Аймақтар • 19 Ақпан, 2020

Қарағанды облысында су тасқынына даярлық жіті бақылауда

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Халық алдындағы есеп беру жиынында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қазіргі уақытта тұрғындарды толғандырып отырған су тасқынының алдын алу бойынша іс-шаралар жоспары туралы айтып берді.

Қарағанды облысында су тасқынына даярлық жіті бақылауда

– Қауіпті аумақта орналасқан барлық елді мекендердің даярлық төлқұжаттары тексерілді. Жалпы, облыста төрт жыл ішінде 190 шақырым қорғаныс үйінділері салынған, өзен арналарында 62 шақырымдық инженерлік іс-шаралар жүзеге асырылды. Барлық гидроқұрылыстар ерекше бақылауға алынған. 2018 және 2019 жылдары бұл нысандарда 1,3 млрд теңге сомасына жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді облыс әкімі.

Қазіргі уақытта қарды сыртқа шығару жұмыстарына айрықша назар аударылуда. Жауапты қызметтердің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда облыстың қалалары мен ауылдарынан 1 миллион текше метрден астам қар шығарылған.

Сонымен қатар облыс әкімі өңірдегі Самарқан және Ынтымақ сияқты ірі су қоймаларынан су ағызу жұмыстарының үздіксіз жүргізіліп жатқанын, қарғын су жүргенге дейін олардағы көлемді ең төменгі деңгейге жеткізудің және су тасқынына даярлық барысының жіті бақылауда екенін атап өтті.