Абай • 21 Ақпан, 2020

Абай музейі жәдігерлері Сырға жетті

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордадағы С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Абай – дана, Абай  – дара қазақта» атты көшпелі көрме ашылды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына аясындағы шараны «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі мен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлесе ұйымдастырып отыр.  

Абай музейі жәдігерлері Сырға жетті

Зиялы қауым өкілдері, жастар мен студенттер қатысқан көрменің ашылуында облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов ұлы тұлға өмірін танып-білу, философиясын зерделеу бір жылдың аясымен шектелмеуі қажеттігін айтып өтті.

- Абайды рухани өміріміздің шамшырағына айналдыру қоғамды ізгілікке тәрбиелеу үшін қажет. Семей топырағынан Сырға жеткен бүгінгі көшпелі көрме осы мақсат жолындағы шараның бірі, – деді ол.

«Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің аға ғылыми қызметкері Қуат Қиықбай ортақ іске үлес қосқан қызылордалық әріптестеріне алғыс айтты.

Көрмеде көп көзіне түскен құнды жәдігердің бірі 1933 жылы басылып шыққан Абай шығармаларының толық жинағы.  Қуат Қиықбай дәл осы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан бұл жинақ сол тұста бүкіл қазақ даласын елең еткізген үлкен оқиға болғанын айтады. Себебі, бұл қазақ жерінде  Абай шығармаларының алғашқы басылуы болатын. Бұған дейін әр жылдарда Санкт-Петербург, Ташкент, Қазанда шыққан кітаптарға ақын туындыларының біразы енбей қалған еді. Сондықтан да бұл жинақтың ұлт тарихындағы мәні зор.

Көпшілікке ұлы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына қатысты   құжаттар мен архивтік деректер, құнды қолжазбалар, фотосуреттер, түрлі жәдігерлер, ол оқыған араб, түрік, парсы, шағатай тілдеріндегі кітаптар таныстырылды.

1885 жылы Семей өңірінде музей ісі ұйымдастырылып, Абай оған досы Нифонт Долгополов арқылы қазақ елінің өміріне қатысты алпыстан аса тұрмыстық зат тапсырған. Сол жәдігерлерден осы көрмеге ер, асатаяқ, сыбызғы, кісе белбеу секілді құнды дүниелер қойылды.  

Сыр жеріндегі көшпелі көрме жұмысы 1 наурызға дейін созылады.

Қызылорда