Аймақтар • 27 Ақпан, 2020

Алматылық соғыс ардагеріне Президенттен хат келді

565 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақпан айының басында Ұлттық ұланның жауынгерлері Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» тағзым эстафетасы аясында әйгілі Панфилов дивизиясының жауынгері, Алматылық Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаевтың  үйінің ауласында салтанатты шеру ұйымдастырған болатын. Ардагер өзіне көрсетілген құрметке ризашылық білдіріп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс хат жолдаған еді. Көп кешікпей Мемлекет басшысынан жауап та келді.

Алматылық соғыс ардагеріне Президенттен хат келді

Ардагерге арналған хат  Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына келіп түскендіктен, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары полковник Ниязтай Әлкешев бастаған әскерилер Қайырлы Уатайұлының үйіне барып, ел Президентінің хатын табыс етті.

Жүрекжарды хатта: «Құрметті Қайырлы Уатайұлы! Ізгі тілекпен және ыстық ықыласпен жазған хатыңызды алдым. Жылы лебізіңіз үшін шын көңілмен алғысымды білдіремін. Биыл елімізде Ұлы Жеңістің 75 жылдығы кең көлемде аталып өтеді. Бұл – ең алдымен, өзіңіз сияқты ардагерлерімізге көрсеткен құрметіміз. Сіздердің зұлмат жылдардағы ерліктеріңіз ешқашан ұмытылмайды.Соғыстан кейінгі адал еңбектеріңіз де өскелең ұрпақ үшін әрдайым үлгі-өнеге. Сіздер Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына зор үлес қостыңыздар. Сондықтан өздеріңізді ардақтап, ерліктеріңізді дәріптеу – азаматтық әрі перзенттік борышымыз. Сізге зор денсаулық, әулетіңізге амандық тілеймін! Жүзге жетіп, ғасыр тойын тойлаңыз! Ұрпағыңызбен мың жасаңыз!» деп жазылған.

Мемлекет басшысынан хат алған қарияның көңілі шалқып, риза болды: «Құрметтеріңе рақмет, айналайындар! Ең алдымен еліміз  аман болсын. Маған уақытын бөліп лебізін білдірген Президентімізге  ризамын! Еліміз үшін атқарып жатқан қызметі баянды болып, үлкен жетістіктерге жетейік.   Мемлекетіміз дамып, болашағымыз баянды болсын. Келешек жастардың қолында. Олар соны білуі керек», - деді ардагер.

Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынды.  

Ардагер соғысқа басынан аяғына дейін қатысқан. 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші бола жүріп,   Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинмен бір сапта шайқасқан. Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан.    1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған жауынгер жеңісті Дрезденде қарсы алыпты.

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51