Үкімет • 18 Ақпан, 2020

Көпбалалыға жәрдем де көбірек

936 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел-жұрт Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін көп іздейді, көп мазалайды. Жәрдемақы, көп балалы ана, жұмыссыздар мәселесі соңғы кездері жиі көтеріліп, қоғамда жиі талқыланып жатқандықтан, бұл министрліктің мойнына жүктелер міндет те ауыр. Әйтеуір халықпен өте тығыз қарым-қатынас жасайтын осы ведомствоның әр жаңалығына, әр жақсылығына жұрт үмітпен қарайды.

Көпбалалыға жәрдем де көбірек

Содан болар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2019 жылғы жұмыс қорытындысы және 2020 жылға арналған негізгі міндеттер бойынша өткен алқа отырысында алдымен әңгімені жұмыссыздар, жәрдемақы, көп балалы аналардың мәселелерінен бастады. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты.

Министрлік 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілген көп балалы отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақыларды енді 8-ші және одан кейінгі балаға саралауды жоспарлап отыр. Сонымен 2019 жылдың қоры­тындылары бойынша 486 мың отбасына немесе 2,4 миллионға жуық адамға атау­лы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Жалпы алғанда, АӘК 244,2 млрд теңге сомасында төленді.

– Көп балалы отбасыларға табыстарына қарамастан балалар санына қарай сараланған мөлшерде 42 500-ден 74 400 теңгеге дейін төленетін жәр­дем­ақы енгізілді. Бұл жәрдемақы қазір­дің өзінде шамамен 370 мың отбасына төленді. 2020 жыл­ға осы мақсаттарға бюджетте 177,6 млрд теңге қарасты­рыл­ған. Қазіргі уақытта 8-ші және одан кейінгі балаға арналған жәрдем­ақыларды шамамен әр балаға 4 АЕК-тен саралау мәселесін қарас­тырудамыз. Мысалы, 8 бала­ға берілетін жәрдемақы мөл­шері 85 мың, 10 балаға – 106 мың, 15 балаға 159 мың теңге­ні құ­рай­ды, – деді Біржан Нұрым­бетов.

Айтпақшы министр жаңа тәсілдерге сәйкес АӘК тоқсан сайын тағайындалатынын атап өтті. Егер еңбекке қабілетті әлеу­меттік көмек алушылар жұмыс­қа орналасуға жәрдемдесу шара­ларынан бас тартса, онда АӘК көрсету бүкіл отбасына тоқта­ты­латын болады.

Биыл 1 ақпа­нда көмек 37,4 мың­нан астам отбасына немесе 187,3 мыңнан астам адамға, соның ішінде 122,9 мың балаға тағайын­далды. Сонымен қатар табысы аз отба­сы­лардың балалары үшін кепіл­дендірілген әлеуметтік топтама енгізілді және беріле бастады. Енді әкімнің әлеуметтік мәсе­лелер жөніндегі орынбасарлары кепілдендірілген әлеуметтік топтамалардың уақтылы берілуін қамтамасыз етуі керек. Табысы аз отбасындағы әрбір балаға мем­лекеттік көмек көрсетілуі қажет.

– Жыл сайын елімізде 400 мың­ға жуық сәби дүниеге келеді. Ана мен баланы қолдау үшін бір­қатар жәрдемақы қарасты­рылған. Сонымен бала туу және 1 жасқа дейінгі баланың күтімі үшін жұмыс істемейтін ана­ларға бюджеттен мемлекеттік жәрдемақы, ал жұмыс істейтін аналарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер қарастырылған. 2019 жылы бюджеттен 78 млрд теңге, МӘСҚ-дан 167 млрд теңге бө­лінді. 2020 жылы бюджеттен 84 млрд теңге және МӘСҚ-дан 187 млрд теңге бөлінеді, – деді бұл жөнінде министр.

Сондай-ақ ол бала күтімі бойынша демалыста жүрген әйелдердің зейнетақы жарналары субсидияланатынын атап өтті. 2019 жылы 5 млрд теңге бөлінгенін, 2020 жылға 6 млрд теңге қарастырылғанын айта кетті. «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, «Батыр ана» атағын алған 235 мың көп балалы анаға арнайы жәрдемақы төленуде. Мүм­кін­діктері шектеулі балаға, бала кезінен бірінші топтағы кәме­летке толған мүгедекке күтім жасап отырған 99 мың адам ай сайын жәрдемақы алады.

2019 жылы ана мен баланы қолдауға бюджеттен жә­не МӘСҚ-дан 372,4 млрд теңге бөлінді. 2020 жылға осы мақ­сат­тарға 558,5 миллиард теңге қарастырылған. Енді министрлік бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 немесе 3 жыл­ға дейін ұлғайту нұсқаларын қа­рас­тыруда.

Ал жұмыспен қамту мәсе­ле­сіне келетін болсақ, «Еңбек» мем­лекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қам­туға жәрдемдесу шаралары­мен қам­туды 660-тан 735 мың адамға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Нә­ти­желі жұмыспен қамтуды жә­не жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 660 мың адам қамтылды. Олардың 36 пайызы – жастар, жартысына жуығы әйелдер және 60 пайызы – ауыл тұрғындары.

– 450 мың адам жұмысқа, оның 383 мыңы немесе 85 па­йызы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 150 мыңнан астам адам оқытылды, соның ішінде 75 мың адам бизнес негіздеріне оқудан өтті. Өз ісін дамыту үшін шамамен 18 мың жеңілдетілген микрокредит, 40 мыңнан астам мемлекеттік грант берілді. Бұл 18 мың қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Мемлекет субсидиялаған жұмыс орындарына 140 мың адам жұмысқа орналастырылды. Солтүстік өңірлерге 9 мыңнан астам адам қоныс аударды, оның 4,5 мыңы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, олардың басым бөлігі жұмыспен қамтылып, бизнесін дамытып, басқа да қолдау шараларын алып жатыр. Қазір жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Егер арнайы бағдарлама болмаса, бүгінгі таңда жұмыссыздықтың деңгейі 7,9 пайызды құрайтын еді, – деді Біржан Нұрымбетов.

1991 жылдан бері 1 млн 57 мың этностық қазақ тарихи отанына оралып, оралман мәртебесін алған. 2019 жылы республикаға 9 993 отбасы (17,7 мың этностық қазақ) келді. Азаматтық алу үшін құжаттарды тапсырып үлгермеген 8,2 мың этностық қазақ өткен жылғы оралман мәр­тебесін ұзарту бойынша біржол­ғы акция шеңберінде Қазақстан азаматтығын алды.

Жамбыл облысында тұрғын­дардың тұрмыстық табысын жақ­­сарту жобасы қолға алынып, республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінгені бел­гілі. Жиында Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков осы жоба бойын­ша бүгінде 7885 аула қамтыл­ғанын айтты. Оның 2459 өтінімі «Тараз» ӘКК АҚ арқылы несие­лендіріледі, қалған аула­лар кооперативтер арқылы қар­жы­­лан­дырылады. Бұл жоба қо­сым­ша табыстың 41,6 мың теңге­ден 104,1 мың теңгеге, ауыл ша­руашылығы жалпы өнім­і­нің 2,2 есеге өсуіне, 2 229 өзін өзі жұмыспен қамтыған және жұ­мыссыз азаматтарды жеке кәс­іпкер ретінде тіркеуге, АӘК алушылар санын 1 154 отба­­сы­нан 799 отбасына дейін қыс­қартуға, сүт пен етті қайта өңдеу кәсіпорындарының орташа жүктемесін 20-25 пайызға арттыруға мүмкіндік бермек.

Алқа жиналысында сондай-ақ 2020 жылға шетелдік жұ­мыс күшін тарту квотасы, мүге­дек­терді әлеуметтік қолдау мен бейім­деу, еңбек қауіпсіздігі мен ең­бекті қорғауды бақылауды және қазақстандықтардың ең­бек құқықтарын қорғауды қам­та­масыз ету және басқа да салалар бойынша кеңінен әңгіме болып, мамандар өз ой-пікірлерін ортаға салды.