Елімізде жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалардың шеңберінде талай тұрғындар шаруасын шалқытып, тірлігін тіктеп отыр. Тіпті Жамбыл облысында бастау алған тұрғындардың тұрмысын арттыруға арналған қанатқақты жобаның өзі кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау. Бұл күнде өңірдің он ауданынан бекітіліп берілген он бір ауылдық округтің тұрғындары төмен пайызбен несие алып, жеке шаруашылықтарын дамытуды бастап та кетті. Өңірде бастау алған жақсы бастама өзінің нәтижесін бере бастады. Бұдан бөлек, кәсіптің түрлі салаларын игеріп, сол арқылы жетістікке жетіп, өңір экономикасын дамытып жүрген кәсіпкерлер де бар.
Кәсіптің түрі көп. Хакім Абай «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дейді. Кәсіптің кең қанат жаюы еңбекке де байланысты. Жалпы, Жамбыл облысы аграрлық аймақ болғандықтан, мұнда егін және мал шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік мол. Егін салып, мал бағу сынды ежелгі атакәсіптің жаңа заманда да ырысы кеміген жоқ. Алайда кәсіпкерлікпен айналысуда да кейбір кедергілер кездеседі екен. Өңір кәсіпкерлерін толғандырған түйткілді мәселелер көп болып шықты. Мәселен, өңірде қант қызылшасын егіп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген біраз кәсіпкерлер адал еңбегінің өтемін әлі ала алмай жүр. Облыстың шаруалары «Меркі қант зауыты» кәсіпорнына жалпы құны 1 миллиард теңгеден асатын, салмағы 126 мың тонна болатын тәтті түбір тапсырған. Енді ақшасын алайын десе, жоқ. Өздері өткізген қызылшаның қаражаты оларға төрт айдан бері берілмеген. Тіпті бұл мәселені Байзақ ауданынан келген кәсіпкер Саха Манатов Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың есепті кездесуінде де көтерді. Меркі, Қордай, Байзақ, Шу аудандарынан жиналып, облыс орталығына келген 102 кәсіпкер әкімнен көмек сұрады. Шаруалардың шырқырайтыны, өткен жылы аймақта 2 мың гектар жерге қант қызылшасы егілген болса, биыл өңірде тәтті түбірдің мүлде егілмей қалу қаупі басым. Олар мұндай жағдайдан кейін енді қызылша еккісі де келмейтінін айтуда. Кәсіпкерлер әкімге зауыт басшылығынан қайран жоқтығын айтып шағынды. Шаруалардың шағымына құлақ асқан Бердібек Сапарбаев оларға бұл мәселе төңірегінде нақты шешім қабылдайтынын жеткізді.
Жалпы, тәтті түбір мәселесі өңірде біраз жылдан бері бар жағдай. Енді бұл мәселенің қалай шешілетінін уақыт көрсетеді. Сонымен қатар облыста кәсіпкерлер үшін жер телімін беру мәселесі де өзекті болып отыр. Тараз қаласындағы «Көкжиек-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Әбдіғали Бегімбетов өткен жылы облыстық жергілікті атқарушы органдар 60 конкурс пен аукцион өткізіп, 1085 жер телімі берілгенін айтты. Алайда кәсіпкер жер телімін беруде ашықтықтың жоқтығына қынжылады. Тіпті тендерлер мен аукциондар туралы кәсіпкерлерге тиісті орындар хабарламайды екен. Сонымен қатар кәсіпкер жобалық-сметалық құжаттардың шығынын төмендету керек деген пікірде. Ал Жуалы ауданындағы «Зылиха» шаруа қожалығының жетекшісі Керімқұл Бегалиевтің айтуынша, сапалы тұқымның жетіспеушілігінен картоптың өнімділігі төмендеп кеткен. Аймақта картоп егумен аты шыққан шаруашылық енді сапалы тұқымға зәру. Енді кәсіпкер облыс әкімі «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несиеге Қарағанды және Павлодар облыстарынан 3,5 мың тонна сапалы тұқым жеткізіп беруге ықпал етсе», дейді. Сонда бұл мәселе де оңынан шешіліп, кәсіптің нәсіпті болатынын айтады. Бал шаруашылығымен айналысатын «Альфа» шаруа қожалығының басшысы Бахром Нұралиев болса, бизнесін ұлғайтуға лизингтік несие қарастырылса деген ойда. Сондай-ақ кәсіпкер «Мектепке дейінгі мекемелердің тамақтануына бал өнімі қосылса, колледждерде бал шаруашылығымен айналысатын мамандар даярланса», деген де ойын жеткізді. Көпшілікке таңсық көрінетін бұл кәсіптің алға басуы жергілікті биліктің қолдауына да байланысты.
Негізінен Жамбыл өңірі кәсіпкерлікті дамытуға қай жағынан да қолайлы. Облыстың халықаралық күре жолдың бойында орналасқаны, темір жол және әуе қатынастарының да талапқа сай екені кәсіпкерліктің кең өріс алуына жол ашады. Бірақ әлгіндей мәселелердің өзі-ақ кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретіні рас. Өндірген өнімін әлемнің бірқатар елдеріне экспорттайтын «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өзі Әулиеата аймағын көтеріп тұрған үлкен құрылым. Бұдан басқа жекелеген шаруашылықтар, қожалықтар, түрлі өнім шығаратын кәсіпорындар, бәрі де өңір экономикасын дамытуға, әлеуметтің әлеуетін арттыруға жұмыс істеп келеді. Кәсіпкерлермен кездесуінде де Б.Сапарбаев оларға мүмкіндігінше қолдау көрсетілетінін, мәселелерінің шешілетінін айтқан.
Жамбыл облысы