Абай • 22 Ақпан, 2020

Абай мұрасы мәңгілік

224 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордадағы Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының және қалалық «Радима» беларусь мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Халықаралық ана тілі күніне арналған «Абай және көптілділік» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Бұл туралы  Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі хабарлады.

Абай мұрасы мәңгілік

Жиынға Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасы Елшілігінің консулы И.О. Иванов, сондай-ақ Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының және Помор академиясының А. Құнанбаев атындағы мәдениет орталығының мәртебелі өкілдері, елордамыздағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жалпы шығармашылық интеллигенция мен еліміздегі және шетелдегі белгілі жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты.

Күн тәртібіндегі ауқымды тақырыптың маңызын ашып көрсеткен Нұр-Сұлтан қаласындағы «Радима» беларусь мәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дмитрий Останькович ана тілін білу әрбір азаматтың парызы екенін атап өтіп, жалпы Қазақстанда тілдердің дамуына толық жағдай жасалып отырғанын мақтаныш сезіммен жеткізді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, елордамыздағы өзбек этномәдени орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ш. Пулатов елімізде тілдердің дамуына қатысты бірқатар жұмыстардың атқарылғанын мәлімдеп, әр тілдің ғылыми дамуы ерекшелігіне басымдық берді. Бұл жөнінде бас қаламызда арнайы оқу кабинеттері ашылған және оның жұмыстары тиісті дәрежеде жүргізіліп келеді.

Дөңгелек үстел басында сөз салған Қазақстан Республикасындағы Беларусь Республикасы Елшілігінің консулы Игорь Иванов Қазақстанда игілікті істердің атқарылып жатқанын мәлімдеп, әлемдік дәрежеде кең танымал болған Абай Құнанбаев әлеміне терең бойлады: «Абай бүкіл дүйім жұртқа аты мәлім дара тұлға. Ол барша адамзат баласының жеткілікті дәрежеде оқып-үйренгенін бар ықыласымен қалаған адам. Ғылымды игермей, ешқандай да өңімді еңбек болмайтынын айтқан. Сондықтан баршамыз осыған аса мән беруіміз керек»,- деді ол.

Жиында Қазақстан-Беларусь ғылыми-техникалық ынтымақтастық орталығының директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор Е. Тазабекова, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Г. Мусабалина, М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері Н. Рачиловский және К. Владислав, Помор академиясының (Польша) А. Құнанбаев атындағы мәдениет орталығының өкілі С. Дорота, елордамыздағы этномәдени бірлестіктер өкілдері мен тағы басқа бірқатар азаматтар жалпы тілдерге қатысты, соның ішінде Абай мұралары туралы кеңінен әңгімеледі.

Польша Республикасы еліміздегі белгілі жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста екен. Тіпті Польшадағы университет ректорының кабинетіндеқазақтың домбырасы ілулі тұр деген ақпаратты естіп білдік. Ал Еревандағы университетте қазақ тілі мен тарихы оқытылады.

Биыл елімізде А. Құнанбаевтың 175 жылдығы атап өтіледі. Осыған орай, бұл жылдың маңызы өте орасан. Абай ілімі-мәңгілік. Оның ғибратты тәлімі адамзат баласын бауырмалдыққа, достыққа баулиды. Ел дамуы үшін озық сапалы білім мен ғылым басты орында тұратыны мәлім. Жиында осы мәселелер жан-жақты сөз болып, қазақстандықтардың бірлігін одан әрі арттыра беруге маңыз берілді.

Тағылымдық мәні бар игі шарада Абай шығармалары армян, қырғыз, сондай-ақ ол бірнеше тілдерде оқылып,кештің сәнін одан әрі аша түсті. Осы кеште алғаш рет А. Құнанбаевтың «Көзімнің қарасы»  шығармасы поляк тілінде шырқалды.