Спорт • 26 Ақпан, 2020

Күрес түрлерінен Олимпиаданың іріктеу турнирі Бішкекте өтеді

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Күрес түрлерінен Қытайдың Синянь қаласында өтуге тиіс Олимпия ойындарының лицензиялық турнирі Қырғыстанның бас шаһары – Бішкекке ауыстырылды. 

Күрес түрлерінен Олимпиаданың іріктеу турнирі Бішкекте өтеді

Бірлескен күрес әлемінің (UWW) басшылары Аспанасты елінде коронавирус дертінің өршуіне байланысты осындай қадамға баруға мәжбүр болғандарын мәлімдеді.

Көпшілік алдында сөз алған айтулы ұйымның президенті Ненад Лалович: «Азия құрлығында орналасқан мемлекеттердің ұлттық құрама командаларының қатысуымен өтетін жарысты Бішкек қаласына ауыстыруды құп көрдік. Олимпиада жолдамалары сарапқа салынатын дүбірлі дода 27-29 наурыз аралығында өтеді. Сөз орайы келгенде, осындай қысылтаяң жағдайда бізге қолдау көрсетіп, іріктеу бәсекесін өткізге ерекше құлшыныс танытқан Қырғызстан күрес федерациясына шексіз алғысымызды білдіреміз», – деп тіл қатты. 

Естеріңізге сала кетейік, Олимпия ойындарының алғашқы жолдамалары былтыр Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында сарапқа салынған еді. Алайда өз елімізде өткен жарыста біздің балуандардың біразы көздеген мақсатына қол жеткізе алмады. Міне, енді сол олқылықтың орнын іргеміздегі қырғыз елінде толтыруға тиіспіз.