Руханият • 28 Ақпан, 2020

Өзара құрмет пен сыйластық мейрамы

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар биыл 1 наурыз – Алғыс айту күнін бесінші рет атап өткелі отыр. Алғыс айту күні – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дәстүрлі мерекеге айналған, елімізді дамыту жолында тер төккен барша қазақстандықтардың бір-біріне ілтипат білдіретін атаулы күн. Бұл – ішкі мазмұны қазақ халқы мен еліміздегі түрлі этностардың ортақ тарихына құрмет көрсетуге үндейтін мереке.

Өзара құрмет пен сыйластық мейрамы

Осынау мереке қарсаңында Елбасының 2016 жылы 1 наурызда елордада Алғыс айту күнін атап өтуге арналған алғашқы салтанатты жиында: «Алғыс айту күні – енді ұлттық күнтізбедегі Еңбек күні, Отбасы күні сияқты өзге де мерекелердің қатарындағы жаңа дата. Мен бұл мереке қазіргі уақытта аса қажет біздің қоғамдағы сенімді, келісім мен достықты бұрынғыдан да нығайта түсетініне сенімдімін», деген сөзі еске түседі. Иә, расында бұл мереке қысқа ғана уақыттың ішінде барша қазақстандықтардың қолдауына ие болып, рухани өмірімізден лайықты орнын тапты. Сондай-ақ оның «Мəңгілік ел» идеясы және қоғамдық келісімді дамыту міндеттерімен толық үйлесетіні көңілге жылылық ұялатады.

Негізінде, Алғыс айту күнінің мәні Қазақстанға күштеп қоныс аударылған түрлі этностар өкілдеріне меймандос қазақ халқына алғыстарын білдіруге мемлекеттік тұрғыда мүмкіндік берілуімен тікелей қатысты. Бұл өз кезегінде ел бірлігіне ұйытқы болар ішкі үндестіктің орнығуына ықпалын тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ мемлекеттік сындарлы саясаттың мазмұнын аша түсетін Алғыс айту күні қайырымдылық істерге, өзара көмекке назар аудару күні ретінде де қарастырылады. Бұған қоса, осы мерекеде қоғамдық келісім мен жарасымдылықтың маңыздылығы да айшықтала түседі.

Алғыс айту күнін атап өту барысында қазақтың кеңпейілділігі, мейі­рімділігі баршаның жадында қайта жаңғырып, ұлтымыздың адами құндылықтары айқын көрінеді. Әсіресе, бұл мерекеде еліміздегі түрлі этнос өкілдерінің санасында қазақ халқының өздеріне көрсеткен қамқорлығы әсерлі жаңғырады.

Қорыта айтқанда, бұл – ел ынтымағын нығайтып, мемлекет мүддесін бір арнада тоғыстыратын жаңа сипатты мереке.

(Алғыс айту күніне арналған арнайы материалдарды 3-беттен оқисыздар).