Қазақстан • 29 Ақпан, 2020

Ассамблея мүшелері әскери бөлімге барды

482 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматының іргесіндегі Боралдай елді мекенінде орналасқан Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі   №2022 әскери бөлімінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ еліне деген ықылас-алғысын көптің алдында, жариялы түрде білдіруіне  мүмкіндік кездесу өтті.

Ассамблея мүшелері әскери бөлімге барды

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  Жарлығымен аталып өтетін   Алғыс айту күнінің мәні ерекше. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстан жеріне еріксіз қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына терең тағзымның белгісі. Сонымен қатар аға ұрпақ өкілдеріне, ата-ана, туыс-бауырға шынайы сезіммен ризашылық білдіретін күн. Әскери бөлімнің қызметкері, майор Айдын Түсіпжанов ең алдымен өзі қызмет ететін бөлімнің жұмысы туралы таныстырып өтті. Еліміздің оңтүстігі  мен солтүстігі, батысы мен шығысындағы шекарасында төтенше жағдай орын алса, бас –аяғы бірер сағатта барып, қосымша күш ретінде жұмылуға маманданған әскери бөлімнің әрбір сәті сын-қатерлер мен тәуекелдерден тұрады екен. «Біздің жұмысымыздың өзі құпия. Біз мұны жариялы түрде айта алмаймыз. Мұнда елінің біртұтастығына өмірін арнаған ерлердің есімін елі білуі міндетті емес» деп санайтын бүгінгі заманның батырлары қызметте деп сеніммен айта аламын. Мұнда әсіре патриотизммен ада, өзін-өзі жарнамалауға жаны қас, бірақ өмірін, басының амандығын елдің біртұтастығы мен қауіпсіздігінен бөле-жара қарай алмайтын азаматтар елдің шебінде жүр» деп атап өтті майор Айдын Түсіпжанов.  

Осы жиынға іргедегі Алматыдан келген  Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері сөз алып, Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын күні екендігін тілге тиек етті. Түрік мәдени орталығының өкілі, Қазақбай Касимов  Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа дәстүрі «Мәңгілік Ел» бірлігін ортақ тарих және тарихи сана негізінде нығайту мен дамытуды көздейтінін айтты.

«Осы күн тағдыр тоғыстырған Қазақстанның көпэтносты халқының ортақ тарихын құрметтейтін, қайырымдылық дәстүрлерін, әлеуметтік ынтымақты және өзара көмек көрсетуді қолдайтын күн. Бұл – репрессия мен жер аудару жылдарында біздің халық көрсеткен мейірімділік пен адамгершілік сынды рухани дәстүрлер күні» деп атап өтті  «Ахыска» түрік этномәдени орталығы төрағасының орынбасары Қазақбай Касимов.

Сондай-ақ, ол Алғыс айту күні қазақстандық патриотизмнің, достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын күні екендігін тілге тиек етті.

Айтпақшы,  Қазақстанда тұратын  130 ұлт өкілдерінің арасында ауған ұлтының да өкілдері барын  осы жиында білдік. Олардың тіпті «Арианна» деп аталатын мәдени орталығы жұмыс істейтінін білгенде табалдырығынан аттаған бірер ұлтқа да мәдени орталық ашып беруге асық тұратын «қонақжайлымызға» тағы да бір көз жеткердік. Осы орталықтың басшысы Восток Ахматтулла осыдан бірнеше жыл бұрын Ауғаныстаннан келіп, Алматыда тұрақтап қалыпты. Кейін өзі тәрізді қазақ жеріне келіп, тұрақтап қалған ауғандықтардың басын қосып, Қазақстан халқы Ассамблеясына тіркелген.

 «Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған күн – 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және мейірбандық танытып, ол адамдарды өз туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Осы күн бізді бір-бірімізге бұрынғыдан да жақындастыра түспек. Бұл күнді мен мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір біріне деген достығы мен махаббатының жарқын мерекесі деп қабылдаймын. Алғыс айту күні – Қазақстан халқын мәңгілікке біріктіруге бағытталған «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының, еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астына топтастыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының күні, – деп атап өтті Восток Ахматтулла.

Жиын соңы әскери жауынгерлердің Ассамблея мүшелерімен еркін әңгіме сұхбатымен жалғасты.