Бірақ тағдырдың бұл қатал сынына мойыған Тәубахан жоқ. Қазір ол жалғыз қолмен жиһаздың орындық, үстел сияқты түрлерін жасайды. Бұл өнерді бала кезінде әкесінен үйренген. Үш саусақпен ағашты аралап, одан кейін оны сүргілеп, жымдай қылып құрастырып бұйым жасау айтқанға ғана оңай. «Әрине, – дейді ол, – қиындықсыз іс болмайды. Кейде қолымның қарысып қалатыны бар. Мұндай кездерде көңілімді көтеру үшін ән айтамын. Шынын айтқанда, кәдімгідей тыңайып, сергіп қаламын».
Тәубаханның қолынан аяқ киім жөндеу де келеді. Жалпы, ол жұмыссыз отырғанды ұнатпайтын жан. Керек болған жерінде үй шаруасына да араласып кетеді. Жұмыс істеген кезінде жанынан шықпайтын балаларға өнегелі әңгіме айтып, ақыл-кеңес беріп отыруды да ұмытпайды.
«Кейде өздері түк істемей, мемлекеттен қол жайып көмек сұрай беретіндерге таңғаламын. Теледидардан он екі мүшесі сау жастардың бос сенделіп, арақ ішіп, бір-бірімен төбелесіп жатқанын көргенімде, ішім удай ашиды. Соларға қарап отырып, өзімнің сүйікті ісіммен айналысып жүргеніме тәубе деймін», деп сыр ақтарады ол. Қазір Тәубаханды тапсырыстың астында деп айта алмайсың. Бірақ өзіне жетерліктей жұмысы бар. Ең бастысы, ол өзіне ұнайтын және қолынан келетін іспен айналысады. Шебер ең бірінші кезекте сапаға мән береді екен. Бір орындықты бірнеше күн істеуі бар, әбден көңілден шығатындай болып біткенше тыным таппайтыны да содан.
Тәубаханның қолынан ағаштан бұйым жасау ғана келеді десеңіз, қателесесіз. Оның әуелетіп ән айтатын да өнері бар. Тіпті, аудандық, облыстық деңгейдегі конкурстарда жеңімпаз болған. Содан соң қолы қалт еткенде шахмат ойнағанды ұнатады. Қарсыластарының бәрін қиратып жеңбесе де, шаршы тақта бетінде талайды тығырыққа тірейтін қабілет-қарымы бар. Бұған дәлел – аудандық жарыстарда алған жүлделері.
Тәубахан Оңалхан сынды жандардың тәубасын ұмытқан көп адамға ой салып, өмірге басқаша көзбен қарауға ықпал етері сөзсіз. Иә, қарағайға қарсы біткен бұтақтай мұндай қайсар адамдар мүсіркеуді қажет етпейді, қайта олардың қайтпас рухын мұқым елге үлгі ету керек шығар!
Қарағанды облысы,
Осакаров ауданы