Парламент • 25 Ақпан, 2020

Бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды

773 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінде өткен кезекті Үкімет сағаты бұқаралық спортты дамыту мәселелеріне арналды.

Бұқаралық спортты дамыту мәселелері қаралды

Дене шынықтыруға ден қойғандар соңғы бес жылда 5% ғана өсті

Алқалы жиында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева сөз тізгінін ұстады. Ол алдымен спорт алаңдарының халық үшін қаншалықты қолжетімді екеніне тоқталды.

– Бүгінде республикада 39 мыңнан астам спорт ғимараты жұмыс істеп тұр. Бұл көп пе, әлде аз ба? Ұлттық экономика ми­нистрлігінің 2014 жылғы бұйры­ғымен бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс сала­сындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес елімізде әрбір 1000 адамға 80 шаршы метр спорт алаңы болуы тиіс. Бірақ қазіргі таңда елімізде әрбір 1000 адамға 47 шаршы метр спорт алаңынан тура келеді. Бұл мемлекеттік нормативте белгіленген деңгейден екі еседей төмен. Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев 2018 жылғы «Қа­зақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында дене шынықтыру мен спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының халыққа қолжетімді болуы мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды, сон­дай-ақ қолданыстағы спорт ғима­раттарын тиімді пайдалануды тапсырды. Өткен жылы атал­ған Жолдау шеңберінде Үкімет 13 де­не шынықтыру-сауық­тыру ке­ше­нін салды. Биылғы және келесі жылы тағы 87 дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланып отыр, – деді вице-спикер.

Сонымен қатар Гүлмира Исим­баева Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты Жолдау­ын­да көрсетілген бұқаралық спортты дамытуға қатысты ба­ғытты атап өтті. Оның айтуын­ша, өткен жылдың қорытын­дысы бойынша елімізде дене шынықтырумен жүйелі түрде айналысып жүргендер саны жалпы халықтың 30,6%-ын құрап, 2014 жылмен салыстырғанда бар-жоғы 5%-ға өсті. Бұл салада оң динамика болғанымен, хал­қының 60%-ға жуығы спортпен айналысатын АҚШ, Жапония, Аустралия, Канада сияқты елдермен және Еуропа елдерімен салыстырсақ, біздің көрсеткішіміз – төмен деңгейде. Мектеп жа­сындағы балалардың бар болғаны 59%-ға жуығы (1,8 млн) дене шынықтырумен айналысса, жо­ғары оқу орындарында оқитын сту­денттердің 31%-ы (172,4 мыңы) ғана спортпен шұғылданады екен.

– Келесі мәселе – елімізде, әсіресе ауылдық жерлерде спорт инфра­құрылымының әлсіз дамуы және спорт құралдарымен, спорт жаб­дығымен жарақтандырудың жет­кіліксіз болуы. Бюджет қара­жатын бөлу кезінде де бұқаралық спорттың дамуына мардымсыз қаражаттың бөлінуі алаңдатады. Жаттықтырушы кадрлардың жетіс­пеушілігі жыл сайын орташа ал­ғанда мың адамды құрайды. Жал­пы саланы дамыту үшін қор­даланған проблемаларды жүйелі түрде шешу қажет, – деді Гүлмира Исимбаева.

 Спорт инфрақұрылымдары қолжетімді ме?

Одан әрі депутаттар алдында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова тақырыпты кеңінен тарқатты. Ол былтыр спорт саласының нормативтік-құ­қықтық базасын әрі қарай жетілдіру бойынша айтарлықтай жұмыстар жүргізілгенін айтты. Сонымен қатар ол Пре­зиденттің Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары шеңберінде Бұқаралық спортты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобалары әзірленгенін атап өтті. Онда балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары және дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерлерінің желісін кеңейту, дене шынықтыру және спорт бо­йынша сыныптан тыс сабақтарды жүргізгені үшін мұғалімдерге қосымша ақы енгізу, білім берудің барлық деңгейлерінде дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлері бойынша міндетті компонентті енгізу, халықпен жұмыс істеу үшін спорт нұсқаушыларын штаттық бір­ліктермен қамтамасыз ету сияқты мәселелер қарастырылған.

– Өңірлер ұсынған статис­тикаға сәйкес мектеп оқушы­ла­рының ішінде 1 млн 865 мың бала дене шынықтырумен шұ­ғылданады. Білім және ғылым министрлігінің деректері бойынша 2019 жылы 5428 мектеп спорт залдарымен қамтамасыз етілген. Бұл ретте Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау облыс­тарында мектептерді спорт залдарымен қамтудың ең жоғары деңгейі байқалады. Іс жүзінде мек­тептердің 37%-ы спорт құрал-жабдықтарына деген қажеттілікті сезінеді, 1970 мектепте спорт залдары жоқ, ал ауылдағы спорттық-сауықтыру кешендерінің желісі ауыл тұрғындарының тек 30%-ын ғана қанағаттандырады, – деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің айтуынша, бүгін­де елімізде 477 Балалар мен жас­өспірімдер спорт мектебі бар. Бұл спорт мектептерінде 357 мыңнан аса бала тегін спортпен айналысады. Бұған қоса жергілікті жерлерде 579 балалар-жасөспірімдер клубы және 107 дене тәрбиесі клубтары жұмыс істейді. Аталған спорт клубтарында 180,7 мың бала спортпен қамтылған.

Сондай-ақ студенттік спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Білім және ғылым министрлігімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде 131 жоғары оқу орнында 113 спорт клубы мен 2 мыңға жуық спорт секциялары ашылды. Онда 172,4 мың студент спортпен шұғылданады. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша өткен жылы 462,3 мың балаға тегін спорттық абонемент берілген, оның 185,3 мыңы – тұрмысы төмен отбасылардың балалары, 237,5 мыңы – көп балалы отбасылардан шыққан балалар, 30 мыңға жуығы – ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар және 10 мыңнан астамы – ерекше қажеттіліктері бар балалар.

– Елбасының тапсырмасымен елді мекендерде 100 де­не-шынықтыру-сауықтыру ке­шенінің құрылысы басталды. 2019 жылы жергілікті бюджет қа­ражаты есебінен, сондай-ақ демеушілік қаражат тарту арқылы жоспарланған 13 спорт кешенінің құрылысы толық аяқталды. Биыл 32 ДШСК құрылысын салу жос­парлануда, оның ішінде 10 ДШСК құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының шеңберінде жүзеге асырылады. 2021 жылдың соңына дейін 100 кешеннің құры­лысын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 2019 жылы бекі­тілген тізбеден бөлек елі­міз­дің өңірлерінде жергілікті бюд­жет есебінен, сондай-ақ мем­ле­кет­-жекеменшік әріптестік шең­­бер­інде 21 спорт кешені са­лын­­ды, – деді ведомство басшысы.

Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау барысында депутаттар халықтың бұқаралық спортпен қамтылу деңгейін арттыру, спорт инфрақұрылымының қолже­тімді болуын қамтамасыз ету, әсіресе ауылдық жерлерде қазіргі заманғы спорт құрал­дарымен жарақтандыру мәселе­леріне назар аударды. Осы ретте «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша дене шынықтыру-сауықтыру кешендерін салуға қосымша қаржы бөлу, спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасау, балалардың спорт секцияла­рында айналысу уақытын кө­бейту, сондай-ақ құрылыс норма­ларын қайта қарап, оған құры­лыс салушылардың көп пәтер­лі үйлердің аулаларында спорт-ойын алаңдарын салу мінде­тін енгізу, қала және ауыл тұрғын­дарының спорт нысандарын тең қолдануға мүмкіндік жасау сияқты мәселелер саланың басты басымдығы ретінде белгіленді.