Спорт • 25 Ақпан, 2020

Дзюдошылардың әлемдік рейтингі жаңартылды

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Германияның Дюссельдорф қаласында аяқталған Grand Slam турнирінен кейін дзюдошылардың әлемдік рейтингі қайта жаңартылды.

Дзюдошылардың әлемдік рейтингі жаңартылды

Ерлер арасында Жапонияның қос балуаны үздіктер көшін бастап тұр. Олар ­– Рюджю Нагаяма (60 кило) мен Сойши Хашимото (73 кило). Сонымен қатар бүгінгі таңда италиялық Мануэль Ломбардо (66 кило), израильдік Саги Муки (81 кило), испаниялық Николоз Шеразадашвили (90 кило), Майкл Коррел (100 кило) және чехиялық Лукаш Крпалек (+100 кило) алдарына жан салмай тұр.

Қазақстанның үш өрені «ТОП-10» дзюдошысы санатында. Атап айтсақ, Елдос Сметов (60 кило) – екінші, Ғұсман Қырғызбаев (60 кило) – жетінші және Ерлан Серікжанов (66 кило) – оныншы орынды иеленуде. Олардан кейінгі үздік нәтиже Елдос Жұмаханов (66 кило) пен Ислам Бозбаевқа (90 кило) тиесілі. Қос қандасымыз да 19 сатыға табан тіреді.

Әйелдер арасында Франция аруларының асығы алшысынан түсуде. Қазіргі кезде Аманди Бушар (52 кило), Клариссе Агбегнену (63 кило), Мари Ева Гахи (70 кило) және Маделине Малонга (78 кило) сынды төрт бірдей бұрымды теңдессіз деп танылуда. Сондай-ақ украиналық Дария Белодид (48 кило), канадалық Криста Дегучи (57 кило) және кубалық Идалис Ортис (+78 кило) әлемдік рейтингтің көш басында.

Осы спорт түрін серік еткен біздің балуан қыздарымыздың арасында Отгонцэцэг Галбадрахтың ғана аяқалысы тәуір. Ол аса жеңіл салмақтағы татами шеберлері арасында 11 орынды еншілеуде.