Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Бельгия Корольдігінің Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Даниель Бертранды оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Мәжіліс Төрағасы өз сөзінде Қазақстан Бельгияны сенімді әріптесі деп санайтынын жеткізді. “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін қолдаған елдің бірі – Бельгия. Мемлекетіміздің беделді Ұйымға жетекшілік етудегі күн тәртібіне ұсынған мәселелерді де Бельгия қолдайды деп сенеміз. Бұл миссия еліміз үшін әрі мәртебелі, әрі үлкен жауапкершілік жүктейді. Сондықтан, біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Қазақстанның маңызды бір бастамасының бірі – елімізде ЕҚЫҰ Саммитін өткізу”, деді Орал Мұхамеджанов.
Қос мемлекеттің парламенттері арасында достық байланыс орнаған. 2006 жылы Бельгия Өкілдер палатасының делегациясы Қазақстанға келді. Содан соң жарты жылдан кейін Мәжіліс депутаттары жұмыс сапарымен Брюссельге барды. Тәжірибе алмасу бағытында кездесулер өтті.
Өз кезегінде Даниель Бертран “Қазақстан Бельгиямен мықты дипломатиялық байланыс орнатқан ел екенін мемлекетіміз бен өз атымнан айта аламын. Алдағы уақытта жаңа белестерге қол жеткіземіз деп ойлаймын. Екі ел арасындағы және парламентаралық қарым-қатынасты дамыту үшін бар күш-жігерімді аямаймын”, деді.
Тараптар ынтымақтастық келісімдердің нәтижесінде соңғы жылдары екі ел арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтеру қажеттігіне тоқталды. Қазір барлық мүмкіндіктер жүзеге асып отырмағаны айтылды. Еліміз “Еуропаға жол” бағдарламасын іске асыру үстінде. Сонымен қатар, Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму жолы айқындалып отыр. Еуропалық одаққа енген елдермен ынтымақтастықты нығайту мақсаты көзделуде. Соның ішінде Бельгиямен арадағы байланысты жандандыру еліміз үшін маңызды. Сондықтан сауда-экономикалық айналымды жақсарту қажеттігі сөз болды.