Бұл – көзі тірісінде: «Мен өз партиямның және өз туған елімнің жауынгерімін» дейтұғын антына адал, Отанына шексіз берілген жауынгер-коммунист туралы естеліктің бір үзігі.
1912 жылы дүние есігін ашқан Б.Амантаев 6 жасынан бастап Ақмола қаласындағы жетімдер үйінде тәрбиеленді. Сол жерде фабрика-зауыттық оқыту мектебін тәмамдап, Петропавл қаласындағы темір жол көлігі техникумына оқуға қабылданды. Жас кезінен қоғамдық жастар қозғалыстарына белсене қатысып, комсомолдың қайнар көзінде болды. Сол еңбегі ескеріліп, кейін 1934 жылы жастарды тәрбиелеу ісінде белсенділік танытқаны үшін Нұра аудандық комсомол комитетінің хатшысы болып сайланды. БКП (б) коммунистік партиясына қабылданды.
1937 жылы Коңырат ауданының (Қарағанды облысы) партия комитетінің хатшысы болып ауыстырылса, араға төрт жыл салып 1941 жылы қаңтарда БКП (б) комитетінің шешімі бойынша Ленинград қаласындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Осы тұста соғыс басталып, оқуын аяқтамастан майданға шақыртылды. Мәскеу қаласын қорғаушылардың бірі болды. Тіпті атты әскер қатарында да соғысты. 1941 жылы қыркүйек айының ортасында алғаш рет жарақаттанып, денсаулығы түзелгеннен соң В.Ленин атындағы әскери-саяси училищенің жеделдетілген курсына жіберіледі. 1942 жылғы қарашада училищені ойдағыдай тәмамдап, бірден саяси жетекші ретінде ұрыс шебіне аттанды.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Б.Амантаев 302-Тернополь дивизиясының құрамындағы 827-атқыштар полкінде рота саяси жетекшісінің орынбасары болып, Солтүстік Кавказ майданына қатысады. Кейін 3016-Темрюк дивизиясының 1075 полкінің 2-батальонында парторг болыпты. Кезекті жарақаттан айыққан соң, 1-Украина майданына жіберіледі. 60-армия қолбасшылығының шешімі бойынша екі мәрте «Қызыл Ту» орденді 246-Шумск дивизиясының 914-полкінде саяси бөлім командирінің орынбасары болып тағайындалады.
Соғыста жауынгер болып қана емес, саяси жетекші жұмысын атқарды. Жауынгерлермен тәрбие жұмыстарын да жүргізді. Ол өзге де саяси жетекшілер, комиссарлар сияқты блиндаждар мен окоптарды аралап, посттарды тексеріп, жағдайды біліп тұрған екен. Жаны мен тәні қажыған жауынгерлердің еңсесін тіктеп, құлазыған көңілін көтеріп, жас сарбаздардың тілеуін тіледі. Түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарына жүйелі түрде жетекшілік ете білді. Тіпті саяси сабақтар жүргізуге де уақыт тауып отырды.
Соғыс кезінде саяси жетекшінің атқарған жұмысын бағалау қиын. Олар әрқашан ерлік пен намыстың, қаһармандықтың үлгісі болғанын айту қажет. Саяси жетекшілер жауған оққа қарамай, майдандастарын шабуылға шақырды. Сарбаздардың жігерін жанып, олардың мойымауы, берілмеуі, кері шегінбеуі үшін рухтарын шыңдады.
Б.Амантаевтың жауынгерлік әрекеттері туралы соғыс хроникасы былай өріліпті. 1943 жылы 31 желтоқсанда темір жол тораптарының бесінші жол айырығы үшін ұрыста автоматшылар командирі қаза болып, әкеміз қолбасшылықты өз қолына алады. Іле-шала сарбаздарды шабуылға бастап шығып, кескілескен шайқаста взвод немістердің қорғаныс шебін бұзған екен. Шепті бұзып қана қоймай, жаудың екі сарбазын қолға түсіріп, фашистердің үлкен тобын жояды.
1945 жылғы қысқы шабуылдағы ұрыс алдында жауынгерлерді соғысқа дайындай отырып, жеке құрам арасында үгіт жұмысын жүргізді. Краков бағытындағы және одан әрі оңтүстік-батыстағы майдандарда қарамағындағы жауынгерлердің жігерін жанып, батальонның, жеке құрамының жоғары моральдық жай-күйін қамтамасыз ете алды. Сондай-ақ барлық әскери міндеттерді табысты орындады. Б.Амантаев қауіпті елең қылмай, үнемі соққы беретін топта болды. Жеке басын үлгі етіп, сарбаздарды жігерлендірді.
Бірде рота жау оғының астында қалған Максвальдау елді мекенін басып алады. Сол сәт Б.Амантаевтың жеке ынтасы бойынша миномет ротасы шақырылып, соның тасасында ротаны шабуылға көтереді. Сөйте жүріп
1945 жылы 5 сәуірде ауылдың шетіне шығыпты.
Б.Амантаевтың ендігі бір ерлік ісін ерекше атап айтқымыз келеді. Оның 1943 жылы 6 мамырда алған жарақаты өте ауыр болды. Соғысқа жарамсыз деп танылып, үйге жібереміз дегенде ол кісі бас тартқан екен. Командирлерін қатарда қаламын деп көндіреді. Алайда Б.Амантаев Берлинге дейін жете алмады. 1945 жылы сәуірде оқтың жарықшағы иығынан ауыр жаралады. Польшадағы госпитальға түсіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Бірақ ол үшін соғыс аяқталған жоқ еді. Бандеровшылардың шабуылына ұшырап, тағы жарақаттанып, Украинадағы госпитальда емделеді.
Таңғаларлық тағдыр иесі небір сыннан өтсе де тірі қалды. Ақыры 1945 жылы қарашада аға лейтенант шенімен туған үйіне – Ақмола қаласына оралды.
Ерлігі елеусіз қалмай «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Кавказ қорғанысы үшін», «Қаһармандығы үшін», «Германия түбіндегі жеңіс үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.
Соғыс аяқталған соң мүгедектігіне қарамастан, қоғам игілігі жолындағы қызметін жалғастырды. Ақмола облыстық атқару комитеті жанындағы көші-қон бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. Кейін Вишнев аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Бұдан соң Қорғалжын ауданындағы машина-трактор стансасының бастығы болып жұмыс істеп, сол жерден денсаулығына байланысты мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шықты. 1979 жылы өмірден озды.
Кенжебек АМАНТАЕВ
НҰР-СҰЛТАН