Аймақтар • 02 Наурыз, 2020

Байтақ елден бақыт тапқан

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тіршілікке енді талпынып келе жатқан құйттай сәбидің есінде не қалсын... 1937 жылы отбасы Хабаровск қаласынан эшелонға еріксіз тиеліп, бұрын ата-бабасы аяқ басып көрмеген қазақ даласына қарай бет алғанда Вилорий Шин бар болғаны 1 жасты енді толтырған екен. Заман түзелгенге дейін үлкендер сол депортация жайлы ара-тұра айтып қалатын. Үй-жайынан еріксіз ажырап, бір түнде пойызға мінгендер арасында ұзақ жолды көтере алмай үзіліп кеткендер де болыпты.

Байтақ елден бақыт тапқан

 

Басқа салғанға үнсіз көн­ген көн­терілі корейлердің бір тобы Қызыл­орда облысы­на қо­ныс­­танды. Шиелі ауданын­дағы Сұлутөбе стансасы тұрғын­дары­­ның қатарын қалыңдатқан топ ішін­де Шиндер әулеті де бар еді. Азап ваго­нын­дағы ауыр­лықты көтере ал­маған әке­сі мен шешесі көп ұзамай көз жұма­ды. Немере ағасы Иннокентий Цхай­­дың үйінде ержеткен Вило­рий бірін­ші сыныпты облыс орта­лығындағы қазақ мектебінде оқып, кейіннен орыс мектебіне ауысты.

Сан этносты саясына сыйғыз­ған сол Сұлу­­төбе әлі де көз алдынан кетер емес. Кей­­де тіпті түсіне кіріп, бодаусыз баяғы­ның бұйдасында кеткен балалығын еске са­ла­­­тыны бар. Қазақтар бұларды жатсы­нып, шеттеткен емес. Қайта езуінен жы­рып енші беріп, қатарға қосылып кетуі­не жағ­дай жасады. Өзі қатар ойна­ған бала­лар­­дың да бөтенсіге­нін байқаған кезі жоқ. «Ме­нік­і, сенікі» деп бөлінбейтін ауылда бір үйден нан тістеп шығып, келесі үйден айран ұрттап жүре беретін көп баланың бірі болды.

Кішкентайынан спортты жақсы көрді. Кейін осы хоббиі оның ұстаз атануына септігін тигізді.

Ағайындары Сұлутөбеде қалып, өзі жас маман ретінде Қазалы ауданына алғаш барған кезі әлі есте. Жаңа қоныста да өзге этностар жетерлік екен, бірақ бәрі қазақша сөйлегенде жер­­гілікті жұрттың өзін жаңыл­дыра­тындай. Стансадағы №16 мек­тепте алдымен еңбек және сызу сабағынан дәріс берді. Содан соң дене шынықтыру пәні­­нің мұғалімі болды. Кейін жо­ғар­ы оқу орнында білімін жалғас­тырып, тарих пәні мұға­лімі мамандығын алды. Осы мек­тепті басқарды.

– Біз қазақ халқына бо­рыш­тармыз. Жасың келген сайын бейбіт өмірдің бағасын біле түседі екенсің, ондайда баяғы «Қазақтарды сыйлаңдар, біздің тірі жүргеніміз, сендердің аман­дық­тарың осы бауырмал ұлттың арқа­сы» дейтін аталарымыздың өсиеті еске түсе кетеді. Біз де қазір жастарға осыны сәт сайын ай­тып отырамыз, – дейді кейіп­керіміз.

Қазір «біз Шиннің шекпені­нен шыққанбыз» дегенді мақ­танышпен айтатын шәкірттері көп. Олардың бірі Шәкен Ай­манов атындағы киностудия про­дюсері, тәлімін көргендер ара­сында дәрігер, газ саласының білікті маманы, экономист те бар.  Осыдан төрт жыл бұрын 80 жасқа толған мерейтойын атап өткенде әлемнің әр қиырынан жинал­ған оқушылары ұстаздарының мерейін көтерді.

Ұзақ жылғы педагогикалық қызметі жоғары бағаланып, «Қазақ КСР-і білім беру ісінің үздігі» атанды. Бірнеше мәрте республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, өзінің бай тәжіри­бесімен бөлісті. Вилорий ұстаз үшін ең үлкен марапат 2014 жылы ҚХА қыз­метін дамытуда қосқан үлесі үшін  Елбасы­нан алған «Құрмет грамотасы» болды. 

Қарындасы қызын қазақ жігі­тіне ұзататын ойы барын айт­қанда жиенінің әулеттің дархан көңіл ұлтпен достығын бекіте түскенін мақұл көрген кейіп­керіміз қуана келісіпті. Сонау жүрегі жалын атып тұрған жас кезінде  Шынәлі Байділдаев, Қалап­берген Пірімжанов, Асыл­бек Жұмабаев секілді азамат­тар­мен қатар жүрді. Сол сыйлас­тық жылдар өте арадан қыл өтпейтін достыққа айналды.

– Біздің облысқа көбіне Корей Республикасынан арнаулы орталықтар келіп, кішігірім кездесулер өтіп тұрады. Сондай кездесудің бірінде маған корей журналисі: «Сіз Оңтүстік Кореяның халқын жақсы көресіз бе, әлде Солтүстік Корея жұртын жақын тартасыз ба?» деген сауал қойды. Оған мен «бейбітшілікті жақсы көремін» деп қысқа жауап бердім. Байқаймын, менің жауабыма көзін ашқалы бір ұлттың екіге бөлініп, сан жылдар бойы қырқысып келе жатқанын көріп өскен қандасымның көңілі толмай кетті. Қазақ жерінде өмір сүрген корейлердің ой-санасы олардан басқаша екендігіне осы жолы көзім анық жетті. Өйт­кені, біз достық мекенінің тұр­ғынымыз, – дейді ақсақал.

Жас кезінде ел ішіндегі ақ­сақал­дарға сәлем бере жүріп талай әңгіме тың­дағаны бар. Сондайда қарттар тәлім­ді сөзін «Адам басына бақтың қон­ға­нын білмейді, ұшқанын біледі» деп тү­йін­дей­тін. Ынтымақ пен бере­кені ерте жү­ре­тін сол бақ қазір Қазақ елінде. Тәуел­сіз елдің бас­ты табысы да осы. Ви­ло­рий ақсақал осы таудай табысқа тыр­­нақ­тай болса үлес қосқанын мақтан етеді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА