30 Наурыз, 2010

ДЕНСАУЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

1012 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“Денсаулық” журналына – 20 жылСонау өткен ғасырдың оты­зыншы жылдары негізі қа­ланған “Денсаулық жолы” журналы со­лақай заманның соқпағына тап келіп, үш жылдан кейін жабылып тынған. Содан араға 60 жыл салып, 1990-шы жылдары еліміз үшін күрделі кезеңнің қиындығына қарамастан “Денсаулық” жур­налының оқырмандарымен қайта қауышуына тұңғыш редакторы, бел­гілі қаламгер Бейбіт Қой­шы­баевтың еңбегі зор екенін атап өткеніміз жөн болар. 1992 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің органы ретінде көпшілікке ар­нал­ған басылымды марқұм, жазушы Жақсылық Түменбаев басқарды. Одан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы реформаларға бай­ланысты журнал дербес басылымға ай­налды. 1993 жылдан мем­ле­кетіміздің қалыптасу кезеңдерінде өз оқырмандарын сақтап қалуда, оның ғылыми-көпшілік журнал болып қалыптасуына көп еңбек сіңірген басылымның бас редак­торы Мол­дахмет Қаназдың да еңбегі ерен. Жуырда осы журналдың ме­рей­тойына арнайы келген Денсаулық сақтау вице-министрі Елжан Біртанов еліміздің бас дәрігері Жақсылық Досқалиевтің денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді көтеріп, жұртшылыққа пайдалы материалдар жариялауда еңбектеніп жатқан журнал ұжымына деген құттықтауын оқып, өз атынан да редакция қызметкерлерінің жұ­мысына сәттілік, шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, Мәдениет министрі М.Құл-Мұхаммед пен Қазақстан Журналистер одағының төрағасы С.Матаевтың құттықтауын жет­кізген “Қазақ газеттері” ЖШС-нің бас директоры Жұмабек Кенжалин өз атынан да әріптестеріне жылы тілегін арнады. Сонымен бірге өз жүрекжарды лебіздерін басы­лымның ақылдастар алқасының мүшелері Камал Ормантаев, Бегалы Айтбембет, Бейбіт Қойшыбаев, Сәуле Диқанбаева Исатай Құл­мамбет, Жасай Зекейұлы да білдіріп, ұжымның жұмысына табыс тіледі. Жиында басылым қыз­мет­керлерінің еңбектері бағаланып, бөлім редакторы Ұлпаш Тілегенова “Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін”, бас редактордың орынбасары Ұлбосын Қаназ, жа­уапты хатшысы Абатбай Кір­қабақов “ҚР денсаулық сақтау ісі­нің үздігі” төс белгілерімен, көр­кем­­деуші редактор Ақбота Құл­мамбет Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, журнал қызметкерлерімен қатар белсенді авторлары да Байланыс және ақпарат министрлігінің, Жур­на­листер одағының, Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталары мен бағалы сый­лықтарына ие болды. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.