Қазақстан • 17 Ақпан, 2020

Қазақстандағы көші-қон процестері қалай реттеледі?

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов көші-қон процестерін реттеу және ішкі еңбек нарығын қорғау мәселелеріндегі жаңа әдістерді жария етті.

Қазақстандағы көші-қон процестері қалай реттеледі?

Министр 1991 жылдан бері 1 миллион 57 мың этникалық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алғанын айтты. 2019 жылы республикаға 9 993 отбасы (17,7 мың этникалық қазақ) келді, 597 оралман отбасы (2 мың адам) қабылдау өңірлерінде қоныс аударды.

Азаматтық алу үшін құжаттарды тапсырып үлгермеген 8,2 мың этникалық қазақ өткен жылғы қандас мәртебесін ұзарту бойынша біржолғы акция шеңберінде Қазақстан азаматтығын алды.

«2019 жылы шетелдік жұмыс күшін (бұдан әрі – ШЖК) тартуға бөлінген квота  шеңберінде жергілікті атқарушы органдар 25,5 мың рұқсат берді (2019 жылға квота 48,7 мың бірлікті құрады), оның ішінде компания басшылары, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелер менеджерлері мен білікті мамандарға рұқсаттардың 80%-ы берілді. Жұмыс берушілер 8,2 млрд теңге салық алымын төледі. Сонымен қатар компаниялар кадрлардағы қазақстандықтарды қамтуды қамтамасыз ету талаптарын сақтауда, оның үлесі 96%-ды құрайды», – деді Біржан Нұрымбетов.

2020 жылға шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға қысқарып, 29,3 мың бірлікті құрады.

Қолданыстағы көші-қон жүйесін жетілдіру, елге келген этникалық қазақтар мен мигранттар үшін қолайлы жағдайлар жасау, сондай-ақ ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында көші-қон процестерін реттеу туралы заң жобасы әзірленді, ол Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісінде қаралып жатыр.

«Заң жобасы аясында қандастарға тұруға және Қазақстан азаматтығын алуға бір өтініш беру құқығын қарастыру ұсынылады. Қандастарға «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін оңтайландыру көзделіп отыр. Сондай-ақ шетелдік білікті қызметкерлерді қазақстандық кадрлармен ауыстыру жөніндегі міндеттемелерді жұмыс берушілерге жүктеу ұсынылады. Рұқсат тек ішкі еңбек нарығында мамандар болмаған жағдайда ғана берілуі тиіс», – деді Біржан Нұрымбетов.