Жақында Алматы облысың әкімі Амандық Баталов жетісулық 48 азаматты жеке мәселелері бойынша қабылдады. Облыс басшысының алдына кірген азаматтардың басым бөлігі баспана кезегі, үйлерін құжаттандыру туралы мәселе көтерсе, бірқатары медициналық көмек алуға қолдау көрсету, жол жөндеу, жер учаскесін алу, көп балалы отбасы балаларына облыс әкімінің білім грантын беру, атаулы әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа механизмдерін түсіндіру, түрлі бағыттағы оңалту орталықтарын ашудың мүмкіндіктерін қарастыру, жұмысқа орналастыру сияқты мәселе көтерген.
Қабылдауға алғашқылардың бірі болып кірген Диана Айдарханова Талдықорған қаласында көзінде ақауы бар балаларға арналған оңалту орталығын ашу туралы ұсынысымен бұған дейін де келген болатын. Сол ұсыныстың негізінде Талдықорғанда салынатын оңалту орталығының ішінен көз ақауы бар балаларға арналған оңалту орталығы бөлімін ашу туралы шешім қабылданған. Қазір оңалту орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Дегенмен А.Айдарханова ол орталықтың салынуын күтсе, балалар біраз уақыт жоғалтып алатындықтан, көзді оңалтуға арналған орталықты дайын нысандардың біріне орналастыру жағын қарастырса деген ұсынысын айтты. Облыс әкімі тиісті сала басшыларына қаладағы жаңадан салынып жатқан көп қабатты үйлердің бірінші қабатынан лайықты орын қарастыру туралы тапсырма берді. Еңбекшіқазақ ауданы Ащысай ауылы тұрғындарының атынан келген бастамашыл топ ауылды көркейту, әлеуметтік нысандарды күрделі жөндеу мен оларды салу, соның ішінде мектеп, балабақша, орталық саябақ, мәдениет үйінің мәселелері көтерілді. Бұл ретте облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың бастауымен аталған ауылға комиссиялы түрде жұмыс тобының арнайы шығуын, ауылдың жағдайын бағамдап, қажеттілігіне қарай «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енгізу қажеттігін айтты. Келушілердің бірі Әлия Әбсеметова күйеуі Біржан Кәрібаев екеуі Жамбыл ауданында Кәрібаевтар отбасының отбасылық үлгідегі балалар үйінде 7 балаға қамқоршылық жасап отыр. Ол облыс әкімінен балаларды тасымалдауға көлік алуға көмек сұрады. Амандық Баталов осы отбасына шағын автобус алып беру, көп балалы ана Әлия Әбсеметованы өз сұрауы бойынша жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. Сол сияқты Талдықорған қаласындағы коттеджді қалашықтың тұрғындары тұрғын үйдің келісімшартын дайындау мерзімін жылдамдатуды сұрады. Себебі коммуналдық төлемдерді төлеуге келісімшарттың қолдарында болмауы кедергі келтіріп отыр екен. Қабылдауға Талғар ауданындағы «Барон Фуд» ЖШС директоры Сергей Калинин де келді. Ол серіктестік пен тағы да 5 шаруашылықты негізгі трассамен жалғайтын 7-8 шақырымдық жолды жөндеп беруді сұрады. Серіктестңк негізінен етті мал шаруашылығымен айналысады. Онда қой мен құс және шошқа еті өндіріледі. Балық тәлімбағы мен құрама жем зауыты да бар. «Жол жөнделсе, осы шаруашылықтардың жұмыстарын одан әрі жетілдіруге көп септігін тигізер еді», - деді ол. Сол сияқты тұрғындар арасында ауыл шаруашылығымен айналысу мақсатында жер учаскесін бөлуді сұрағандар да болды. Сонымен қатар «Бақытты отбасы», «7-20-25» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысудың мүмкіндіктері туралы да білгісі келген азаматтарға мәліметтер кеңінен түсіндірілді. Және азаматтардың тұрғын үй үшін тұрған кезек реті мен кезегіне қарай үй алу мүмкіндігінің шамамен қашан келетіні де айтылды. Барлық сұрақтарға облыс әкімі толыққанды жауап беріп, мәселелерді шешуге қатысты нақты тапсырмалар берді.
Әлеумет пен әкім арасындағы сұрақ-жауап есепті кездесу кезінде де жалғасты. Мысалы, Амандық Баталовтың қортынды баяндамасынан кейін жиналысқа қатысуғакелген 29 адам ашық сауал қойып, өз ұсыныстарын айтты. Яғни, тұрғындар тарапынан түскен 50 сұрақ бойынша тиісті бөлімдер мен аудан әкімдеріне нақты тапсырма берілді. Ал әлеуметті жолдарды жөндеу, үкіметтік емес ұйымдарды қолдау, ішкі туризмді дамыту, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктері, тұрғын үйді құжаттарын рәсімдеу мен жекешелендіру, әкімнің жеке қабылдауына жазылу, арық жүйелерін жөндеу, жабайы саудамен күрес сияқты мәселелер толғандырады екен.
Мәселен, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Айгерім Берекешова Панфилов ауданында құны 76 миллион теңге болатын, қуаты 100 МВт күн электр стансасының құрылысына байланысты жобаның Өңірлік үйлестіру кеңесінде үш айдан бері қозғалыссыз жатқанын айтып, сол жұмысты қузап беруді сұрады. Сол сияқты америкалық инвесторлар «Қорғас» шекара маңы орталығы аумағына арналған бизнес жобаларын ұсыну үшін облыс әкімімен кездескісі келетінін де айтты. Жиында Жамбыл ауданы Бірлік ауылына жол, су, газ, интернет қосу қажеттігі туралы мәселе қозғалды. Амандық Баталов Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиевке: «Сол ауылға арнайы барып, тұрғындармен жиын өткізіп, қандай қажеттіліктері бар екенін анықта. Сосын оларды шешуге қанша қаржы керек, қарастырайық. Кез келген аудан әкімі өз ауылдарының жағдайын бес саусақтай білуі керек», - деп ескерту жасады. Осы жиында «Жігер» мүгедектер қоғамының басшысы, «Рахмет үшін – За спасибо» дүкен-жобасының жетекшісі Ажар Қыдыралина текстильді өңдеп, қайта кәдеге жарататын жобасына қаржылай қолдау сұрады. Сол сияқты Панфилов ауданының тұрғыны Батырхан Алмаз асыл тұқымды ешкі өсіріп отырғанын, оны 1 жарым жылдан бері аудандағы туберкулез ауруханасына тегін беріп келе жатқанын тілге тиек етіп, осы шаруашылықты одан әрі кеңейту үшін сауын аппараттары, тоңазытқыш сияқты құрал-жабдықтар қажеттігін айтты. Яғни оны сатып алу үшін қаржылай қолдау қажет. Облыс әкімі текстиль өңдеу жобасының мәселесін микрокредит беру арқылы шешуді, ал ешкі шаруашылығына «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде жеңілдетілген несиелер арқылы қолдау көрсетуді тапсырды. Сонымен бірге Талдықорғанда үкіметтік емес ұйымдарға арналған орталық салу керектігін айтты. Келесі кезекте алма, алмұрт өсіретін бағы бар «Сотникова» жеке шаруашылығының жетекшісі, ескелділік Евгения Сотникова бактериялық күйік ауруына қарсы қандай да бір шара қолданылмаса, бау-бақшаларын сақтаудың қиынға түсетінін айтып көмек сұрады. Жауаптан белгілі болғанындай, биылға дейін бұл ауруға қарсы шараларға субсидия бөлінбей келген. Биыл бұған арнайы қаржы қарастырылып отыр. Карантин қызметі зерделеу жасап, 700 гектар жерді анықтап, оған қарсы шараларға 367 миллион теңге бөлініп отыр екен.
Осы есепті жиынға бірнеше ауданның тұрғындары онлайн режимде бейнебайланыс арқылы қосылған еді. Тікелей желіде Қаратал, Кербұлақ, Талғар аудандарының тұрғындары сұрақ қойды. Қараталдықтар Көпбірлік ауылының жолын жөндеу мәселесін көтерсе, Сарыөзек тұрғындарын кенттегі ауыз су мәселесі мазалайды. Талғарлықтар «Саз-Талғар 7» су қоймасына жөндеу жүргізу қажеттігін айтты. Аталған мәселелердің барлығы да жергілікті атқарушы органдардың назарында. Мәселен, Көпбірлік пен Бәйшегір ауылы арасындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының орташа жөндеу жұмыстарына биыл бюджеттен 471,1 млн. теңге қаражат бөлініп, жолдың жөндеу жұмыстары осы жылдың қараша айына дейін аяқталады деп жоспарланған. Ал Сарыөзек ауылының ауыз суына қатысты жобаның IV кезеңінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптамадан өткізілуде. Оны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,2 млрд. теңге сұралып отыр. Облыс әкімі республикадан қаржы бөлінгенін күтіп отырмай, ортақ қаржыландыру негізінде облыстық бюджеттен қаражат бөліп, құрылыс жұмыстарын бастай беруді тапсырды.
Алматы облысы