Аймақтар • 28 Ақпан, 2020

Ауыр сынақ, қиын сұрақ

389 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сәрсенбі күні Петропавл қаласында ауа райы ерекше мінез көрсетіп, бұршақ аралас жаңбыр жауды. Оның үстіне қатты жел тұрып, көкмұздаққа айналған қала көшелерінде жаяу жүргіншілерді ұшырып жіберу қаупі туды.

Ауыр сынақ, қиын сұрақ

Осының кесірінен Петропавл ауруханаларының жарақат бөлімдеріне 39 адам жүгінген. Бір қызығы, Нұр-Сұлтан қаласында мұндайда алдын ала ескерту жасайтын 112 қызметі Петропавлда шабандық көрсетіп, тек екінші күні ғана мектеп оқушыларына сабақ болмайтындығын жариялады.

Жалпы, биыл Солтүстік Қазақстанда қалыптағы қыс болған жоқ. Қаңтар айының қақауға тиісті күндері де құлақ тоңғызбайтын бірсыдырғы ғана салқын болды. Ал ақпан айы қалыптағы наурыз айына ұқсап, жылымық болып, арасында қар да еріп, ол кешке және түнде қатып, көк мұзға айналып  жатты. Мұның қандай себебі бар екенін ешкім білмейді. Қаладағы тосын апатқа ұшыраған адамдар алдымен апарылатын №3 аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі В.Грибашевтің айтуына қарағанда, барлығы 94 адам емделуде екен. Солардың негізгі бөлігі көктайғақтың кесірінен түскендер. 

Осы күндері республикалық қана емес, облыстық маңызы бар автожолдар да тегіс жабылды. Алайда бұрын жолға шығып кеткен республикалық жолдардағы жолаушылар қиыншылықтарды бастарынан кешуде екенін Жол полициясының аға инспекторы Б.Байғаскина хабарлады. Оның айтуына қарағанда, Мағжан Жұмабаев ауданының аумағы арқылы өтетін «Челябі-Новосібір» автожолында 60-тан астам көлік жүре алмай, кептеліп қалған.

«Біздің патрульдік полиция қызметкерлері аталған автокөліктердің өтуіне мүмкіндіктер тудыруда. Оған қажетті барлық жұмыстар жасалуда. Әзірге облыс аумағында жол көлік оқиғалары тіркелген жоқ» деді ол БАҚ-қа арнаған сөзінде.

Дәл осы күні облыстық әкімдіктің отырысы болып, онда негізгі мәселе ретінде биылғы көктемдегі қарғын суынан қалай сақтану мәселелері талқыланды. Биылғы қалың жауған қардың кесірінен облыс бойынша 92 елді мекен мен Петропавлдың шеткі аумақтағы 250-ге жуық  үйін су басуы мүмкін. Казгидромет мамандарының айтуынша, бүгінге дейін жауған қардың қалыңдығы кей жерлерде  48 см-ге дейін жетеді. Соның салдарынан қар суының мөлшері нормадан екі есе жоғары болмақ. Өткен жылдардың тәжірибесін ескере отырып, су басу қаупі жоғары елді мекендердің 60-ының маңында топырақтан бөгет жасалып жатыр. «Қазгидромет» РММ СҚОФ директоры Қымбат Мерғалиеваның айтуына қарағанда: «Қазір облыстың өзен-көлдерінде су молынан жиналған. Сергеев су қоймасы 95 процентке толы, бұл 2017 жылдың көрсеткішке сәйкес келеді. Биылғы қыс ерекше жылы болғандықтан, көктем ерте келіп, мұз тез ериді. Наурыздағы орташа ауа температурасы -6 градусты құрайды. Бұл нормадан 1 градусқа жоғары». 

Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловтың айтуына қарағанда: «Биыл Слеті өзенінің бойындағы Уәлиханов ауданының  Қулыкөл мен Қаратал ауылдарын су басу қатері мол. Өйткені, бұл өзенге жиналатын еріген судың мөлшері нормадан 1,5 есе көп. Осыған байланысты аудан әкімдігі алдын ала техниканың дайындығын тексеріп, қажет жағдайда көрші облыстың көмегіне жүгінуге дайындалуы қажет». 

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов та бұл мәселеге қатты алаңдайтынын білдірді. Ол өзінің сөзінде: «Биылғы көктем қиын болмақ. 2017 жылғы жағдай қайталанбас үшін жұмыла шара қолдануымыз қажет. Ауыр техниканы дайындаңыздар. Біздің техникамыз жетпесе, көрші өңірлерден сұраңыздар», - деді.

Қалай десек те, биылғы көктем облыс пен аудан басшыларының іскерлігіне үлкен сынақ болғалы тұр. Тек іскер басшылар ғана қиындықты еңсере алатындығы даусыз.

 

Солтүстік Қазақстан облысы