Аймақтар • 25 Ақпан, 2020

Тараз: Білім ошағындағы заңсыздықтар

620 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев білім саласының өкілдерімен кездесуінде кейбір мектеп директорлары өздерін князь секілді сезінетіндерін айтқан еді. «Оқу орындарының кейбір басшылары өздерін ұйымдастырушы емес, меншік иесі секілді сезінеді. Мектеп – мемлекеттікі, ал директор – ауысып отыратын басқарушы тұлғалар болуы тиіс. Жұмысқа орналастырғаны үшін директор мұғалімнен ақы алса, одан сапалы жұмысты қалай талап етеді? Ол мұғалім өз шығындарын ата-аналар арқылы қайтара бастайды, сыбайлас жемқорлық тізбегі осылай жалғаса береді», деген болатын. Жиында білім саласындағы бұдан өзге де мәселелер көтеріліп, талқыланды. Сондай-ақ әкім білім беру, тәртіп және тәрбие жұмыстарын  күшейтуді де тапсырды.

Тараз: Білім ошағындағы заңсыздықтар

Әрине, салада жетістіктер де бар. Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырованың айтуынша 1891 мұғалім республикалық және халықаралық конкурстардың жеңімпазы атанған. Сонымен қатар облыс оқушылары пәндік олимпиадаларда 132 медальға қол жеткізіп, өңірдің 10 мектебі республика бойынша 100 үздік мектеп қатарына еніп отыр. Бірақ Бердібек Сапарбаев Қордай ауданы, Масаншы ауылындағы мектептердің бірінен он жыл бойы бірде-бір «Алтын белгі» немесе «Үздік аттестат» иегерінің шықпағанын, тек бір ғана түлектің жоғары оқу орнына грантқа түскенін атап өтті. Сонымен қатар Жәмилә  Бекбатырова негізгі мәселе ретінде педагогтардың біліктілігінің төмендігін атап өтіп, сырттай бөлімде оқып, диплом алатындардың жайына назар аудартты.

Әкімнің «Кейбір мектеп директорлары өздерін князь секілді сезінеді» деген сөзінің соңын ала-ақ Тараз қаласындағы №43 орта мектептің ұжымы директордың үстінен арызданды. Директор қызметтік бабын асыра пайдаланып мектепте ақша жинауды әдетке айналдырған көрінеді. Аталған мектептің мұғалімі Күнсұлу Бөрімбекова директорға кім ақша бермейді, соның жұмысы нөлге тең болатынын айтты. Тіпті ол әлеуметтік желі арқылы жұмыстан орынсыз босатылғанын айтып шағымданған еді. Сонымен қатар мұғалімдердің айтуынша, оларды кез-келген сабақтың үстінен шақыртып, жиналыс жасайды екен. Заңсыз ақша жинағаны өз алдына, басшының мінезі дөрекі дейді олар. Алайда, мектеп директоры Эльмира Өмірбекова мұғалімдердің бұл пікіріне келіспейді. Тіпті ол сотқа жүгінуге мәжбүр болғанын айтады. Эльмира Өмірбекова мұның алдында тура осындай жағдаймен №25 мектептен жұмыстан кеткен екен.

Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша, аталған мектеп директорының мәселесіне байланысты арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамында облыстық білім басқармасының, салалық кәсіподақтың және үкіметтік емес ұйымның өкілдері бар. Комиссияның алғашқы отырысы өтіп, бүгінде білім ошағындағы заңбұзушылықтар бойынша тексеру жүргізілуде. Тараз қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Уәлихан Байдуановтың айтуынша, жұмыстан заңсыз босатылғанын айтып шағынған Күнсұлу Бөрімбекова келісім комиссиясының шешімімен жұмысына қайта алыныпты. Ал, енді мектеп директорына қандай жаза қолданылатынын тексеру жұмыстары көрсетеді.

 

Жамбыл облысы