Таным • 17 Ақпан, 2020

Әуелгі жазудан оқымастың оқуына дейін

385 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әуелде сөз пайда болған дейді. Әлқисса.

Ақпарат бағзы замандардан бе­рі адамдардың аса маңызды құн­ды­лықтарының бірі болып келеді. Натан Ротшильд кемеңгердің: «Ақ­паратты білген адам әлемге иелік етеді» деген сөзі осының дәлелі. Тарихқа көз салсақ, хандар мен тай­па көсемдері, король, князьдер ежелден өз мұрагеріне тек екеуіне ғана мәлім ұлттық құпияларды айтып отырған. Негізінен ең құнды ақпарат мұрагерлік жолмен, яғни жеке отырғанда берілетін.

Әуелгі жазудан оқымастың оқуына дейін

Бұл үрдіс ғасырлар бойы, бәлкім, мыңдаған жылдарға жалғасты. Тіпті адамдар жаза бастағаннан кейін де естелік жазбалар, кітаптар аз таралыммен шығып тұрған. Тек кітап басу пайда болған соң, яғни жаппай таралым қолға алынғанда ақпарат аса үлкен қарқынмен тарала бастады. Бұл күллі адамзат тарихындағы ең маңызды техникалық төңкеріс еді. Осылайша Гутенбергтің арқасында әлем өзгеріп сала берді.

Енді сауаттылық мәселесі адамзат алдына жаңа міндеттер қойды. Тың білім іздеген көптеген адам үшін кітап оқу әрі құралға, әрі жол­бас­­шыға айналды. Бірақ әлемді ба­ғындыруға бел байлағандар жаппай сауаттылықтан пайда көрді. Бі­лімді халық арасында қажетті ақ­парат тез таралуы үшін пайдаланып, са­уатсыздықты шұғыл және жаппай жоюға тырысты. Сөйте тұра «бі­лім­ді» халықты уыста ұстау мүм­кін­дігі пайда болды.

Қыш тақтайшаларда, күміс тос­тағандарда, жартастарда, папирус­тарда, пергаменттерде сақталған ежелгі мәтіндер өз дәуірімен бірге кетті. Гутенбергтің кітап басу технологиясын ғұмырлы қылған қағаз ғана жазуды жүздеген жылдар бойы сақтады. Кейінгі екі-үш ұрпақтың өмірінде жазу мен ақпаратты сақ­тайтын түрлі дүниелер ойлап табылды. Фотопластинкалар, кинотас­палар, фотографиялар, магнитофондар мен бейне, кассеталы, дискілі ойнатқыштар, шеллакты, кейін ви­нилді грампластинкалардың күй­сандықтары… Алайда бұл тасы­мал­дағыштардың барлығы ұзақ мер­зімді болмай шықты. Сөздің түйі­ні: адамға қағаз ғана бес ғасыр­дан астам қызмет ете алады екен.

Мәскеуден шығатын бір әде­би газетте автор былай деп оқиға­сын айтыпты: «Менің «Сен Хемин­гуэй­дің «Мұхиттағы аралын» оқып па едің?» деген сауалыма до­­сым роман­ды көлікте отырып, аудио­нұс­қасын тыңдағанын айт­­қанда ол менің сұрағымды тү­сін­бегендей көрінді. Мұндай жа­уап­тан соң, Лев Тол­стойдың «Анна Каренинасын» сұ­расам, ол Майя Плисецкаяның қатысуымен өткен балетті көргенін, оған осының өзі жет­кілікті екенін айтатынына сенім­ді­мін». Бізде де тап осы жағдай. Қаз­ақ ертегілерін мульт­фильм сияқты көр­ген балаға мәз боламыз. Асылы тү­бі кітап оқитындар теледидар кө­ре­тін­дерді басқарады. Неге десеңіз, ит, сиыр, тауық әлемді көз алдында өтіп жатқан қозғалыс үстіндегі су­рет­тер тізбегі ретінде көреді екен. Ки­но­театрда яки теледидар алдында отырған көрермен де осы күйді бас­тан кешеді. Клас­си­калық әде­биетті аудиожазба фор­матында тың­дай­тындар туралы да мәселе осы­ған саяды. Есту – бұл басқа белгі бе­ру жүйесі, оны күллі жануарлар әлемі: аю да, түлкі де, қарға да қол­дана алады. Осындайда оқуды өте жақ­сы көрген Гоголь шығармасының ке­­йіпкері – құл Чичиков ойға оралады. Оған не оқыса да бәрібір еді – ол мәтіннің сұлулығынан емес, адам­­ның әріптерден сөз, сөздерден мән­ді сөйлем құрауынан кәдімгідей ләз­зат алатын. Демек, Гоголь ХІХ ға­с­ырдың алғашқы жартысында-ақ адам­­ның миы біз өз мүмкіндігінше пай­даланбайтын аса қуатты компьютер деген тұжырымға келген. Егерде әл­гі Чичиков сол қалпымен қазіргі біз­­дің қоғамда өмір сүрсе, оқымастың оқуы­на айтар тірі мысалымыз болар еді.