Сазгердің жүрек қылын шертетін нәзік әндері бүгінде сағынышқа айналған. Сонау қызғалдақты Наурызым даласында туып өскен Қайрат Нұрғазиннің жастық, ізденіске толы шарқ ұрған, халқымыздың ән өнеріне шабыттана үлес қосқан жемісті жылдары кеншілер қаласында өтті. Қазақ студенттер есебінен 2 пайыз болатын 90-шы жылдары кеншілер қаласында Қайраттың әні қалықтайтын. Рудныйдың «қазақтануына» сазгердің қосқан үлесі аз емес. Осы қалада «Аққу», «Жадыра» өнер топтарына жетекшілік етті, жастарды, студенттерді өнерге баулыды. Артында жүзге жуық ән қалдырған Қайраттың «Қыздарға әсімдік жарасады», деп сызыла басталатын «Арман жырым-аруларым» атты әні еліміздегі эстрадалық ән жұлдыздарының репертуарынан берік орын алып, әнқұмар әр қазақтың жүрегін жаулағалы қашан. Сазгердің бұл шығармасы республикалық «Үкілі үміт» ән байқауында бас жүлдені жеңіп алып, оған музыка мамандары да биік бағасын берген. Қайрат Тобыл-Торғай өңірінің белгілі ақындарымен қатар, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Исраил Сапарбай секілді жыр жүйріктерінің де жырларын өзінің ән қанатына байлаған еді.
Осыдан екі жыл бұрын дүниеден өткен Қайрат Сейітмағанбетұлы көзі тірі болғанда биыл көктемде 55 жасқа толар еді. Осыған орай Рудный қаласындағы тарихи-өлкетану музейінде өткен «Мәңгілік көктем» еске алу кешінің естеліктермен де, шырқалған Қайрат әндерімен де мазмұны қалыңдай түсті. Кештің музейде өтуі де бекер емес. Мұнда сазгерге арналған бұрыш ашылып, оған Қайраттың пайдаланған музыкалық аспаптары, ән таспалары, тұтынған заттары, сахнаға киген киімі, қойылды. Олардың арасында тыңдарманына аса белгілі бола қоймаған, сазгердің өзінің орындауында жазылған таспалары да бар. Олардың кейбірі Қайраттың өнердегі, өмірдегі достарынан алынды. Сазгер мұрасының ұмытылмай, шығармашылығының насихатталуы үшін Қайраттың досы Қостанай-Торғай өңіріне есімі танымал ақын, журналист, өнер жанашыры Арман Хасеновтың жүргізген жұмыстары сүйсінерлік.
– Қайраттың әндері жастармен қатар, аға буын арасында да жақсы тыңдалатын. Достықты, махаббатты, адал сезімді жырлайтын лирикалық әндерінің өзегі адамгершілік, имандылық болған соң ба, одан жеңіл даңғазалық байқалмайтын, бір нәзіктік жүректі жаулап алатын. Оның әндері жылдармен алға жылжи береріне кәмілміз. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы, ақын Ерлан Қалмақовтың қолдауымен өңірде Қайрат шығармашылығына арналған бірнеше кеш, концерт өтті, – дейді Арман.
«Мәңгілік көктем» ән кешінде Қайраттың Қ.Ахметжанов, Б.Зиналиева, Ж.Тілеуқабылов, К.Өмірбекқызы, О.Пигасова, А.Құрманов, А.Сәбитбекұлы секілді өнердегі қанаттас әріптестері естеліктер айтты. Жиналған жұртшылықтың Қайрат әндеріне сусыны қанды. Сазгердің көктемдей көрікті, әсем әндері өзін жоқтатпайды, әрі еліне қызмет ете беретін болады. Қайраттың әніне сусап келгендер оның әруағына құран бағыштады.
Қостанай облысы,
Рудный қаласы