Әлем • 24 Ақпан, 2020

Таяу Шығыстың тынышы неге бұзылды?

6020 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Сирияны соғыс өрті шарпыған. Йемендегі дағдарыс шешілер емес. Палестина мен Израиль қақтығысының соңы көрінбейді. Иранда наразылар артып келеді. Иракты тұрақсыздық жайлағалы қаша-а-ан! Жалғастыра берсеңіз, бұл тізім таусылмайды. Қысқасы, Таяу Шығыстың тынышы қашып, басынан қара бұлт арылмай-ақ қойды. Соңғы бір ғасырда осы өңірде жүзден астам түрлі деңгейдегі қақтығыс болған екен. Өркениет шартарапқа тараған, дәстүрлі діндердің қайнар бұлағы саналатын аймақтың тұрақсыздығына не себеп? Өңірдің тыныштығы неден бұзылды?

Таяу Шығыстың тынышы неге бұзылды?

 

Таяу Шығыс туралы сөз қозғағанда мынаны ескеру керек. Геосаяси маңызы, тарихи мәні, қазба байлығы айрықша болғандықтан, өңір тұрғындары «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» өмір сүрді деп айту қиын. Көне дәуірден бері Евфрат пен Тигр өзендерінің алабы талай қырғынды бастан кешірді. Әйтсе де, бұл аймақ мамыражай дәуірге де куә болды. Бірақ Таяу Шығыстағы шиеленістің кейінгі кезде күрт артуының бірнеше себебі бар.

Аймақтағы тұрақсыздықтың басты себебі – мұнай мен газ. XX ғасырдың басында ағылшын геологтары өңірден «қара алтын» тапқалы бері әлем державалары Таяу Шығыста өз дегенін жүргізуге ниетін жасырған емес. Мұның себебі түсінікті. Қазіргі таңда жер жаһандағы мұнай қоры­ның – 48 пайызы, газдың 38 пайызы Таяу Шығыс елдеріне тиесілі. Оның үстіне, мұнай өндіру бойынша да өңірдегі мемлекеттер алдыңғы қатарда тұр. Әзірге әлем «қара алтыннан» бас тартуға ыңғай танытқан емес. Ендеше аймақта кімнің дегені болып, айтқаны орындалса, соның халықаралық аренадағы абыройы артып, байлығы еселене түспек. Сондықтан өңірге «көз алартып қараудың» басты себебі осында жатыр.

Мұнай қорының молдығы, оны өндіру – Таяу Шығыс үшін тағдыршешті мәселе болып отыр. «Қара алтын» табылмаса асай-мүсейін арқалаған америкалықтар мен ағылшындар арабтың сартап шөліне қызықпас еді. Ұлыбританияның әйгілі премьер-министрі, ділмар саясаткер Чер­чилльше айтсақ, державалардың Таяу Шы­ғыста «досы да, қасы да жоқ; тек мүддесі бар». Өкінішке қарай, мұнайдың мол қоры Евфрат пен Тигрді жағалай қоныс тепкен халықтың бағына емес, сорына айналды десек артық айтқандық емес.

Әдетте экономикасы әлсіз, халқының тұрмысы төмен, диктатор билеген мемлекеттер ішкі тұрақсыздыққа сыртқы күшті кінәлап, өздері жүргізген әлсіз сая­сат­ты ақтап алуға тырысатыны бар ғой. Мұны сылтау дерсіз. Ал Таяу Шығыс ел­де­рі саяси аренадағы сәтсіздігі мен эко­но­ми­калық әлеуетінің нашарлығын сырт­қы күшпен қалай байланыстырса да жарасады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кей мемлекеттер байлыққа талас үшін кез келген әрекетке баратынын сөзбен де, іспен де дәлелдеді. Ол былай тұрсын, айрандай ұйы­ған бір елдің шаңырағын ортасына түсі­­ріп, халқын тентіретіп жіберетінін көз көрді. Мәселен, талай тарихты бастан өт­керген Сирия бүгінде соғыс өрті жал­маған тамұққа айналған. Соның салдары­нан көптеген тарихи жәдігер мүлдем жойы­лып кетті. Иракқа ядролық қару іздеп бар­ған­дар мұнайдан басқа ештеңе таппай қайтты.

Таяу Шығыстың құтын қашырып тұрған тағы бір себеп – Израиль. Асық­паңыз, бүтіндей бір мемлекетті аймақ­тағы алауыздыққа кінәлайын деп отыр­ғанымыз жоқ. Түйткілдің түп-тамырын көрсетпекпіз. Израиль бүгінде дамудың даңғылына түскен тәуелсіз ел. Оны мо­йындау керек. Дегенмен Таяу Шығыста еврейлер елінің орналасуы арабтарға әсте ұнаған емес.

Тарихқа үңілсек, Осман империясы тұсында Палестина жерінде арабтар мен ев­рейлердің тату-тәтті ғұмыр кешкенін бай­қаймыз. Алайда XIX ғасырдың со­ңында әлемге тараған еврейлер арасында ұлтты біріктіру идеясы күш ала бастайды.

«Саяси сионизмнің әкесі» саналатын журналист Теодор Герцль өзінің The Jewish State кітабында Евфрат пен Тигр маңайында мемлекет құру қажет­тігін жазған екен. Кейінірек бұл туынды еврейлердің бойтұмарына айналды. Осылайша жан-жақтан Иерусалимге ағылған сионистік идеяны сіңірген еврейлер біртіндеп тұрғылықты халық­тың жерін сатып ала бастайды. Бірақ палес­тиналықтар олардың түпкі мақсатын аңғармай, қолын мезгілін кеш сермеп қалды. 1947 жылы БҰҰ 181 қарарында Палестина жерін бөліп, Палестина және Израиль мемлекеттерін құру туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Араб елдері жоғары кеңесіне ұнаған жоқ. Көп ұзамай-ақ Иерусалимнің мүфтиі еврейлерге жиһад жариялады. Бір жылдан соң 1948 жылы 14 мамырда Израиль тәуелсіздігін жариялағанда Араб лигасы оларға соғыс ашты. Мысыр, Иордания, Ирак, Сирия, Ливан, Сауд Арабиясы, Йе­мен бірігіп, Израильге қарсы шыққан. Бі­рақ түйеден әлі түсіп үлгермеген арабтар америкалықтар қолдаған еврейлерді же­ңе алған жоқ. Керісінше, Палестина тер­ри­­то­рия­сының 78 пайызынан айрылып қалды.

Міне, осыдан бері семиттер ұлысына жататын арабтар мен еврейлердің басы піспей келеді. Алғашқы қақтығыстан ке­йін екі тарап бірнеше рет соғысып, оның зардабын қарапайым халық тартты. Араб лигасы қанша талпынса да, сионис­терді жеңе алған жоқ. Бүгінде миллиондаған палестиналық өз үйінен айырылып, босып кеткен. Арабтар әлі күнге дейін Израильді бүйірден шыққан шиқан секілді көрсе, еврейлер атажұртымызға келдік деп есептейді. 

Таяу Шығыста тұрақтылық болмауы­ның келесі себебі – өңірде әлемдік деңгей­дегі держава, геосаяси шахмат тақтасына лайық ойыншы жоқ. Бір өңірде бір ғана «дөкейдің» үстемдігі әлемдік тепе-теңдік үшін керек. Яғни бір мемлекет көршілеріне «ақыл» айтып отыруды жөн санайды. Мәселен, Солтүстік Америкада АҚШ, Азияның оңтүстігінде Қытай, сол­түс­тігінде Ресей осы «міндетті» атқарып отыр. Таяу Шығыста мұндай «аға» жоқ. Же­ке­леген мемлекеттердің осы орын­ға ұм­ты­лысы да алауыздық туғызады. Қазақы тілмен айтсақ, «екі қошқардың ба­сы бір қазанға сыймайды».

Қазіргі таңда Таяу Шығыстағы беделді елге айналуды көздейтін үш мемлекет бар. Олар: Түркия, Сауд Арабиясы және Иран. Түркияның ұмтылысы түсінікті. Ол алып Осман империясының шаңырағы мен қазанын ұстап қалған ел. Сондықтан түріктер Таяу Шығыста ықпалды ел атануға талпынуы заңдылық.

Сауд Арабиясы да өңірде өз дегенін жүргізуге мүдделі. Бұған да негіз бар. Осы елдің экономикалық әлеуетіне Таяу Шығыстағы бірде-бір мемлекет шендесе алмайды. Мұнай қоры бойынша әлемде Венесуэладан кейін екінші орында тұр. Сауд Арабиясы Араб лигасы, Парсы шы­ғанағы ынтымақтастық кеңесі, Ислам ын­ты­мақтастық ұйымы секілді беделді ұйым­дардың негізін қалауға тікелей ат­салыс­ты. Қысқасы, ресми Эр-Рияд Таяу Шы­ғыс­тың тірлігіне белсенді араласып келеді.

Иран да өңірде өз дегенін жүргізуді көздейтіні белгілі. Парсылар талпынысы бекер емес. Иран – көне дәуірден келе жатқан ел. Біздің заманымыздан бұрын патшалары біраз елді жаулаған қызылбастар бүгінге дейін бөтен елге бағынышты болған емес. Газ қоры жөнінен әлемде бірінші орында тұр. Иранда мұнай да жетіп-артылады.

Оның үстіне, жоғарыда аталған үш мемлекет деңгейлес. Иран мен Түркияның халық саны әрқайсында 83 миллионнан сәл асады. 34 миллионға жуық тұрғыны бар Сауд Арабиясы халық саны жөнінен Таяу Шығыстағы үшінші ел саналады. Үш мемлекеттің әскери әлеуеті де ша­малас. Мәселен, үш мемлекеттің әрқайсысын­да кемінде 300 мың сарбаз сапта тұр. Эконо­микалық тұрғыдан да алшақтық жоқ. Сауд Арабиясы мен Түркия ІЖӨ бойынша үздік жиырмалыққа кірсе, Иран 30-дыққа енген. Осылайша олар «аққу, шортан һәм шаян» секілді үш жаққа тартып тұр.

Бұдан бөлек, шиеленістің түбегейлі шешілмеуіне кезінде империялық мақсатта өңірді жаулап алған елдердің әсері бар. Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекет негізінен XX ғасырда құрылғаны белгілі. Яғни  империялардың қолы қыс­­қ­арып, басқаруға әлеуеті жет­пеген­дік­тен, Палестина секілді елдер тәуел­сіз­­дігін жариялады. Бірақ азат­тық­тың ақ таңы аймақтық мәселелерді де ала кел­ді. Жаңадан шаңырақ көтерген мем­ле­кет­тердің шекарасы түпкілікті шегендел­ген жоқ. Осының нәтижесінде осы ай­мақ­тарда түрлі қақтығыстар жиі орын алып келеді. Мысалы, 1990 жылдардағы Ирак пен Кувейт арасында шекарадан туын­­даған түйткіл біразға дейін басылған жоқ.

Алауыздыққа қырғи-қабақ соғыс­тың да кері әсер еткенін тарихшылар айтып жүр. АҚШ КСРО-ның Таяу Шы­ғыс­­­­тағы ықпалын азайту үшін оң­шыл ұс­танымдағы жүйе мен әскери дик­­та­тор­лық­ты қолдады. Кеңес өкіметі ком­му­нис­тік диктаторларға сенім артып, дос­тық қарым-қатынас орнатты. Әйтсе де, мұн­­дай әріптестік өңірдегі ахуалға зиян кел­­тір­­генін уақыт дәлелдеді. Ирандағы, Ирак­­тағы, Ливиядағы қақтығыстар сөзі­міз­ге дәлел. Шетелдік сарапшылардың па­­йым­­дауынша, әлемдік державалардың осын­­дай мүдде көздеуінен Таяу Шығыс ел­­дерінде экономикалық өсім баяулап, сая­си тұ­рақс­ыздық белең алып, жем­қорлық жай­лаған. Бұдан бөлек, тұрғын­дар­дың білімі төмендігі, тайпалық өмір салтын ұстануы да «жығылғанға жұдырық» болып тұр.

Сондай-ақ Таяу Шығыстың тынышын қашырып тұрған мәселенің тағы бірі – діни алауыздық. Өңірдегі халықтың басым бөлігі ислам дінін ұстанады. Бірақ тұрғындардың кейбірі сүннит, келесісі шииттік бағытты жөн көруі жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Халықаралық аренада басы піспейтін Иран мен Сауд Арабиясын еске алсақ жеткілікті. Иран билігінде негізінен шииттік ұстанымдағы басшылар отырса, Сауд Арабиясында – сүнниттер. Сондықтан екі тараптың өзара түсінісуі қиын. Сирияда да сүнниттер мен шииттердің жанжалы мемлекеттік деңгейге дейін жетіп, Шам елінің шаңырағын ортасына түсіргені талай мәрте айтылды. Ирактың бұрынғы президенті Саддам Хусейн кезінде шиит­терді қудалағаны туралы батыс баспасөзінде жарияланғаны есімізде. С.Хусейннің өміріне баға беру жоспарымызда жоқ. Айтқымыз келгені, шииттер мен сүнниттер арасындағы келіспеушілік мемлекеттік деңгейге дейін көтерілгені.

Қорыта айтқанда, Таяу Шығыстың тынышы кетуіне себеп өте көп. Әзірге халықаралық қоғамдастық қандай шешім қабылдаса да, аймақтағы алауыздықтың бітер шегі көрінбейді. Имам Бұхаридан жеткен хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір сөзінде Евфрат өзенінің бойынан байлық табылатынын, соның себебінен соғыс болып, көп адам қырылатынын жеткізген екен. Бәлкім, Алланың елшісі айтқан байлық мұнай шығар, кім білсін?!