Қазақстан • 24 Ақпан, 2020

Алматыда волонтерлер форумы өтті

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Игі іспен айналысу, адам­дарға жақсылық жасау – хал­қы­мыздың көне заманнан келе жат­қан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреу­ге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Волон­терлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қыз­мет ету» деп еріктілер жылы ретінде айдар тағылған биылғы жыл ізгілікті істер салтанат құрып, қайырымдылық қасиеттердің кеңге қанат жаятын  айтулы сәті екенін айшықтап көрсетті.

Алматыда  волонтерлер форумы өтті

Қоғамды адамгершілікке үндеп, жастарды қайырымды іске тәрбиелеу мақсатында құрылған «Ізгілік елшісі» жобасы ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да  көптеген игі бастамаларға мұрындық болып келеді. Еліміздің жетекші университеттері жаппай қолдаған жоба Алматыда волонтер жастардың форумын өткізді. Басқосуда республиканың барлық аймақтарынан  келген еріктілер өз пікірлерін ортаға салып, Президент айқындап берген жеті бағыт бойынша ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстар жөнінде ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Тұңғыш Президент - Елбасы Қорының атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров, белгілі кинорежиссер Ермек Тұрсынов бастаған қонақтар ізгішуақ еңбектері үшін жастарға ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Елімізде еріктілер қозғалысының отыз жылға жуық тарихы бар. Бүгінде құрамы жастардан тұратын «Еріктілер лигасы» жұмыс істейді. Көптеген қоғамдық ұйымдардың осы бағыттағы шаралары нәтижелі істермен айшықталуда. «Нұр-Отан» партиясының да қабылдау бөлмелері азаматтардың ұсыныс-пікірлерін дамылсыз қабылдап келеді. Форумға қатысушылар бұл істе нақты бір жүйе керектігін айтады. Әр бастаған жұмыстың арнайы тұжырымдамасы жасалуы шарт. Әлеуметтік көмек көрсетудің астарында көзге көрінбейтін, еріктілер ғана бетпе-бет келетін жағдайлар кездеседі. «Ізгілік елшісі» волонтерлер қозғалысының жетекшісі  Айнұр Сәбитова еріктілерді үнемі ынталандырып отырудың маңызы зор екенін айтып, атаулы жылда барша жастарды игі істерді бірлесе атқаруға шақырды.

«Волонтерлік – әрбір азаматтың  міндеті. Көпшілік волонтерлікті тегін қызмет көрсету немесе біреуге жәрдем­десу деп біледі. Шынына келсек, әр азамат волонтер болуы керек. Себебі айналамызда көмек­ке мұқтаж адамдар көп. Әңгіме тек материал­дық көмекке тірелмейді, жай ғана жылы сөз айтып мұңайғанға рухани жәрдем жасаудың өзі нағыз волонтерлік. Әрі үлкен сауапты іс. Әр азамат тұрып жатқан жерінің тазалығын сақтап, қоғамның бірлігін нығайтуға сөзімен де ісімен үлес қосуы керек. Мәселен жердегі қоқысты көтерген­нен азаматтардың арланбағаны дұрыс. Сайып келгенде бұл қоғамның ізгіленуіне қосылған үлес. Сондықтан волонтерлер деп жауап­кер­шілік пен міндетті шектемеген жөн. Бұл барлығымыз жұмыла атқаратын шаруа», дейді Айнұр Сәбитова.

Волонтерлік – өз еркіңмен, шынайы жүрек қалауымен атқарылатын жұмыс. Бұл –имандылық пен парасаттылықтың айқын көрінісі. Бүгінде әлем бойынша жүз миллионнан астам адам осынау игі іспен айналысады. Елімізде 600-ге жуық  волонтерлік ұйым ірі қалалар мен ауылдарда белсенді жұмыс атқаруда.   

 

АЛМАТЫ