Бошай Кітапбаев! Бұл есімді таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Шығыс Қазақстан облысының, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының мүгедегі, Үлкен Нарын ауданындағы миллионер ұжымшарды 40 жыл басқарып абыр
Бошай Кітапбаев! Бұл есімді таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Шығыс Қазақстан облысының, Катонқарағай ауданының құрметті азаматы, Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының мүгедегі, Үлкен Нарын ауданындағы миллионер ұжымшарды 40 жыл басқарып абыройға бөленген абыз ақсақалдың 90 жылдық мерейтойын облыс жұртшылығы Жамбыл атындағы облыстық қазақ драма театрында атап өтті.
Алдымен жиналғандарға қарияның еңбек жолы, кіндік қаны тамған Катонқарағай өңірінің елі мен жеріне арналған «Тоғыз таңбалы Найман», «Өр Алтайда өткен ғұмыр», «Айта айта Алтайды, Бошай ата қартайды» кітаптары жайлы, Ұлы Отан соғысынан қайтпай қалған боздақтарға Бошекеңнің өз қаржысына салғызған ескерткіші, басқа да қызықты деректерге толы кинофильм көрсетілді.
Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сахнаға көтеріліп, Елбасы Н.Назарбаевтың абыз ақсақалды 90 жылдық мерейтойымен құттықтауын оқып берді. Өңір басшысы бұдан соң қарияға «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін, «Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы» куәлігін, Катонқарағай ауданының жұртшылығы атынан темір тұлпардың кілтін табыстады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, белгілі қаламгер, Қазақ ұлттық академиялық кітапханасының бас директоры Әлібек Асқаров сөз алып, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат Министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің арнайы жіберген құттықтау хаты мен сыйлығын абыз қарияға тапсырды. Министр өз құттықтауында Бошай ағаның ғұмыры жастарға үлгі-өнеге екенін айтып, 90-ға толса да қатардан қалмай, қаламымен оқырмандарын қуантып отырғанына ризашылығын білдіріпті.
Тоқсанға толған абыз ақсақалды құттықтауға еліміздің түкпір-түкпірінен інілері мен туыстары, «Самұрық-Қазына» ҰӘК төрағасының орынбасары Серік Әбденов, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Ф.Жақсылықов, сенатор Т.Абайділдин, Катонқарағай, Күршім аудандарының ел басқарған азаматтары, інілері жүрекжарды лебіздерін білдірді. Бошай аға өзіне құрмет көрсеткен Елбасына, өңір басшысына алғысын айтты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.