Облыстағы басқа аудандар сияқты Ертіс, Май аудандарының жұртшылығы да ауыз суға зәру. Осыдан он жыл бұрын бұл мәселені ауылдарда кешенді блок модулін (КБМ) орнату арқылы жасаймыз, ауылдар суға қарқ болады дедік. Бастама жерде қалғандай. Ауылдарды орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз ету жыл сайынғы жолдауларда айтылып келеді. Бұл әлеуметтік-экономикалық жаңартудың алғышарттарының бірі, өйткені, халықтың денсаулығы қандай су ішіп отырғанымен байланысты. Жергілікті басшылардың КБМ-дардың ауылдардың суға деген қажеттіліктерін өтей алмайтынына көздері жетті. Бұрынғы топтық су құбырларын қайтадан жаңғыртатын жаңа жобаларды қолға алу керектігін түсінді. Сөйтіп, республикалық бюджет есебінен екі аудандағы топтық су құбырын қайтадан қалпына келтіру жөніндегі шешімге де қол жеткізді.
Облыстағы басқа аудандар сияқты Ертіс, Май аудандарының жұртшылығы да ауыз суға зәру. Осыдан он жыл бұрын бұл мәселені ауылдарда кешенді блок модулін (КБМ) орнату арқылы жасаймыз, ауылдар суға қарқ болады дедік. Бастама жерде қалғандай. Ауылдарды орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз ету жыл сайынғы жолдауларда айтылып келеді. Бұл әлеуметтік-экономикалық жаңартудың алғышарттарының бірі, өйткені, халықтың денсаулығы қандай су ішіп отырғанымен байланысты. Жергілікті басшылардың КБМ-дардың ауылдардың суға деген қажеттіліктерін өтей алмайтынына көздері жетті. Бұрынғы топтық су құбырларын қайтадан жаңғыртатын жаңа жобаларды қолға алу керектігін түсінді. Сөйтіп, республикалық бюджет есебінен екі аудандағы топтық су құбырын қайтадан қалпына келтіру жөніндегі шешімге де қол жеткізді.
2010 жылы елімізде қабылданған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында облыстағы «Беловод және Май топтық су құбырларын қайта құру» туралы инвестициялық жобаларды іске асыру жұмыстары басталды. Бұл жобаны абыройлы атқарып, ауылдарға су жеткізіп беру міндеті – тапсырыс беруші Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне жүктелді.
Ертіс ауданындағы жалпы ұзындығы 388,4 шақырым Беловод топтық су құбыры бойынша жобаны жүргізуші «ОSТ-Проект» ЖШС, Бас мердігер – астаналық «Спецпластводстрой» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны 5,7 млрд. теңге. 2010-2011 жылдары игерілгені 1 млрд. 498 миллион теңге. Ал, 2012 жылы 2 млрд. 324 миллион теңге бөлініп, оның 1 млрд. теңгесі игерілген. Су құбырының құрылысы 2013 жылы аяқталады деп жоспарланды. Облыстық табиғатты қорғау басқармасының мәліметтерінше, қазіргі кезде комитеттің 2012 жылғы 23 тамыздағы хаты негізінде су құбырлары магистралдық жүйелерінің құрылысы тоқтап тұр.
Май ауданындағы топтық су құбыры бойынша бас мердігер – Астана қаласындағы «Центрстрой-комплект НС» ЖШС. Жобаның жалпы құны 6,4 млрд. теңге. Құрылыс 2014 жылы аяқталып, ауылдарға таза су келеді деп жүргенде тоқтап қалды. Игерілгені – 349 миллион теңге.
Топтық су құбырлары дегеніміз не? Енді осының мәнісіне келейік. Жалпы, Беловод топтық су құбырының құрылысы 1970 жылы басталып 1979 жылы іске қосылды. Торапты су желілерінің ұзындығы 1840 шақырым болса, оның 420 шақырымы Ертіс ауданының аумағында. Облыстың Ертіс, Ақтоғай аудандарын, Көкшетау облысы, Омбы облысы ауылдарын ауыз сумен қамтамасыз ететін алып су құбыры жұмыс жасады. Қуаты сағатына 50 мың текше метр. Су тоғандары, 1, 2-ші су көтеру сорғыштары бар, сыйымдылығы 3000 текше метр болатын 2 су сақтайтын ыдыс, суды химиялық жолмен тазартатын станса, тұрғын үйлер кешені, әкімшілік және өндірістік нысандар Ертіс ауданы аумағында орналасты. Кешенде жүзге жуық адам еңбек етті. Өкінішке қарай, 1997 жылы өнеркәсіп, электр қуатының төлемдеріне қарызы үшін Беловод топтық су құбыры жұмысын тоқтатты. Ал, 2000-2002 жылдары өткен банкроттық рәсім нәтижесінде аты да, заты да мүлде жойылды. Аудан басшылығы және «Ұлы Ертіс» қауымдастығының төрағасы болған, марқұм ағамыз Жанайдар Рамазанов бірнеше жыл бойы Беловод топтық су құбырының жұмысын жандандыруға әрекет етті. Бірақ жұмыс алға баса қоймады. Одан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті, аз шығын жұмсап, топтық су құбырының жұмысын жаңартпақшы болып жұмыс бастаған. Құбырды қайтадан жаңарту жұмысының жобасына кіріспес бұрын, 2004 жылы облыстық ауыл шаруашылығы департаменті құрылыстың техникалық-экономикалық негіздерін дайындап, мемлекеттік сараптама дан рұхсат та алды. Дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме арқылы су желілерін жүргізудің 3 жобасы ұсынылды. Біріншісі терең ұңғымаларды бұрғылау арқылы жерасты суларын пайдалану болатын. Алайда, бұл тәсілге мән бермей мәселеге неге мән берілмегеніне біз қайта ораламыз, су құбырларын тартудың 2009 жылғы жобасы дұрыс деп танылып, ұңғыма бұрғылау жұмыстары, жерасты суларында минералды қоспалардың көптігінен (1 л. суда 10 гр), жер астынан шығатын су мөлшерінің (дебит) аздығынан (секундына 0,4-4,5 литр) және ұңғымалардың тереңдігіне (1100 метр) байланысты, өкінішке қарай, 2004 жылы жасалған жоба қабылданбады.
Сөйтіп, Беловод топтық су құбырының жобасы 2009 жылы қайта дайындалып, жалпы құны 6256,0 миллион теңгені құрайтын жоба мемлекеттік сараптамадан өтеді. Тапсырыс беруші Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитеті болып анықталады. 2010 жылы Су ресурстары комитеті өткізген конкурс жеңімпазы 5705,0 миллион теңгемен өтініш білдірген Астана қаласының «Спецпластстрой» ЖШС құрылысты жүргізетін болады. 2010-2012 жылдар аралығында Иса Байзақ ауылы -Ертіс-Қараөткел-Қарақұдық, Байзақ-Северный-Қараағаш, Байзақ-Майқоңыр бағыттарында барлығы 116 км. су құбыры тартылды. 10 киловольттық электр желісі салынып, қуаты 630 кВт болатын 2 электр қуатын бақылау пункті (КТП) қойылды. 1-ші көтеру сорғышының, су жинау ыдыстарының жұмысы басталады. Сүзгі құрылғылары мен насостық стансаларға қажетті шұңқырлар қазылып, су қоймаларын қалпына келтіріп алады. Электр желілері де тартылып, құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылды. Ертіс өзенінің жиегіне орнатылған насостық стансаға қажетті құжаттар да жасалып, жері де ресімделген. Мердігер компанияның директоры Дмитрий Нефедовтың мәліметінше, жобаға қарастырылған қаржының 198 миллион теңгеден астамы 2010 жылы игерілсе, 2009 жылы 800 миллион теңге игеріліпті. Ал, 2011 жылы серіктестік 2 млрд. 340 миллион теңгені игерулері тиіс еді. Алайда, сол жылы мамыр айында қаржыландыру тоқтатылып, кәсіпорын 1 млрд. теңге ғана игерген көрінеді. Ал, насостық, сүзгілік стансаларға орнатылатын құрылғылар Германиядан әкелініпті. Қаржыландырудың тоқтатылғанына қарамастан, компания жұмысты жалғастырыпты. Бірақ, тағы да, өкінішке қарай, 2012 жылы Су ресурстары комитетінің шешімімен жұмыс тоқтатылды.
Енді комитеттегілер не дейді, соған назар салайық. Яғни олардың айтуынша, Ертіс өзенін су көзі ретінде пайдаланып, 27 ауылды сумен қамтитын ұзындығы 388 шақырымды құрайтын су желілерінен бас тарту қажет. Бұның орнына жерасты суларын пайдаланатын жаңа жоба дайындау керек. Ал керек болса! 2004 жылы су комитеті бұл жобаны қажет етпей қолдарын бір сілтеп еді. Мәселенің мәнісіне келсек, «құбырды қайтадан жаңарту жұмысының жобасына кіріспес бұрын, 2004 жылы облыстық ауыл шаруашылығы департаменті, құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап, мемлекеттік сараптамадан рұқсат та алды. Дайындалған техникалық-экономикалық негіздеме арқылы су желілерін жүргізудің 3 жобасы ұсынылды. Біріншісі, терең ұңғымаларды бұрғылау арқылы жерасты суларын пайдалану болатын. Алайда, бұл тәсілге мән бермей, су құбырларын тартудың 2009 жылғы жұмыс жобасы дұрыс деп танылды», деп біз жоғарыда айттық.
Ал, аудандағы өзіміздің су мамандарының айтуларынша, ұңғымаларды бұрғылауға, әрқайсысына минералдық қоспалардан (1л. суда 10 гр.) тазарту жүйесін орнатуға кем дегенде 1,5-2 жыл керек. Оның үстіне жерасты суларына барлау жұмыстары жүргізілмеген. Аудандағы 14 ауылдың әрбіреуіне кемінде тереңдігі 600-1100 м болатын 3 ұңғыма (барлау, пайдалану қосалқы) бұрғылау керек, шығатын су мөлшері секундына бар болғаны 0,4-4 литр. Комитеттегілер әуелгі жобаны өзгертуге аудандағы халық санының азаюын себеп етеді. 2004 жылы ауданда 30 мың халық болса, бүгінгі күнге 20268 адам тұрады. Олай болған күнде Су ресурстары комитеті ауданның болашағын болжап, жергілікті су мамандарымен, әкімдермен зерттеу жұмыстарын жүргізіп барып, инвестициялық жобаны қолға алулары керек еді. Ал жаңа жоба бойынша ауылдарға берілетін таза ауыз судың өзіндік құны қымбат. Егер 2010 жылғы баға бойынша 1 текше метр судың бағасы 67 теңгені құраса, жерасты суларын пайдаланған жағдайда (салыстыруға блокмодульдік су бағасы алынған) судың өзіндік құны 250-300 теңгені құрамақ. Ауылдардың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескергенде бұл өте тиімсіз. Екіншіден, су тарту құрылысының негізгі талаптары мен ережелері орындалмайды. Жалпы, ереже бойынша су ауылдағы әр үйге тартылып, су шығынын есептейтін қондырғылар қойылуы тиіс. Мысалы, 2012 жылы Ертіс ауданының Голубовка ауылында су тарту жүйесі жаңартылғанда, су әр үйге жеткізіліп 312 су шығынын есептейтін қондырғы орнатылды. Аудандағы су мамандарының айтуларынша, ендігі жерде ауылдардың жағдайын ескере отырып, халық үшін су торапты желілерін қысқартылған күйде қалдырған жөн. Яғни барлық тартылған құбырлар бойындағы, негізгі құрылыс нысандарындағы (1,2-ші су көтеру стансалары, су тазарту стансасы, су сақталатын жүйе) жұмыстарды толығымен аяқтау қажет. Сонымен қатар, құбырлар тартылған 12 ауылда, әр үйге су тарту жобаларын дайындап, іске қосу қажет. Аудандағы 15 кешенді блок-модулінің 2-уі жұмыс жасамайды. Бүгінгі таңда су дебитінің аздығынан (секундына су беру мөлшері), жоғарыдағы барлық нысандарды пайдалануға беруге мүмкіндік болмай отыр. 2012 жылы 5 блок-модуль кешенді ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Тіпті, 36 ауыл тұрғындары суды аз алатындықтан, блок-модуль кешендерін жұмыс жағдайында ұстау, жөндеу жұмыстарын жүргізу аудан бюджетіне де шығын келтіріп отырған көрінеді. Бір кешенді блок-модуль жергілікті бюджетке 500-752 мың теңге шығын әкелсе, жөндеу жұмыстарына орта есеппен 15000-20000 мың теңге қаржы бөлінеді екен. Құрылыс уақытша тоқтатылғанына байланысты 7,2 мың тұрғыны бар 14 ауылға су құбырлары тартылмай қалды. Яғни осы ауылдарда терең ұңғымалардан (500-ден-1000 метрге дейін) су тазарту құрылғыларын орната отырып жергілікті су құбыры жүйесін салу нұсқасы ұсынылды. Бірақ бұл ауылдарда жерасты су көздерінің қорын қайта бағалау жұмыстары жоспарланбаған, себебі, топтық су құбырын қайта құру барысында жерүсті су көзінің (Ертіс өзенінің) қоры пайдаланылады
Енді Семей полигоны зардабын көрген Май ауданында құрылысы басталған Май топтық су құбырының құрылысына келейік. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс 2 кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде құрылысқа 364,1 миллион теңге қаражат бөлінген, соның ішінде 2010 жылы 199,2 миллион теңге игерілді. 2011 жылы жоспарланған 164,9 млн. теңгеден, 49,4 миллион теңге игерілді. Өткен жылы жоспарланған жұмыстар жүргізілген жоқ, нәтижесінде 115,5 миллион теңге көлеміндегі қаражат игерілмеді. Аудан басшылығының айтуынша, Су ресурстары комитетінің осы уақытқа дейін су құбырының негізгі магистральды трассасының құрылысына, «Ертіс өзені жайылмасы» Ерекше қорғаудағы мемлекеттік табиғи қорғалымы аумағында орналасқан кірме жолдар үшін жер телімін ресімдеу мәселелерін шешпей отыр. Серіктестік басшылары аудандық әкімдікпен кездесуден және келіссөздер жүргізуден жалтаруда. Сондықтан жұмыс кестесінде көрсетілген мерзімге сай үлгермеу себептерін анықтау және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде шаралар қолдануға мүмкін болмай отыр. Комитеттің мәліметі бойынша «Центрстрой-комплект НС» ЖШС соттың шешіміне сәйкес ықылассыз мердігер деп табылып, жұмыстардың орындалу келісімшарты бұзылған көрінеді. Сметалық құны 4,4 млрд. теңге тұратын құрылыстың екінші кезенінің жобалық-сметалық құжаттарын Су ресурстары комитеті мемлекеттік сараптамадан өткізуге тапсырыпты. Аудан әкімі Нығман Пішенбаевтың айтуынша, ауыл тұрғындары ауыз су тапшылығын көріп отыр. Жалпы, Май топтық су құбыры 1980 жылдары салынды. Су құбыры 7-8 жыл бойы иесіз қалды, сол себептен ішінара бөліктеніп қалды, суқабылдағыш және су құбыры орындары жеке меншікке беріліп, тіпті, құрылыс материалы ретінде сатылды. Су құбырының жалпы ұзындығы жоба бойынша 271 шақырым, 1981 жылы ұзындығы 71,2 шақырым бірінші кезеңі пайдалануға берілді. Су құбырының басты ғимараты: суқабылдағыш, тазартқыш орындары, суды деңгейлік көтергіш стансалары Баскөл ауылында орналасқан. Бұл су құбыры Май ауданының 26 ауылын және Ақсу ауданының бір ауылын сумен қамтамасыз етуге тиісті болатын. 2001 жылы су құбырының жұмысы тоқтады. Сол себептен Май топтық су құбырына қосылған ауылдар ауыз сусыз қалды. Ашық су көздерінен тасылатын және құдық суын пайдаланып отыр. Жаңа топтық су құбыры жобасы бойынша суқабылдағышты қайта қалпына келтіру қарастырылған, алдын-ала зерттеу жұмыстарының геологиялық материалдарына сүйене отырып жаңа ұңғымаларды бұрғылау, Баскөл учаскесінде 7 ұңғыма және Майтүбек учаскесінде 7 ұңғыма, сонымен қатар, жалпы ұзындығы 143,0 шақырым полиэтилен құбырын төсеу қажет. Құрылыстың бірінші кезеңінің жалпы құны мердігерлік шарт бойынша 364 117 000 теңгені құрайды. 2011 жылға 164 899 251 теңгенің жұмысы жоспарланған болатын, ал мердігердің нақты орындаған жұмысының көлемі 49 469 775 теңге. 2011 жылы мердігер Баскөл учаскесінде 7 ұңғыма және Майтүбек учаскесінде 7 ұңғыманы бұрғылау жұмыстарын жүргізді, сонымен қатар, жоғарыда аталған учаскелерде электр бағандары орнатылып және жалпы ұзындығы 5,5 шақырым жол салынды. Аудандық әкімдік жасалған жұмыстардың сапасы төмен екенін айтады. Ал өткен жылы жоспарланған жұмыстардың құны 115 429 475,7 теңге. Бұл жылы тіпті, мердігер бөлінген қаражатты да игере алмады. Аудан әкімінің орынбасары Манарбек Ахамбаевтың айтуынша, аудандағы топтық су құбыры істен шыққаннан кейін халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002 жылдары Май, Жұмыскер, Саты, Малайсары, Кентүбек, Көктөбе, Баскөл Қаратерек, Абай ауылдарында КБМ-дар пайдалануға берілді. КБМ-дар «Май Сервис» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының балансына берілген, бүгінгі күні барлық КБМ-дар жұмыс жасап тұр.
Облыстағы екі аудандағы топтық су құбырлары құрылысының соңы не болады деген біздің сауалымызға орай облыстық прокуратураның берген жауаптарына үңілдік, бұл нысандар прокуратура тарапынан тексерілмепті. Ертіс ауданындағы Беловод топтық су құбыры мен Май топтық су құбырын қайта жарақтандыру мәселесін 2012 жылдың қараша айында Президент Әкімшілігінің өкілдері келіп тексергені белгілі. Тексеруге облыстық табиғат ресурстары басқармасы, қаржылық бақылау инспекциясы, сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті, сондай-ақ, облыс прокуратурасы мен қаржы полициясы қатысты. Нысандардың ақшалай қаржыландырудың болмауы себебінен аяқталмағаны анықталды. Тексеру нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп Беловод топтық су құбыры мен Май топтық су құбырын уақытында іске қосуды қамтамасыз ету, аталған нысандар құрылысын қаржыландыруға назар аударуға қатаң тапсырма берілген болатын. Бірақ Президент Әкімшілігі тарапынан берілген тапсырма да сол күйі орындалмай қалғанын біз бүгін осы мақаланы жазу барысында көріп отырмыз.
Облыс басшыларының айтуынша, 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақ бұлақ» бағдарламасы өңірде ойдағыдай жүзеге асырылса, жергілікті халықтың денсаулығы да едәуір жақсара түседі екен. Сондай-ақ, 2020 жылға дейін облыстағы ауылдардың 80 пайызы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіледі. Бұл күндері «Ауыз су» бағдарламасы аясында 142 ауылда ауыз сумен қамту нысандары қалпына келтірілген. Бұл ретте 75 ауылда кешендік блок-модульдер орнатылыпты. Бұл мақсатқа 9 млрд. теңге қаржы жұмсалыпты. Өңірдегі жұмыс жасамай тұрған 11 КБМ-ді жұмысқа қосу үшін бюджеттен қосымша 27 миллион теңге бөлініпті. Судың өзі жоқ болса да, суша ағып жатқан қаржы бар. Тіпті, Ертіс ауданындағы бір су нысаны жеке бір адамға сатылып кетіп, бұл қондырғыны облыс басшылығы ауданның коммуналдық меншігіне қайтарып алыпты. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әлібек Несіпбековтің айтуынша, 2020 жылға дейін облыс бойынша 412 ауылды орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарлануда. Бұл үшін жыл сайын 30-дан аса құрылыстың жобасы жасалады екен. 2012 жылы сумен қамту объектілерін іске асыруға 2,6 млрд. теңге бөлінді. Ауылдың 7 мың тұрғыны ауыз суға қол жеткізді және 1700-ден астам үйге су есептегіш құралдар орнатыла отырып орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Облыстағы 1800 аула орталықтандырылған суды пайдаланады. Өңіріміздегі 10 ауылдың тұрғындары ауыз суды өзге ауылдан тасып ішіп отыр. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Бауыржан Есмұхановтың айтуынша, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында таза ауыз сумен қамту нысандарын салу үшін 2011-2012 жылдар аралығында 3,5 млрд. теңге бөлінген. Оның 97 пайызы игеріліпті. Осы жылдар аралығында 12 нысан іске қосылған. Биыл Екібастұз-Майқайың су тартқышының құрылыс жұмыстары аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ, 2013 жылы Ақсудың Қалқаман, Ертіс ауданының Ертіс және Шарбақты ауданының Галкин ауылдарында сумен қамту нысанын салуға 883 миллион теңге бөлінді. Қосымша 1 миллиард теңгеден астам қаржы қажет. Басшының сөзінше, жерасты су қорларының анықталмауы, жобалық-сметалық құжаттардың дұрыс болмауы бағдарламаларды іске асыруға бөгет болып отыр. Облыстағы 6 жобаның мемлекеттік тексеру қорытындысы алынбаған. Жобалардың қатарында Ертіс ауданының Панфилов ауылы, Павлодар ауданының Пресное және Луганск, Май ауданының Көктөбе ауылдары, Качир және Баянауыл аудандарының орталықтары бар. Осы кемшіліктердің салдарынан әлі күнге дейін жобаларды қаржыландыру тетіктері анықталмаған. Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, былтыр еліміздің құрылыс істері жөніндегі комитетіне облыстағы 13 сумен қамтамасыз ету нысанының жобасы ұсынылып, үшеуіне қаржы бөлініпті. Ал, қалған 10 жоба аудан әкімдерінің салғырттығынан қабылданбады деген сөз. Қос кешеннің аяқталуы Гүлнәр Досжанова басқаратын облыстық мә слихаттың экология және қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының назарында. Депутаттар жұмыс барысымен танысуға жиі барып тұрды. Белгілісі, Беловод және Май топтық су құбырларының қайта құру жұмыстарына арналған тендерлерді Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су комитеті жүргізді. Бірақ, тендерлік комиссияда жергілікті Су ресурстары құбырларының жағдайын білетін не ауданнан барған, не облыстан қатысқан өкілдер жоқ. Бар мәселенің мәнісі сонда, мердігер ұйымның жергілікті билік органдармен байланыста болмағандары анық.
– Жалпы, Май және Беловод топтық су құбырлары әлеуметтік маңызы бар нысандар. Сондықтан тұрғындар екі нысанның 2014 жылы іске қосылып, Май және Ертіс аудандары тұрғындарының сумен қамтамасыз етілуін талап етіп отыр, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Гүлнәр Досжанова.
Яғни бұл нысандардың әкімшісі Су ресурстары комитеті болғандықтан, құбырларды қайта құру жұмыстары бойынша тендерді аталған комитет өткізді. Бірақ бұл нысандар Павлодар облысында орналасқанын, жергілікті халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған бағдарлама екенін ескеру керек. Сондықтан жергілікті билік органдары және депутаттардың заңмен қарастырылған өкілеттіктері шеңберінде бұл жобалардың іске асырылуын қадағалау қажет. Ауданның 21 ауылында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ауылішілік желінің жобалық құжатына 180 миллион теңге қажет деп тапқан. Ал, КБМ құрылғыларының жұмысына келер болсақ, кейбір КБМ-дар тіпті қолданысқа берілмек түгілі, ешбір мекеменің есебіне алынбай, қараусыз қалыпты. Бүгінде Ертіс ауданы бойынша есепте 15 КБМ тұр. Оның бесеуі жұмыс істемейді. Бұл бестіктегі төрт КБМ орнатылғаннан бері ешқандай мекеменің балансында жоқ. Мемлекеттік комиссия бұл КБМ-дерді қабылдамаған. Қыруар қаржы желге ұшты. Биыл халық дабылынан соң КБМ мәселесі облыстық мәслихатта қаралып, 36 миллион теңге бөлініпті. Енді Қызылжар, Иса Байзақов, Луговой және Ұзынсу ауылдарында қараусыз қалған КБМ-дер қалпына келтірілмек. Бір облыстағы инвестициялық жоба саналатын екі үлкен су кешені Беловод және Май топтық су құбырларының жағдайы, міне, осындай. Екі ауданды басқарған басшылар Кеңес өкіметі тұсында салынған топтық су құбырларын талан-таражға салдырмай сақтап қалса, жағдай мұндай күйге түспес еді.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.