Қарапайым халыққа заң қызметінің қол жетімділігі қашанда ауадай қажет. Бірақ бұл көп жағдайда ойлағандай бола бермейді. Сондықтан халықтың билікке деген наразылығы да туындап жатады. Ал кез келген тараптың арасындағы қандай дау болмасын оған нүкте қояр сот екендігі белгілі. Міне, бұл орайда, ең алдымен халықтың қамын қамдаған еліміздің Жоғарғы Соты әділдік іздеп жүгінген тараптарға барынша жеңілдік туғызып отыр. Енді бұдан былай сотқа шағымданған кез келген жан арызымның жағдайы не болды екен деп табалдырық тоздырып жүрмейді. Үйінде отырып, оның тіркелген уақытын, қай судья қарайтындығын және сот процесі қашан болатындығын алдын ала біле алады.
Бұл жаңалық әзірге ТМД түгілі әлемнің көптеген елдерінде жоқ көрінеді. Сондықтан оның Қазақстан үшін маңызы өте жоғары. Аталған сот істері бойынша анықтамалық бағдарламасы еліміздің сот органдарының бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесін дамыту аясында іске асырылған. Жоғарғы Сот аппарат басшысының орынбасары Болат Сақаловтың айтуынша, бұл бағдарлама сот процесіне қатысушыларға яғни, құқық бұзушыға, талапкерге, жауапкерге, олардың өкілдеріне, қорғаушыға, прокурорға, жәбірленушіге, сотталушыға немесе сотталғанға және басқа да мүдделілік танытқан кез келген жанға облыстық және оған теңестірілген соттардың веб-сайттары арқылы бірінші, апелляциялық, кассациялық сатыларда қаралған немесе қаралатын азаматтық, қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы істердің үдерісін бақылауға мүмкіндік береді.
Бұл үшін облыстық және оған теңестірілген соттардың интернет ресурстарына, яғни веб-сайтқа “Сот істері бойынша анықтамалық” деген атаумен баннер орнатылады. Ол арқылы сотқа қатысушы “Сот істері бойынша анықтамалыққа” енеді. Сол кезде істердің жинақ қоры, жылы, істі қарайтын сот сатылары көрсетіледі. Одан кейін жылына байланысты қажетті сот сатысына еніп, аталған істің нөмірін немесе талапкердің, жауапкердің, сотталушының аты-жөнін теру арқылы іздеген іс табылады. Оның өндіріске қабылданған, кейінге қалдырылған, тоқтатылған, қаралған күндері мен судьяның аты-жөні тайға таңба басқандай жазылып тұрады. Бұл жаңалық сотқа қатысушылар үшін өте ыңғайлы әрі сенімді ақпарат көзі болып табылады. Бәрінен бұрын сыбайластықтың жолы қиылады.
Сот істері бойынша анықтамалықты тәжірибе жүзінде байқау Атырау облыстық соттарында жүзеге асырылған. Үстіміздегі жылдың наурыз айының басында тұсауы кесілген жағымды үрдіс әп-сәтте қанатын кеңге жая бастады. Өйткені, осы анықтамалық арқылы халықтың сот ақпаратына қолжетімділігі артып, оның ашықтығы қамтамасыз етіледі және сот қызметкерлерінің жүктемесі едәуір азаяды. Сөйтіп, күнделікті істің жөнін білу үшін сот ғимаратының алдына қаптап келушілердің қатары сирейді. Олардың анда-мұнда шапқылауы күрт тыйылып, жол шығындары мен алтын уақыттары үнемделеді. Енді көп ұзамай мұндай ыңғайлы сот ісі жөніндегі анықтамалықтар әуе жайларда, темір жол вокзалдарында, сапаржайларда, қонақ үйлер мен әкімшіліктерде оранатылмақ.
Бірақ жасөспірімдер ісі, сол сияқты жабық соттарда қаралған істер анықтамалыққа енгізілмейді.
Александр ТАСБОЛАТОВ.