Қоғам • 21 Ақпан, 2020

Қала маңындағы ауылдарда қылмыс неге көп?

483 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласының көшелерінде 871 бақылау камерасы бар екен. Биыл тағы 500 бейнекамера іске қосылмақшы. Облыс орталығының заманға сай техникалық құрылғымен жабдықталуы қоғамдық қауіпсіздік мәселесін де оңынан шешуге ықпал ете бастаған сияқты. Өйткені қалада қылмыс азайған екен.

Қала маңындағы ауылдарда қылмыс неге көп?

 

Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы Талдықорған қаласы бо­йынша тіркелген қылмыстардың саны 17,9 пайызға төмендеген. Яғни, арғы жылы 4443 қылмыс оқи­ғасы тіркелсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 796 жағдайға азайып, 3647 қылмыс жасалған. Бірақ мамандар қаладағы қылмыс ста­тистикасының төмендеуін қыл­мыскерлердің ізгіленуінен емес, тәртіп сақшыларының бұрынғыға қарағанда сергек әрекет ете бас­тауымен байланыстырады.

Бұл әрине қуанарлық көрсет­кіш. Алайда, осы Талдықорған қаласына жақын маңда орналасқан аудандардағы ұрлық-қарлық, бұзақылық көбейіп отыр екен. Мысалы, Ескелді ауданындағы қылмыстық ахуал қалыпты болмай тұр. Облыс орталығына тиіп тұрған ауданда өткен жылы заң бұзушылық деңгейі 2 пайызға ғана төмендеген. Ал бұл аудан­да 2019 жылы 509 қылмыс тіркеліпті. Айтпақшы, Ескелді ауданы тұрғындарының жағдайы көршілес Көксу ауданының ел-жұртына қарағанда көш іл­гері сияқты. Әсіресе Көксу ауда­нының орталығы Балпық би ауылындағы жағдай сын көтер­мейді. 

Облыстың бас қаласынан 18 шақырым ғана қашықтықта жатқан Балпық би ауылында қылмыс азаймай тұр. Өткен жылы алақандай ауылда 275 қылмыс тіркеліпті. Бұл бүкіл аудан бо­йынша болған одағай әрекет­тердің 62,2 пайызын құрап отыр. Әрі қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндірген қылмыстың отыз екісі әлі күнге дейін ашылмапты.

– Өткен жылы қылмыстың алдын алу, ашу және қоғамдық орындарда тәртіпті нығайту барысында  жоспарлы түрде іс-шаралар жүргізілді. Нәтижесінде, бүгінгі таңда аудан бойынша­ қылмыс былтырғы сәйкес мер­­зіммен салыстырғанда 50 жағ­дайға төмендегені байқалады. Қылмыстың ашылу деңгейі 89,3 пайызды құрады. Ең күрделі жағдай Балпық би ауылдық округінде сақталып, өткен жылы 275 қылмыс тіркелді. Ол аудан­да тіркелген жалпы қылмыс са­нының 62,2 пайызын құрайды. Ауданымызда мал ұрлығы үлкен мәселе болып тұр, – дейді Көксу ауданының әкімі Алмас Әділ.

Осы орайда  Көксу аудандық полиция  бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиевқа хабарласқан едік. Тәртіп сақшысы өңірдегі қыл­мыспен күрес және мал ұр­лығының ашылуы жайында жаңа деректерді жария етті. Мәселен,  жыл басынан Айнабұлақ, Көксу бекеттері және Балпық би ауылдық округі аумағында жасалған мал ұрлығы жедел ашылған. Қазір қолға түскен қылмыстық топ мүшелері  уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр. Жалпы,  Көксу ауданында мал ұрлығының алдын алу жұмыстары мен ба­рымташылардың жолын кесу жұмыстары күшейтілген.

– Қылмыс санын азайту­ үшін заңдар қатайды. 2019 жыл­дың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қылмыстық заңнаманы жетіл­діруге арналған заңға қол қойды. Кейбір қылмыстарға жаза ауыр­лады, айыппұлдар өсті. Мал ұр­лығына қатысты бөлек бап болады. Енді бұл қылмыс бойынша «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама болмайды. Ал жазасы күшейтіліп отыр. Жазаның күшейтілуі ұрлықтың жолын кесуі тиіс, – деді Р.Гимадиев.

Сондай-ақ аудан орталы­ғында қылмыстың алдын алу мақ­сатында «Мал ұрлығы», «Пәтер ұрлығы» деген атаумен профилактикалық шаралар өтіп жатыр екен. Мұнда полиция қызметкерлері тарапынан түнгі тексеру, бақылау жұмыстары күшейтілген. Нәтижесінде, қаң­тар айында тіркелген қылмыстың басым көпшілігі  жедел ашылған.  Ауданның бас полицейі кел­тірген деректерге сәйкес, биыл қылмыстық оқиға дерегі өткен  жылдың сәйкес мерзімімен са­лыстырғанда 2 есеге азайып отыр. Мәселен, 2018 жылы орын алған қылмыстың 81 пайызы ашылса, бұл көрсеткіш 2019 жылы 89 па­йызға жетті.

Жалпы, тәртіп сақшылары қыл­мысты ашумен ғана емес, оның алдын алуға да мән беруі тиіс. Ол үшін полиция мен тұр­ғындар арасындағы қарым-қа­тынас жариялы болуы шарт. Осы мақсатта аудандық полиция бөлімінде ашылған фронт-кең­се тұрғындарға заңгерлік көмек көрсетіп отыр. Бұл жерге тұрғындар азаматтық алу, айып­­пұлды анықтау, қару-жа­рақ ұстауға рұқсат алу сияқты сұ­рақпен жиі жүгінеді екен. 

– Полиция жұмысына қатысты айтылған сын қызметкерлердің жұмысын бағалауға, кеткен кем­шіліктерді түзетуге оң ықпал ете­ді. Жалпы, қылмыстың алдын алу барысында біз үнемі бұ­қараға арқа сүйейміз. Сондық­тан да тұрғындар назарына өткір мәселені ұсынып, қолдау күтеміз. Мысалы,  мал ұрлығын дер кезінде ашу полиция қыз­меткерлеріне көп қиындық ту­ғызады. Көп жағдайда тұр­ғындар ірі қараны ұзақ уақыт қараусыз жібереді де, малдың қай уақытта жоғалғанынан бейхабар болады. Полиция қызметкерлері өз тарапынан төрт түлік малды қараусыз қалдырмауды сұ­рай­ды. Тіпті мүмкіндік болған жағ­­дайда мал басына электронды сырға орнатуды тәжірибеге енгізген дұрыс. Сондай-ақ пәтер ұрлығының тамырына балта шабу мақсатында көше мен үй ауласына бейнебақылау камераларын орнатуға да көңіл бөлу керек, – дейді Көксу аудандық полиция  бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.

 

Алматы облысы