Аталған кеңес негізінен халықты бірлікке, татулыққа үндейді әрі халқымыздың ежелден қалыптасқан қарапайым адамгершілік қағидаларын насихаттайды. Кеңес құрамында ауылдық окургтердің ардагерлері, аналар мен жастар, меценаттар мен мешіт имамдары, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың және этномәдени бірлестіктердің өкілдері де бар. Осы уақытқа дейін Ауқатты және Сортөбе ауылдарында 3 кездесу ұйымдастырылып, оған 400-ге жуық адам қатысқан. Сонымен қатар аудандағы әрбір ауылдық округте әйелдер мен жастардың қоғамдық кеңесі құрылуда.
Бүгінде көпшілікті бейбітшілік пен татулыққа үндеу маңызды. Осы орайда ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында Жамбыл облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен Қаракемер, Ауқатты, Қарасу, Масанчи және Бұлар батыр ауылдарында әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған әдеби постулат, түрлі анимациялық және көркем фильмдер көрсетілімі өтті. Мұнда Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасы көпшілік назарына кемеңгер ойшыл туралы маңызды мәліметтер ұсынды. Сондай-ақ, көрсетілген фильмдерде татулық, бірлік пен бейбітшілік сынды құндылықтар көрініс тапқан.
Сол сияқты Қордай ауданының бірқатар ауылдарында Жамбыл облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен де түрлі шаралар өтуде. Мұндағы мақсат – жас ұрпақты білімділікке, парасаттылыққа тәрбиелеу. Ауылдарда рухани-мәдени шаралар наурыз айының соңына дейін жалғасады. Оның ішінде «Мен елімнің ұланымын!» атты 5-10 сынып оқушылары арасында шығарма жазу байқауы, жергілікті жерлердегі этнос бірлестіктерімен бірлескен «Ұлт ұлысқа ортақ үй – Қазақстан» атты фестиваль, «Ұстазыма алғыс!» алғыс айту акциясы, «Армысың, әз Наурыз!» салт-дәстүрлер кеші сияқты шаралар бар. Сонымен қатар түрлі шаралар аясында көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілетін болады.
Жамбыл облысы