12 Тамыз, 2013

Сауалнама нәтижесі қалай болды?

838 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Юлия Кучинская-1Осы жылдың 5-9 тамызы аралығында елімізде жергілікті билік органдары жетекшілерінің сайлауы өткені баршамызға белгілі. Жақында Орталық сайлау комиссиясы сайланған әкімдер туралы ақпаратты және дауыс берудің қорытындысы жөніндегі мәліметтерді қазақстандықтарға жария етті.

 

Юлия Кучинская-1Осы жылдың 5-9 тамызы аралығында елімізде жергілікті билік органдары жетекшілерінің сайлауы өткені баршамызға белгілі. Жақында Орталық сайлау комиссиясы сайланған әкімдер туралы ақпаратты және дауыс берудің қорытындысы жөніндегі мәліметтерді қазақстандықтарға жария етті.

Ал «Демократия институты» ҒЗҚ ағымдағы жылдың 10-12 тамызында тұрғындар арасында өткен сайлауды бағалау және дауыс беру нәтижелеріне қанағаттанушылық деңгейін анықтау мақсатында жедел сауалнама жүргізген болатын. Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінде тұрып жатқан жалпы саны 1500 респондент қатысты. Бұлардың барлығы ересек адамдар.

Сайлау нәтижесінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың 2454 әкімі сайланды. Сайлау өткен елді мекендерде 7 миллион 632 мың қазақстандық тұрады, бұл жалпы ел халқының 44,8 пайызын құрайды. Бұлар еліміздің стратегиялық маңызды аумағында тұратын тұрғындар. Қазіргі таңда ауылдық жерлерге бәсекеге қабілетті ауылшаруашылық кластерін құру міндеті жүктеліп отыр. Ал аудандық маңызы бар қалаларда әдетте, еліміздің ірі өнеркәсіптік өндірісі шоғырланатыны белгілі.

Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған міндеттердің қаншалықты сәтті іске асатындығы және өңірлердегі мәселелердің әрі қарай шешімін табатыны көбінше осы сайлау қорытындыларымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру деңгейі мен сапасына да әсер етпек. Бұған қоса жергілікті жерлердегі билік органдары өкілдерін сайлау ел өміріндегі айтулы оқиғаға айналды.

Ал жүргізілген сауалнама нәтижесіне келер болсақ, сұрау салуға қатысқандардың 87,4 пайызы елімізде 5-9 тамыз аралығында ауыл әкімдерінің сайлауы өтетіндігін білген. Сондай-ақ, сайлау болатындығынан хабардар адамдардың 60,8 пайызы сайлауға қызығушылық танытып, сайлау процесінің барлық кезеңдерін бақылап отырған. Сайлау науқанының барысын бақылаған респонденттерден сайлаудың қаншалықты таза, ашық әрі демократиялық түрде өткендігінің деңгейін анықтау туралы да сұралған еді. Жауап берушілердің басым бөлігінің (73,5%) айтуынша, сайлау ашық, таза әрі азаматтардың демократиялық құқықтары мен бостандықтарын сақтай отырып жүргізілген.

Сайлауда ең негізгі жауапкершілік мәслихат депутаттарына жүктелді. Тұрғындардың бағалауына қарағанда, мәслихат депутаттары өздеріне жүктелген міндетті ойдағыдай орындап шыққан. Сұрау салынған респонденттердің үштен екісі ауыл әкімдерін сайлау барысындағы мәслихат жұмысына қанағаттанушылық білдірген.

Біздер елімізде демократияны дамытуда маңызды қадамдардың бірі жасалды деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, ауыл әкімдерін сайлау – өкілді және атқарушы билік органдары үшін де, жалпы қазақстандықтар үшін де жаңа әрі тың тәжірибе болып табылады.

Юлия КУЧИНСКАЯ,

Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық

қоғамдық комиссияның мүшесі, «Демократия институты» ҒЗҚ

жобалар бойынша директоры.