың нәти­жесінде ғана тұрақты даму мақсат­тарына қол жеткізуге көмек­теседі. Ал стихиялық сипат­тағы урбанизацияның теріс әсері жетерлік. Мәселен, қазір көпте­ген қалалық аймақтар ауыл­дық елді мекендердің құлдырау есебінен өсіп келеді. Яғни, тұрмысы нашарлаған ауыл халқының қаладан жұмыс із­­деуіне тура келеді. Бұл қала ин­фра­құ­рылымына әжептәуір сал­мақ түсірсе керек. Демек, гео­мет­риялық тепе-теңдік сақталуы тиіс.

Әдетте ірі мегаполистерге қо­ныс ау­да­рушылар қалағанына қол жеткізе ал­май, кедейлік тау­қыметінің салдарынан жаңадан көшіп келген ағайын баспа­на мен қажетті инфрақұрылымның жоқ­ты­ғына, сол секілді мүліктік құқыққа қа­­тыс­ты проблемаларға жиі ұшы­рап жатады.

Бұған қоса, авто­көлік құрал­да­рының күрт өсуі жә­не эколо­­гия­ның нашарлауы күн­нен-күн­ге өзекті мәсе­леге айна­луда. Осы­ған орай БҰҰ ДБ халықтың өмір сүру деңгейін жақ­сар­ту үшін тұрақты дамуға шақырып отыр. Халық­аралық ұйым урбани­за­ция­­ның тұрақты саясатын жүзеге асыру арқылы халықтың әл-ауқа­тын жо­ға­рылатып, әлеуметтік жағ­дай­ды, қор­шаған ортаны һәм экономиканы жақ­сартуға болатынына сенімді. Бұл тұста зерттеулерге сәй­кес, экономикалық, экологиялық және әлеуметтік тұрақтылық сынды үш өл­шем арасындағы тепе-тең­дік­ті сақтау басты шарт. Сондай-ақ атал­ған мәселеде қалалардың әлеуе­тін арттыру үшін адами ресурсты тиім­ді пайдалана білген жөн дейді халық­аралық сарапшылар.

– Қазақстанда 1990-2018 жылдар аралығында адамның даму индексі айтарлықтай өсті. Нақты айтқанда, өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші өсіп, жан басына шаққандағы табыс 61,8 пайызға жоғарылады. Бұл әжеп­тәуір жетістік. Десе де мұны­мен тоқтап қалмай, әрі қарай жылжу қажет. Қазір қалалық ортада әлеу­­мет­тік теңсіздік мәселесі өзекті про­б­­лемаға айналды. Мысалы, ірі қа­ла­­ларда инфрақұрылымы жақ­сы да­мыған ауқаттылар тұратын аудан­­дар кедей аудандармен іргелес орналасқан. Қазақстанның жағ­да­йын­да және жаһандық дең­гейде урба­низацияның бере­тін мүм­кін­діктері көп. Қала­лар эконо­ми­ка­лық өсудің, иннова­ция­ның, жұмыспен қамтудың катализато­ры­на айналуы тиіс. Заманауи инфра­құры­лым, цифр­лы технологиялар, білім беру жүйесі өркендеуге жол ашады. Оның үстіне қала халқы­ның өсуі нәтижесінде эконо­мика­дағы өнімділік пен тиімділік көрсеткіші арта түседі. Өндірістік тұтынудың жаңа әдістері пайда болып, инновацияның деңгейі өседі. Сонымен қатар қалалық аймақ­тар­ды тұрақты өсуді қамтитын әлеу­мет­тік трансформация зертханала­ры ретінде қарастырған абзал. Де­ген­­мен бұл сонымен бірге жаңа қауіп-қатерді де туындатып отыр. Әсіресе ауаның ластануы, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы түйт­кіл­дер, арнаулы қызметтердегі артық жүктеме, қалалық құрылыс бағы­тындағы жүйесіздік кейбір ауда­ндарда қиындық тудыратыны анық, – деді БҰҰ ДБ-ның Қазақ­стан­дағы тұрақты өкілі Якуп Бериш.

Жасанды интеллект қиындық тудыруы мүмкін

Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, соң­ғы 18 жылда елімізде кедейлік деңгейі 6,5 пайыздан 1 пайызға дейін тө­мендеп, жан басына шаққандағы табыс көлемі 8 есе өскен. Әйтсе де, отан­дық дипломат елімізде түр­лі деңгей­дегі теңсіздіктің бар екенін жоқ­қа шығар­мады. Бұл тек адам ұғы­мындағы дәстүрлі теңсіз­дікке қатысты ғана емес. Оған тех­но­ло­гиялық контекст тұр­ғысын­да­ғы теңсіздікті жат­қы­зу­ға болады дей­ді ол.

– Жоғарыда айтылған мәсе­ле­лер тек теория жүзінде ғана қа­рас­­тырылмау керек. Онымен іс жү­зін­де айналысқан жөн деп есеп­тей­міз. Бүгінде түрлі техно­ло­гия­лық жетістіктер адамзат игілі­гі­не қыз­мет етумен қатар қауіп-қатер ту­дыр­уы мүмкін екенін де естен шы­ғар­­маған дұрыс. Тұрақты даму бір­лес­кен әрекет­терді және көлемді ин­вес­тиция­ны қажет етеді. Сонымен бірге бұл мемлекеттік органдарға, биз­­неске, үкіметтік емес ұйымдарға үлкен міндет жүктейді. Әлбетте оны жұмыла іске асыруға болады, – деді Е.Ашықбаев.

 Инфрақұрылым сапасы нашар

Жағымды көрсеткішпен бірге атал­ған бағытта кемшіліктер де жоқ емес. БҰҰ ДБ келтірген мәлі­мет бойынша еліміздің басым бөлі­гінде антропогендік ортаның, оның ішінде ғимараттардың, инфра­құрылымның, жолдардың, көлік жүйелері мен қоғамдық орын­дар­дың сапасы төмен болып шықты. Сол себепті антро­по­гендік ортаны жақсарту ерекше назарды талап етеді. Неге десеңіз, адамның дамуы, яғни әл-ауқатының артуы осыған байланысты болса керек. Бұдан басқа ұйым сарапшы­ла­ры Қазақстан аймақтарында адами ресурстарды дамыту индика­тор­ла­рында теңсіздікті байқапты. Аны­ғы­на тоқталсақ, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары мен Павлодар облысында бұл көрсеткіш жоғары болса, Ақмола, Солтүстік және Оңтүстік Қазақстан облыстарының қала­лық аудандарында төмен деңгейде.

Алдыңғы қатардағы шаһар­лар­дың өзінде мүмкіндіктер толық пай­даланылмай келеді. Әсіре­се ауыз судың, санитарлық ахуал мен жылудың сапасы көңіл көн­ші­­тер­ліктей деуге келмес. Қо­ғам­дық кө­лік­тердің жетіс­пеу­ші­лі­гі тұр­ғын­­дарды жеке көлік­тер­­ді қол­да­нуға мәжбүрлейді. Бұл өз ке­зе­­гін­де кептелектер мен ауа­ның лас­тануына әкеліп соға­ды. Интер­нет­тің жыл­дам­ды­ғы, халық­тың ты­ғыздығы, сондай-ақ жасыл бел­деу­дің көлемі барлық 30 қалада әлем­дік деңгейден едәуір төмен екені анықталды.

БҰҰ ДБ-ның штаб-пәтеріндегі Адами даму бойынша баяндама бөлімінің директоры Педро Консейсаоның айтуынша, соңғы жиырма жылда Қазақстанда жан басына шаққандағы ІЖӨ екі есеге өскен. 2010 жылдан бері өмір сүру көрсеткіші 10 жылға ұзарды. Бұл әлемдік үрдіспен пара-пар. П. Кон­сейсао қазіргі жағдайды ескере келе болашақта кіріс теңсіздігіне әсер ететін факторларды анықтау керек­тігін жеткізді. Осы ретте табыс дең­гейі шегінен тыс, денсаулық сақтау, білім беру және тағы басқа аспекті­ле­рд­і ескеру қажеттігін айтты.

 Ауылға 900 млрд теңге беріледі

Осыдан екі ай бұрын өткен Үкі­мет отырысында Ұлттық эконо­ми­ка министрі Руслан Дәленов Өңір­лерді дамытудың 2025 жылға дейін­гі мемлекеттік бағдарламасын та­ныстырған еді. Жаңа бағдар­ла­­мада басымдықтар қалалық орта­лық­тарды – төрт ірі агломерацияны және өңірлік урбандалған ай­мақ­тарды, сондай-ақ тірек және спут­никтік ауылдарды дамытуға бағыт­талған деді ведомство басшы­сы. 4 ірі агломерациядағы (Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалалары мен оларға іргелес елді мекендер) халық саны 1 млн адамға артты. 2015 жылдан бас­тап урбандалу деңгейі 58,2 пайызға дейін өсті. Ұлттық экономика ми­нис­трі­нің сөзіне сенсек, Орталық Азия ел­дері арасында Қазақстанның ур­бандалу деңгейі ең жоғары – 58 пайыз. Алайда ол Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда төмен. Бұл мем­ле­кеттерде көрсеткіш – 77 па­йыз. Урбан­далу деңгейін 1 пайызға арттыр­ғанда ІЖӨ-нің өсімі 0,12 пайызды құрайды, деді Р.Дәленов. «Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­бе­рін­де ауыл тұрғындарының 90 па­йызы немесе 7 млн адам тұратын 3 477 ауыл жаңғыртылады. Барлығы 1,3 трлн теңге бөлу көзделген. Оның ішін­де ауылдарды дамытуға 2026 жылға дейін 900 млрд теңге бөлу тура­лы мәселе қосымша пысықталып жатыр.

P.S. Елімізде 4 ірі агломерация бар. Олардың арасында бас шаһардың орны бөлек. Елорда еліміздегі урбандалу үрдісінің флагманына айналуы тиіс. Урбанизация бұл халықтың ауылдан қалаға үдере көшуін ғана білдіреді деп түсіну қате. Ірі шаһарлардың тұрақты дамуы тек маңайындағы тірек ауылдардың көмегімен жүзеге асады. Ауылдық елді мекендер алып қалалардың азық-түлік, сондай-ақ өндірістік қалқаны іспетті. Адамның ағзасы сынды осы екі әкімшілік құрылымның симбиозды жұмысының нәтижесінде урбанизация өз жемісін береді.