Руханият • 19 Ақпан, 2020

«Сыпайы жүр де, шаруа ойла»

742 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың таным-түсінігінде Қыдыр ата ақ түйесіне мініп, қыр қыдырып, су сыдырып, құдық қазған, жол салған, бидай сепкен, мал баққан шаруақор жандарды бақылап, оларға сақы мырзалықпен ақ бата береді екен. Ақжолтай Қыдыр ата түйесінің аяғы тиген жерде жайқалып-толқындап егін өседі екен.

«Сыпайы жүр де, шаруа ойла»

Екінші бір тағылымды тәмсілге ой жү­гіртейік: Бағзы заманда бір әмірші жалғыз қызын бай баласына бермей, өнерлі де өнегелі жарлыға беріпті. Сонда әлгі патша былай деген екен:

– Ананың қолында қызымды өмір бойы мұқтаж қылмайтын алтын білезігі бар. Ал мына байдың баласында қолдың кірінен басқа ештеңе жоқ. Боқтан сасыққа, тастан қаттыға біткен байлық қолдың кірі секілді, жусаң кетеді. Өнер – алтын білезік, өмір-бақи қолыңнан түсіп қалмайды. Өнерлі, берекелі іспен шұғылдану, ден қою, өз тағдырыңа жаның ашу, өмірдегі түзу, дұрыс жолыңды таңдау, қақ-соқпен айналыспау, табиғи сыпайылықты болмысыңа сіңіру, ізгілікке, ұстамдылыққа, қайырымдылыққа, әр нәрсенің шек-мөлшерін жіті білуге, әділдікке, ерлікке, кез келген істің себебі мен салдарын қыран көрегендікпен салмақтауға, уақытты сарабдалдықпен пайдалануға ұмтылу – әрбір кісінің абзал ісі болса игі. Абайдың:

Қуанбаңдар жастыққа,

Елірме күлкі, мастыққа.

Көзің қайдан жетеді

Достық пенен қастыққа?

Құрбыңның қызық дегенін,

Сөз екен деп ап шықпа.

Адалдан тапқан тиынды

Сал да сақта қапшыққа.

Қолдағыңды қорғап бақ,

Мал арзан деп аптықпа.

Сыпайы жүр де, шаруа ойла,

Даңғойланып қақтықпа – деп, тұжырымды ой туындатады.

Немесе: «Құдай тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың?!» деп жазады 10-шы сөзінде. Сөз жоқ, адамшылықтың көрсеткіші – адал кәсіп, тілдің ұшымен апырып-жапырып айту емес, аяқ-қолыңмен мейірленіп қызмет ету, «оқтай зырлап, қардай борап» бейнеттеніп еңбектену. Бір ой бір ойды қозғайды Абылай ханның елімді отырықшы ел етіп, жер емшегін емізіп, егіншілік өнерді үйрете алмадым дегені бар. Абайдың ұлы дәстүрін дамытқан ойшыл Шәкәрімнің «Егін сал, не сауда қыл, малыңды бақ» дейтін қағидалы ғибраты да толғандырады.

Хакім Абай адам баласына еңбек етудің түп негізін былайша түбегейлеп мәлімдейді: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың». Өзіңді де, өзгені де, жанды-жансыз жаратылысты да ардақтау һәм гүлдендіру – бір ғана еңбек ету, кәсіппен айналысу. Табиғаттың өзі ғажайып бір оқулық. Мысалы, «Мың бір түннің» бірегей мысалына жүгінейік: «Ара айтады: Менің үйім ғимарат өнерінің ең жоғары өрнегі бойынша жасалған. Менің ұямның геометриясынан Евклидтің өзі тамаша тәлім алған болар еді» (Көрнекті математик Г.Вейльдің «Симметрия» дейтін трактатынан. Мәскеу, «Ғылым», 1968. 114-бет). Қазақ баласы үшін ара мен құмырсқаның ересен еңбекшілдігі аян. Абай: «Егер мал керек болса қолөнер үйренбек керек. Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолөнерлі – қазақтың әулиесі сол» – дейді 33-сөзінде. Демек, Қыдыр атаның әулиелігі дегеніміз егінші-малшы қауымға ілтипат-ізеті. Абайдың айтып отырғаны он саусағынан өнер тамған қолы өнерлі, ұста – бақ-берекенің иесі. Қоғамды ізгілендірудің басты қаруы – өнімді, өнікті кәсіппен айналысу. Мемлекет те, халық та, қоғам да жатыпішер, кержалқау, арамтамақтарды жүгендеп, стратег Абайша айтқанда, «Мен егер закон қуаты қолымда бар кісі болсам, адам мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім» деген ұстанымын, көзқарасын берік ұстасақ, шебер қолдансақ, Ұлы даланың игіліктері ел кәдесіне асып, дәулетіміз тасып, рухтанып, қанаттанып, сәулеттенер едік-ау!

Абай өркениеттің қақ төрінде, парасаттың ұшар биігінде шарт жүгініп бар даусымен саңқылдап сөйлеп тұрғандай: «Қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ-өнерсіз иттің ісі. Әуелі құдайға сыйынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп, еңбегіңді сау, қара жер де береді, құр тастамайды» (4-ші сөз). Тағы да «Егер ісім өнсін десең, ретін тап», «Харекет қылмақ, жүгірмек» дейтін алтын ойлары бар. Міне, бұлар «толымды-білімді» адам болуға баулитын өнегелі даналық, ғибратты сабақ, берекелі ақыл.