Бұл туралы ақпараттық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева айтып өтті.
Сондай-ақ былтыр үшінші мегаполисте «Туған жер» жобасы бойынша 5-7-сынып оқушыларына арналған «Өлкетану», «Өлкетану хрестоматиясы» кітаптары жарық көрген. Бүгінде қаладағы білім ұяларында оқушылар осы оқулықтан нәр алып, туған өлке тарихымен танысуда.
Ал аталған бөлім тарапынан «Кітап оқып, рухани бай бол!» байқауы, республикалық «Тұлпар мініп, ту алған!» батырлар жырын жатқа айтуға арналған байқауы ауқымды түрде өткізіліп келеді.
«Қаламызда өткен жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 742-ге жуық түрлі іс-шара ұйымдастырылды», деді Зәуре Оралбаева.
Жылдың басты іс-шарасы ретінде алда келе жатқан Наурыз мерекесінде Шымшаһарда ТМД елдерінің мәдени астанасы жылының ашылу салтанаты өтеді. Онда Этноауыл ашылып, қоғамдық және мәдени демалыс орындарында қазақтың халық әндері мен күйлері орындалмақ.
Мұнан бөлек, әл-Фарабидің – 1150, Абайдың 175 жылдық мерейтойы танымдық, тәрбиелік мақсатта жоғары деңгейде атап өтілмекші.
ШЫМКЕНТ